Суару маусымы басталғалы бері шаруаларға 2,5 млрд текше метрден астам су берілді

Еліміздің оңтүстік облыстарындағы шаруаларға суару маусымы басталғалы бері 2,5 млрд текше метрден астам су берілді. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруа қожалықтарымен суармалы су беру бойынша 20 мыңнан астам шарт жасасты. Бұл туралы Министрліктің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Алмас Мұсабеков пен Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, Түркістан облысында су алу 1,3 млрд текше метрді құрап, 276 мың гектар жер суарылды. Қызылорда облысында су алу 950 млн текше метрді құрады. Суарудың жалпы ауданы 105 мың гектарға жетті. 

Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы 31 мың гектар егіс алқабын суару үшін 107 млн текше метрден астам су берді. Жетісу облысының шаруаларына 127 млн текше метр су беріліп, 18 мың гектардан астам жер суарылды, 11 мың гектардан астам жер ылғалдандырылды. Д. Қонаев атындағы «Үлкен Алматы каналы» филиалы 5210 гектарды суаруға 33 млн текше метр су берді.

Жалпы тұрақты суаруға бөлінген 11,6 текше шақырым судың 11,4 текше шақырымы еліміздің оңтүстігіндегі 5 облысқа тиесілі. Бұл Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары. 5 облыстағы жалпы суару алаңы 1,2 млн гектар немесе ел бойынша барлық суармалы жердің 78%-ы. 

Күннің ерте жылынуы мен суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуірдің ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның, маусым айының алғашқы аптасында қарбыздың алғашқы өнімі алынды.

«Көктемде ауа райының әдеттен тыс жылы болуына байланысты вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімдермен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды. Бұл суару маусымының тағы бір ерекшелігі – вегетация алдындағы кезеңде топырақта ылғалдың аз болуы. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Атап айтқанда, топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артты. Бұл суармалы су көздеріне қосымша жүктеме түсірді. Өздеріңіз білетіндей, елімізде ауыл шаруашылығы саласы ең ірі су пайдаланушы, оның үлесі елдегі жалпы су тұтынудың 65%-ын құрайды», — деп түсіндірді министрліктің ресми өкілі Алмас Мұсабеков.

Биыл «Қазсушар» филиалдары шаруалармен суармалы су беру жөнінде 20 402 келісімшарт жасасты. Өз кезегінде, Министрлік өкілі «Қазсушар» филиалдары мекемемен келісімшартқа отырған шаруаларға ғана суармалы су берілетінін ескертті.   

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Мәселен, Арал–Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады. Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Айта кетерлігі, жаңа Су кодексінде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілген. Құжат 10 маусымда күшіне енеді», — деді ол.

Қырғыз Республикасымен жасалған келісімге сәйкес, биылғы вегетациялық кезеңде Қазақстанға Шу өзені арқылы 180 млн, ал Талас өзені арқылы 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр. Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд текше метр су түседі деп жоспарлануда.

Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, 30 мамырда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітілді. Бұл құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жеткізіледі деп күтілуде.

Айта кету керек, елімізде қабылданған жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, су саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді.

Аталған құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді. Яғни, ол – халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын қорғауда еліміздің мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Су көздерінің тартылып кетуінің алдын алу үшін «экологиялық ағын» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі.

Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл жоспарларда судың болашағы мен болжамдарына қарай нақты мақсаттар, міндеттер мен шешу жолдары анықталады. Бұл жоспарлардың қорытындылары мемлекеттік саясатты жоспарлауда ескеріледі.

Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, жергілікті биліктің қателіктерін түзету туралы ұсыныстар бере алады.

Сондай-ақ су нысандарын қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерге баса назар аударылған. Атап айтқанда, енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға тиіс.

Еліміздің қоймаларына су жинау туралы: 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26 млрд текше метр су жиналды. 

Ал 2 маусымдағы жағдай бойынша Алматы және Жетісу облыстарындағы ірі су қоймаларына 18,8 млрд текше метр су жиналды. Бұл жобалық сыйымдылықтың 85 пайызы. 

Суару маусымының алдында Жамбыл облысында Киров су қоймасын қоса алғанда 1 млрд 245 млн текше метр су немесе 82% су жиналды. 

Вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есе артық.

Оған қоса биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарының техника паркін жаңарту үшін қаржылық лизинг аясында 757 арнайы техниканы сатып алуды бастады. Қазіргі уақытта филиалдарға 303 техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалық жолмен тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылып жатыр.

Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері су үнемдеу технологияларын, түнгі және кезектесіп суаруды қолдану қажет.

Министрлік шаруаларды суды үнемдеуге ынталандыру үшін инфрақұрылымды қосу кезінде суды үнемдейтін технологияларды сатып алуға, орнатуға және ұңғымаларды бұрғылауға кеткен шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды.

Сондай-ақ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаевтың айтуынша, суару суына арналған субсидиялар тариф құнына қарай сараланған мөлшерде енгізілді. Су үнемдейтін технологияларды қолданатын фермерлер үшін субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды. Ал мұндай технологияларды қолданбайтындар үшін субсидия көлемі 2024 жылы 50%–75% болса, 2026 жылы 30%–55%-ға дейін төмендейді. 

«Жедел деректерге сәйкес, биыл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 91,5 мың гектарға жуық жерге су үнемдейтін технологиялар енгізілген. Олардың ішінде 15,6 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйелері, 28,4 мың гектарға тамшылатып суару жүйелері орнатылған, 47,5 мың гектар жер лазерлік тегістегішпен тегістелген. 2024 жылы су үнемдеу технологиялары шамамен 158 мың гектар аумаққа енгізілсе, соның ішінде оңтүстік өңірлердің үлесіне 130 мың гектарға жуығы тиесілі болған», — деді Берікбол Мәндібаев.

2025 жылы Түркістан облысында тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын үш зауыт ашу жоспарланған. Ал Тараз қаласында тамшылатып суару жүйелерінің өндірісі іске қосылды. Қазіргі уақытта елімізде жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу