ТМД елдері арасында диализатор шығаратын алғашқы зауыт Ақтөбе облысында салынады

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ 2023 жылдың 4 айы қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған тапсырмалары аясында қабылданып жатқан шаралар жайлы мәлімдеді.

Спикер өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталатынын атап өтті. Нақты секторда ауыл шаруашылығындағы өндіріс өсімі – 100,9%-ды, инвестициялар – 111,4%-ды, құрылыс жұмыстары – 115%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,1%, көлік және қоймалау – 113%-ды құрады. 

Өңірге инвестициялар тарту және қолайлы инвестициялық климат құру мәселелері басым бағыттардың бірі болып қала береді.

«Биылғы жоспарымызда 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қарастырылып отыр. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 7,3 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін 2,8 трлн теңгеге 16 маңызды жоба іске асырылмақ», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімінің айтуынша, 470 млрд теңгеге теміржол кластерін құру жоспарланған. Мұның аясында елімізде арнайы болат маркаларын шығаратын тұңғыш кәсіпорын бой көтереді. Зауыт шет елдерден жыл сайын $1 млрд-қа жұмсалатын арнайы болат дайындамаларын өндіруге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын алғашқы кәсіпорын («ПЗТМ LTD» ЖШС, 21,4 млрд теңге) және де Қазақстанның батыс өңірі аумағына жоғары технологиялық темір жол дөңгелектерін шығаратын зауыт («Ақтөбестил» ЖШС 168 млрд теңге) іске қосылады.

«Екіншіден, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін ERG компаниясымен 1,1 трлн теңгені құрайтын жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Маңызды құжатта Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бері жиналған шламдарды қайта өңдеу, облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, жалпы қуаттылығы 250 МВт болатын утилизациялық жарату стансасы және жел электр қондырғысын салу қарастырылған. Сондай-ақ компания «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» кенішінің екінші кезеңін жүзеге асыруды жоспарлап отыр», — деп абяндады Ақтөбе облысының әкімі.

Медицина саласын дамыту мақсатында 30 млрд теңгеге бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, ядролық медицина орталығы, медициналық бұйымдар шығаратын зауыт және ТМД елдері арасында диализатор шығаратын алғашқы зауыт салынады.

Инвестициялар жайына тоқталған Ералы Тоғжанов ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан мұнай қондырғы зауыты» компаниясы елімізде алғашқы болып мобильді бұрғылау қондырғылары және фонтандық арматура шығаратын зауытты іске қосатынын атап өтті. 

«Өздеріңіз білетіндей, елімізде битум тапшылығы – күн тәртібінде тұрған мәселе. Осыған байланысты өңірде «Батыс Битум» ЖШС битум зауытының құрылысы бойынша жоба іске асырыла бастады. Зауыттың қуаттылығы жылына 700 мың тоннаны құрайды. Бұл дегеніміз зауыт өнімдері тек Ақтөбе облысының ғана емес, еліміздің батыс өңірлерінің қажеттілігін жабуға толық мүмкіндік береді», — деп атап өтті спикер.

Ералы Тоғжанов сондай-ақ құрылыс жұмыстарының құнын төмендетуге ықпал ететін цемент зауытын салу жоспарланып отырғанын айтып өтті. Сонымен қатар құрылыста жылу үнемдейтін материалдар өндірісін ашу бойынша жұмыс басталды, онда шикізат ретінде өңірдің жеке қосалқы шаруашылықтарынан сатып алынатын қой жүні пайдаланылады.

Әрі қарай, Е. Тоғжанов халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» ауқымды жобасының іске асырылу барысы туралы мәлімдеді, «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ауылдың кешенді дамуына ықпал етеді.

«Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде ауыл мәртебесін көтерудің маңыздылығын атап өтіп, өзінің алғашқы Жарлығында ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Былтыр Ақтөбе облысында “Ауыл аманаты” жобасын іске асыру басталып кеткенін білесіздер. Мұндағы негізгі мақсат – ауылды барынша сақтап қалу, екіншіден, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, үшіншіден, жұмыссыздықты азайту. Өңірде “Ауыл аманаты” бағдарламасын іске қосудың алғашқы кезеңі 134 ауылдық округке скрининг жүргізуден басталды, оның негізінде әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді. Осылайша, облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың үш деңгейлі толыққанды жүйесі – облыс, аудан, ауыл құрылды. Нәтижесінде біз әр ауылдың, ауданның ерекшеліктеріне орай экономикалық әлеуетін анықтадық, нақты мүмкіндіктерді, күшті және әлсіз жақтарын белгіледік. Облыс бойынша 700 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер телімі анықталды. Бұл жерлердің барлығы жыл соңына дейін мемлекетке қайтарылады», — деді Ералы Тоғжанов.

Әр ауылдың әлеуметтік портреті – нақты жұмыссыздардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімдерін және әр отбасының орташа табысын қамтиды. Сонымен қатар тамақ өнімдерін өндіру мен тұтынудың тепе-теңдігі анықталды.

Скринингке сәйкес, Ақтөбе облысы халық тұтынатын негізгі азық-түліктің 65 түрінің 7-уін толық қамтамасыз етеді. Ішкі өндіріс есебінен азық-түліктің 45 түрімен қамтамасыз ету үлесі 1%-дан 69%-ға дейін. Облыста 13 өнім түрі мүлдем өндірілмейді.

«Мәселен, өңір өз өндірісіндегі құс етімен небәрі 5,4% қамтамасыз етілген. Бұл шамамен 95% тауар шетелден немесе басқа аймақтардан әкелінеді дегенді білдіреді. Тек құс етінің өзінен жылына өңірімізде қалдыруға болатын 11 млрд теңге сыртқа жұмсалуда. Көкөністерге келетін болсақ, ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз ету 40%-ға жетпейді. Жыл сайын көкөніс сатып алуға шамамен 10 млрд теңге жұмсалады. Осы деректердің негізінде Ақтөбе облысы негізгі азық-түліктің 65 түрін өндіруді жолға қойып, жыл сайын өңір экономикасында 151 млрд теңге қалдыра алады», — деп атап өтті облыс әкімі.

Аталған мәселені шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тамақ өнімдерінің әрбір түрі бойынша өндірісті дамыту бағыттары айқындалып, жеке қосалқы шаруашылықтар іске асыратын жобалар дайындалды.

Мемлекет басшысының ауылдарды дамытуға 1 трлн теңге бөлу туралы шешімі импортқа тәуелділікті жойып қана қоймай, бүгінде азық-түлік импортына жұмсалатын қаражатты ел ішінде қалдыруға мүмкіндік береді.

Әкім Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тетігі еліміздің басқа өңірлерінен өзгешеленетінін атап өтті. 

«Қазіргі уақытта 2,5% жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 776 отбасының жобалары мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен бірге, Ақтөбе облысында алғаш рет республика бойынша қаржылық несиемен қатар 6 мың бас малды тауарлық несие ретінде берудеміз. Тауарлық несиенің ерекшелігі – бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалмайды және қайтарым түрінің ақшалай емес, алынған төл есебінен өтеледі. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3220 бас мал берілді», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз істерін бастады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінді, Үкімет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге бөлу мәселесінде қолдау бар.

Қаражат толық көлемде игеріледі, деп сенім білдірді облыс әкімі. Нәтижесінде, жыл соңында жобаға қатысушы ауылдардағы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды. Жыл қорытындысы бойынша құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 3 есеге, көкөністермен 23% -ға және картоппен 20,1%-ға артады.

«Біз сондай-ақ мынадай мультипликативтік әсерлерге қол жеткіземіз: ауылдарда және жаңа бизнес субъектілерінде мүлікті тіркеу жолымен төртінші деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтамыз, айналымға 100 гектар үй маңындағы жерлерді енгіземіз, жастарды жұмыспен қамту есебінен ауылдағы қылмыс деңгейін төмендетіп, 133 толық циклді қайта өңдеу өндірісін құрамыз, нәтижесінде ауылдарда 300 жаңа жұмыс орны құрылады», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсету саласында түрлі кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, шаштараз, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, ветеринарлық дәріхана және т.б. Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты. Жоба басталғалы бері 60-тан астам отбасы немесе 250-ге жуық адам қаладан ауылдық жерге көшіп, «Қаладан – ауылға» қозғалысын бастады.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі көлемін ірі шаруашылықтар өндіреді деген пікір бар. Алайда, бүгінгі таңда өңірімізде жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріс басым. Мәселен, Байғанин ауданының 76 жастағы зейнеткер Құтым Қасенұлы бір ауланың өзінен жылына 9 тонна көкөніс алса, Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Сағынқызы өз ауласынан 18 тонна көкөніс алуда. Олар ауылдастарының көкөністерге деген қажеттілігін 20% қамтамасыз етеді. Осындай 10-ға жуық жылыжайдың ашылуы ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Сонымен қатар Ақтөбе облысында жоба аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын қолайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету үшін «бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданды. 

«Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» -- бұл, біріншіден, жыл ішінде 67 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Нәтижесінде облыс ауыл халқының 98,5% сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын іске қостық. Конкурстық негізде іріктелген кәсіби шеберлігі жоғары 35 мұғалім 5 негізгі пән бойынша онлайн форматта оқушыларды оқытуда. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 7 айда білім беру сапасындағы алшақтық 4,7%-ға қысқарып, қазір 10,3%-ды құрады. Осылайша бір мұғалімнің шағын жинақты ауылдық мектептерде бірнеше пәнді оқыту, ауылдарда 99 маманның тапшылығы және балаларды тасымалдау мәселелері шешілді», — деді Ералы Тоғжанов.

Ауылда медицина сапасын арттыру мақсатында «Фельдшер сөмкесі» жобасын іске асыру басталды. «Фельдшер сөмкесі» - бұл арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық. Оның көмегімен пациентке дұрыс диагноз қоюға және тасымалдаусыз қашықтықтан емдеуге болады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Айта кету керек, өңіріміздегі білім және медицина саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар, ауылдарға интернет жүргізу саясатына нақты әлеуметтік мағына берді.

«Төртіншіден, «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды, оның аясында ауылдарды абаттандыру бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат есебінен де жүргізілуде. Пилоттық режимде біз 27 мыңнан астам халқы бар 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Бүгінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 6 ауылды абаттандыруға келісімге қол қойылды. «Ауыл аманаты» аясындағы тағы бір жоба – қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысын жоюға бағытталған «Қауіпсіз ауыл» жобасы. Бүгінде аймақта ішімдіктен бас тартқан 10 ауыл және соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс жасалмаған 10 ауыл бар. Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында қоғам белсенділері, өңірдің кәсіпкерлері, жастардың қатысуымен өтетін іс-шаралардың нәтижесінде қауіпсіз ауылдар саны 60-қа жетеді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының жақын арада сезінетіндігіне сенімім мол», — деді Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысы – өнеркәсібі дамыған өңір. Бұл тұрғыда өнеркәсіптер қоршаған ортаның өзгеруіне өз әсерін тигізіп жатыр. Облыстың су объектілерінің ластануы мен ескіруі, қалдықтардың жиналуы, қолданыстағы кәріз және тазарту қондырғыларының тозуы сияқты мұнда бірқатар тарихи экологиялық проблемалар бар.

Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын шешу – басты назарда, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. 

Спикер қоршаған ортаның жай-күйіне ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі де кері әсерін тигізеді деп есептейді.

Осыған байланысты облыс әкімі «Қазхром» компаниясымен қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік беретін экологиялық жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қоршаған ортаға зиянды шығарындылар 99,9%-ға және ферроқорытпа газдары толығымен 100%-ға төмендейді. 

Дәл осындай келісімдер басқа да ірі компаниялармен жасалады. 

Экология саласындағы өзекті мәселелердің бірі – Ақтөбе қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының жай-күйі. Қолданыстағысының тозу деңгейі 80%-ға жетті.

Осы мәселені шешу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен кәріздік тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Алдын-ала есептеулерге сәйкес, жобаның жалпы құны шамамен – 78 млрд теңге.

Кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технологияларды және анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған.

Биыл өңірде су тасқынынан Қобда ауданының Қобда ауылы мен Ойыл ауданының Қаратал ауылы зардап шеккен болатын. 

«Зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта Қобда ауылында 24 үй, оның ішінде 6 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. 30 отбасы жаңа баспанасына көшеді. Комиссия жұмысы аяқталмағанына қарамастан, ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында Қобда ауылындағы 75 отбасы және Қаратал ауылындағы 11 отбасы 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Біз уәде еткендей, бірде-бір отбасы қолдаусыз қалмайды», — деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, арнайы комиссия барлық ғимараттар мен өзге де нысандарды тексергеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес толық көлемде көмек алады.

Су тасқыны салдарын жою мақсатында Қобда және Ойыл аудандарында жергілікті маңызы бар 25,2 шақырым автожолды, 4 көпірді жөндеу, 3 бөгетті нығайту және 26 су өткізу құбырын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ зардап шеккен мектеп ғимараты мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар Ойыл ауданының екі ауылында бей-жай қарамайтын азаматтардың қатысуымен екі бөгет салу жоспарланып отыр.

Аймақ географиялық орналасуы жағынан тоғыз жолдың торабында орналасқан, транзиттік әлеуеті жоғары. Дегенмен, бүгінгі таңда облыста автожолдардың сапасын жақсарту мәселесі өзекті болып отыр. 

«Негізінен, облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 72%. Осы жылы 50,5 млрд теңгеге 848 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар жөнделіп, салынады. Нәтижесінде, жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78% болады», — деп атап өтті әкім.

Ірі жобалар республикалық маңызы бар автожолдарда да іске асырылады. Ең маңыздысы биыл ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе-Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау басталады. Екіжолақты тас жол жөндеуден соң, төрт жолақ болып, кеңейтіледі. Бұл қажеттілік баяғыдан бар, өйткені бүгінде көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне 12 мың автокөлікті құрайды, ал автожол тәулігіне 3 мыңға есептелген.

Сонымен қатар ұзындығы 260 шақырым «Қандыағаш-Шалқар» автожолын жөндеу жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта көлік ағыны көп жолдың жай-күйіне қатысты шағым жетерлік, өйткені жол төсемі шамамен 30 жыл бойы жөндеу көрмеген.

«Білім беру сапасын арттыру мақсатында биыл 4 мың оқушыға арналған 18 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде біздің облыста 5 апатты және 6 үш ауысымды мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17,5 мың орындық 20 заманауи мектеп салу жоспарлануда. Бұл біздің өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешеді», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы Ақтөбе облысында тұрғындарды сапалы медициналық қызметтермен, оның ішінде ауылдық жерлерде қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанына тоқталды.

«Осы мақсатта облыстың 3 ауданы - Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар ашу жоспарлануда. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 20 мың халқы бар 29 ауылда заманауи жабдықталған денсаулық сақтау нысандары салынады», — деді Ералы Тоғжанов.

Өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық сала жұмысының жүйелі мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдануда.

Қазіргі таңда, өңірдің таза ауыз сумен қамтылуы – 98,6%. 18 ауылды сумен жабдықтау, 14 ауылда кешенді блок-модульдер орнату жөніндегі жобаларды іске асыру нәтижесінде осы жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету 99,7%-ға жетеді.

«Біздің алдымызда Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз Президенттің тапсырмасын мерзімінен бұрын - 2024 жылы орындаймыз. Ақтөбе қаласында жылына 1,6 млрд текше метрді құрайтын газ дефициті орын алуда. Қыс мезгілінде қолданыстағы магистральдің газ жүктемесі 175%-ға дейін жетеді. Бұл мәселені шешпей, өңірімізде жоғарыда атап өткен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қиынға соғары анық. Осыған орай, 43,4 млрд теңгені құрайтын «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісінің құрылысы бастау алды. 2023 жылы мемлекеттік бюджеттен 11,1 млрд теңге қарастырылды», — деп атап өтті облыс әкімі.

Ауылдық елді мекендерді газдандыру жалғасуда. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша көгілдір отын 12 ауылдың тұрғындарына қолжетімді болады, бұл халықты газбен қамтуды 94,4%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу