05 Маусым 2026, 20:55
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Әр өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын ашуға және нақты секторда жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Мұндай жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отырған өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. 2026 жылдың 4 айы бойынша өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша оң динамика көрсетіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ел облыстары арасында үшінші орынға ие болды.

Өсімге машина жасау саласы елеулі үлес қосып отыр, онда өндіріс көлемі 1,5 есеге артқан. Сонымен қатар өңірде жаңа индустриялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамып, жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңғыртылуда.
Бұл көрсеткіштердің артында не тұр және мемлекеттік бағдарламалар облыс тұрғындарының күнделікті өміріне қалай әсер етіп жатыр? Бұл туралы Primeminister.kz сайты редакциясының шолуынан оқыңыз.
Зауыттар толық қуатында жұмыс істеп тұр: жұмыс орындары мен жаңа өндірістер
Президент белгілеген басымдықтардың бірі – өңдеу секторын дамыту және қосылған құны жоғары өндірістер құру. Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібі өңірдегі бүкіл индустрияның шамамен 84%-ын құрайды.
Негізгі драйвер машина жасау саласы болып отыр: төрт айда өңір зауыттары 106,1 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл жай ғана сандар емес. Осы миллиардтардың артында ірі еңбек ұжымдарының тұрақты жұмысы және қызметкерлердің ертеңгі күнге деген сенімі тұр:
● «ЗИКСТО» АҚ өнім шығаруды бірден 3,5 есеге арттырып, 75,4 млрд теңгенің нәтижесін көрсетті.
● «Мұнаймаш» АҚ зауыты ширекке жуық өсім көрсетіп (+26,7%), шамамен 2 млрд теңгенің жабдығын өндірді.
● Өңірдің басқа да флагмандары – С.М. Киров атындағы зауыт пен Alageum Electric тұрақты жұмыс істеп тұр.
Экономиканы әртараптандыру аясында өңірде шағын өндірістер дамытылып жатыр. Осылайша ірі секторларға тәуелділік азаяды. 2026 жылдың алғашқы төрт айында СҚО-да өнеркәсіптің сабақтас салаларында өсім тіркелді. Облыста жиһаз, құрылыс материалдары және пластмасса бұйымдары едәуір көп өндіріле бастады.
Тау-кен өндіру секторы төрт айда 2,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 21% өсім көрсетті. Бүгінде бұл салада ондаған кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Обухов тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Ол өңірге жаңа жұмыс орындарын береді.
Qyzyljar экономикалық аймағы: миллиардтаған теңге нақты жобаларға бағытталды
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Үкімет инвестициялық саясатты нақты экономикалық әсер беретін, толық циклді жаңа өндірістік қуаттар құруға дайын сенімді серіктестерді тартуға бағыттап отыр. Өңірде жеке капиталды тарту және ауқымды индустриялық жобаларды жүзеге асырудың негізгі алаңы ретінде Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.
Қазір мұнда 21 қатысушы тіркелген. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 409 млрд теңгені құрайды. Ең бастысы, бұл жергілікті тұрғындар үшін шамамен 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 6 өндіріс іске қосылып, онда 749 адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 63 млрд теңгеге тағы 6 зауытты іске қосу жоспарланып отыр.
Ірі жобалардың қатарында биыл күзде «Бейкертон» компаниясының үлкен нан-тоқаш комбинаты іске қосылады. Инвестиция сомасы 37,3 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 380 маманды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ Tiryaki Agro холдингінің май экстракциялау зауытын салу жоспарда бар. Ол тәулігіне 1,5 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Арзан шикі астықты шетелге сатудың орнына, өңір дайын күнбағыс, рапс және зығыр майын экспорттайтын болады. Президент талап етіп отырған бағыт та осы. Оның үстіне жергілікті кәсіпорындардың өніміне сұраныс қазірдің өзінде жоғары: өңір экспорты ЕАЭО елдерін есепке алмағанда 72%-дан астам өсті және оның басым бөлігі дайын азық-түлік өнімдерінен тұрады.

Елдің басты астықты өңір: ауылды қолдау және қайта жаңғырту
Солтүстік Қазақстан дәстүрлі түрде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Осыған байланысты өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамыту Президенттің ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы Үкімет пен отандық аграршылардың алдына нақты міндеттер қойды: ескірген шаруашылық жүргізу тәсілдерінен бас тарту, қолайсыз ауа райы факторлары мен монодақыл өндірісіне тәуелділікті азайту, сондай-ақ өсірілген барлық ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуді қамтамасыз ету.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет 2026 жылы СҚО аграршыларын қолдауға қомақты субсидия бөлді. Оның көлемі 90 млрд теңгені құрайды. Бұл – әрбір қазақстандықтың азық-түлік қауіпсіздігіне салынған тікелей инвестиция.
Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасының 39 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталды. Мұндағы негізгі шығыс бағыты – жерді қорғау және құнарландыру. Сапалы пестицидтер сатып алуға 22,7 млрд теңге, ал минералды тыңайтқыштарға 12,2 млрд теңге бөлінді. Тағы 3,8 млрд теңге егіс алқаптарында тек жоғары сапалы дән пайдаланылуы үшін тұқым шаруашылығын субсидиялауға бағытталды.
Биыл жалпы 4,3 млн гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Бұл ретте Президенттің әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын нақты көруге болады:
● Дәстүрлі дәнді дақылдарға 2,9 млн гектар бөлінді. Бұл егіс құрылымын әртараптандыру аясында былтырғы деңгейден 100 мың гектарға аз.
● Екінші жыл қатарынан 1 млн гектар жер нарықта сұранысқа ие және жергілікті қайта өңдеуге жіберілетін майлы дақылдарға, яғни рапс, зығыр және күнбағысқа бөлінді.
● Мал азығы дақылдарының алқабы 405 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл кейіннен мал бордақылауда және ет пен сүт бағасының тұрақты болуында маңызды рөл атқарады.
● Картопқа 8,6 мың гектар, көкөніске 1,4 мың гектар жер бөлінді. Былтыр картоп өнімділігі 172,3 ц/га, ал көкөніс өнімділігі рекордтық 354,8 ц/га болды.
Өңір ішінде шикізатты терең өңдеуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде облыста жылына 1,2 млн тонна ұн өндіруге қауқарлы 28 ұн тарту кәсіпорны жұмыс істейді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында жергілікті қайта өңдеуге шамамен 235 мың тонна дәнді дақыл жіберіліп, одан 165 мың тонна ұн өндірілді.
Солтүстікқазақстандық ұн тартушылардың өнімі облыс ішінде және Қазақстанның басқа өңірлерінде белсенді сатылып жатыр. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Қытай нарықтарына жеткізіледі.
Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет 8,3 млрд теңге субсидия бөлді. Негізгі басымдық заманауи сүт-тауар фермалары мен кешендерін құруға берілген. Оның нәтижесін облыс тұрғындары дүкен сөрелерінен көре алады: 4 айда сүт өндірісі 7,4%-ға өсіп, 100,8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ өңірдегі құс фабрикалары 201,5 млн данадан астам жұмыртқа өндірді.
Сонымен қатар солтүстікқазақстандық аулалар мен фермаларда мал басы көбейіп келеді. Ірі қара саны 350 мың бастан асты, қой мен ешкі саны 465 мыңға жетті, жылқы 6,6%-ға көбейіп, 172,7 мың басты құрады. Ал ең жоғары өсім шошқа шаруашылығында тіркелді – бірден 21,6%-ға артып, 173,5 мың басқа жетті.
Осындай үлкен алқаптарда жұмыс істеу үшін техникалық жарақтандыру деңгейі жоғары болуы қажет. Бұл бағытта Үкімет аграршыларға машина-трактор паркін жаңартуға қолдау көрсету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Егер былтыр техниканы жаңарту деңгейі 7% болса, биыл оны 8,5%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жалпы сомасы 88,6 млрд теңгеден асатын 3,5 мың техника сатып алынбақ. Қаржы құралдары арқылы СҚО аграршылары жалпы сомасы 29,9 млрд теңгеге 770 бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алды. Атап айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен паркті жаңартуға 41,7 млрд теңге қаржыландырылды.

Таза су, жаңа мектептер және ЖЭО-ны жөндеу
Бүгінде өңір бюджеті нақты әлеуметтік басымдықпен бөлініп отыр. СҚО-да халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы орындалды. Мемлекет су сапасының жоғары деңгейде сақталуы үшін бұл жүйені жаңғыртуды жалғастырып жатыр.
Жылу энергетикасы саласында желілердің тозу деңгейі «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру есебінен төмендейді. Биыл ЭКСЖ аясында жалпы сомасы 45,2 млрд теңге болатын 28 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оған 5,3 млрд теңгенің жылумен жабдықтау бойынша 5 жобасы, «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның жалпы сомасы 16,7 млрд теңге болатын электрмен жабдықтау бойынша 11 жобасы, сондай-ақ «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің жалпы сомасы 14,3 млрд теңге болатын 3 жобасы кіреді.
Келесі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі үшін «СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниясы Үкіметтің бақылауымен биыл Петропавл ЖЭО-2 қазандықтары мен турбиналарын жөндеуге 20,7 млрд теңге бағыттап отыр. Бұл ретте жоспарлы жұмыс бұған дейін де жүргізілді: 2025 жылы инвестициялық бағдарламалар аясында өңірде 5,1 млрд теңгеге 1,5 мың шақырым электрмен жабдықтау желісі және 227 қосалқы станция жөнделді. Сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге 7,3 шақырым жылу желісі реконструкцияланып, жөндеуден өтті. 2026 жылы инвестициялық бағдарламалар бойынша тағы 4,2 млрд теңгеге 1,4 мың шақырым желіні және 206 қосалқы станцияны жаңарту, сондай-ақ 1,4 млрд теңгеге 6,8 шақырым жылу желісін реконструкциялау жоспарланған.
Сондай-ақ Президенттің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдарды энергетикалық жаңартуға қаражат бөлініп жатыр. Егер 2025 жылы осы бағдарлама аясында 290 млн теңгеге 14,3 шақырым электр желісі салынса, 2026 жылы электрмен жабдықтау бойынша 5 жоба жалғасып, 4 жаңа нысанның құрылысы басталды. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 549,5 млн теңге бөлінді.
Төрт айда облыста 46,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспар – 340 мың шаршы метр. Петропавлда 20 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, биыл Бескөл ауылындағы емхананың, футбол манежінің, ауылдық спорт залдарының және «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынып жатқан 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады.
Барлық мемлекеттік қаражат қатаң түрде мақсатты жұмсалып жатыр: мамыр айындағы жағдай бойынша облыс бюджетінің орындалуы 100%-ға жуықтады. Өңір ең көп қаражатты білім беру саласына, 170 млрд теңге және ауыл шаруашылығына 106 млрд теңге бағыттап отыр. Бұл – әрбір жергілікті отбасының әл-ауқатын тікелей айқындайтын бағыттар.
#Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Экономика #Әлеуметтік қорғау #ӨңірлерҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу