02 Ақпан 2026, 19:15
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстарының барысы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов 2025 жылдағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншігіне қайтару және қайта бөлу жұмыстарының қорытындыларын жариялады.
Атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген жерлерді қайтару, олардың тиімді пайдалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті халықты жайылымдармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік меншіктегі жерлерді пайдалану функцияларын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады, ал жер қатынастарына мемлекеттік реттеу және жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жүктелген.
Жүйелі бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылғы 24 қыркүйектен бастап республикалық комиссия құрылып, ол ауыл тұрғындарының қажеттіліктері үшін жерлерді қайта бөлу және жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін қадағалап келеді. 2025 жылы комиссияның үш отырысы өткізілді.
Басты басымдықтардың бірі адал жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау болды. Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыс тобы құрылып, арнайы комиссиялардың жұмыс регламентіне өзгерістер енгізілді. Адалдықты бағалау жүйесі енгізіліп, қатысушылардың функциялары нақты анықталып, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл мерзімдері белгіленді. Бұл жер шаруашылығымен айналысатын фермерлердің арыздарын қарауды жеделдетуге және олардың құқықтарын қорғауды тиімді етуге мүмкіндік берді.
Жер деградациясына қарсы күрес шеңберінде 2025 жылы «Топырақты қорғау туралы» Заң жобасы дайындалуда, ол жерлердің өнімділігін сақтау және қалпына келтіруге бағытталған. Сонымен қатар Комитетке қарасты ұйымдардың өзара әрекеттесу алгоритмі бекітіліп, жер заңнамасын бұзушылықтарға жедел әрекет ету қамтамасыз етілді. Ерекше назар Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруға аударылды, ол кадастрлық деректерді, дала зерттеулерін және қашықтықтан зондтау материалдарын біріктіретін болады. 2025 жылы 6,6 млн га аумақта топырақтық, 7,5 млн га аумақта геоботаникалық зерттеулер жүргізілді, жалпы зерттеулер көлемі 29 млн га-дан асты. 2026 жылдың қаңтарында бірыңғай топырақ кластерлік қызметінің құрылуы аяқталды.
Шартты жер үлестері (пайлар) бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы бірқатар кәсіпорындар бойынша сот процестері аяқталып, жер пайдалану құқықтары рәсімделді, пайшыларға әлеуметтік көмек көрсетілді және татуласу келісімдері жасалды.
Жерлерді беру тәртібін жеңілдету мақсатында 2025 жылдың тамызында уақытша жер пайдалану конкурстарын өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар инвестицияларға, техниканың болуы мен білікті мамандарға және ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (максималды) мөлшері бекітілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелер 2,4 млн га аумақта 2053 жоспардан тыс тексерулер жүргізді. 2 млн га жерді қайтару жөніндегі республикалық жоспар артығымен орындалды – 2,1 млн га қайтарылды. Жұмыс құқық қорғау органдары, қоғам және «AMANAT» партиясымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілді.
2026 жылдың 1 қаңтарына жағдай бойынша 2022 жылдан бері қайтарылған жерлердің 8,5 млн га қайта бөлінді, оның 2,8 млн га жері жергілікті халыққа мал жайылымы үшін беріліп, 5,7 млн га ауыл шаруашылығы өндірушілеріне конкурс негізінде ұсынылды. 2026 жылдың ортасына дейін қалған 5,1 млн га жерді тұрақты айналымға енгізу жоспарлануда.
Қорытындылай келе, Мұрат Теміржанов жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жалғасын табатынын және барлық азаматтардың мүддесіне тиімді және әділ жер пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу