28 Қараша 2024, 20:50
Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
Түркістан – ұлт мақтанышы! Қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекен. Бүгінде жаңарған Түркістан өңірі дамудың даңғыл жолына түсті.
«Алдымен айтар жаңалығымыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен Түркістанға “Ерекше мәртебе беру” туралы заң жобасы әзірленді. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің барлық комитеттерінде қолдау тапты. Бұл бастама Түркістандағы тарихи орындарды қорғап, туристік әлеуетін көтеруге тың мүмкіндік береді», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Биыл Президент «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды тапсырды. Инвестиция тарту жұмысын күшейту керектігін айтты. Түркістан өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Әкімнің айтуынша, соның нәтижесінде кіріс көздері ұлғайып, өндіріс орындары көбеюде. Облыстың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім тіркелген. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн теңгеге жетті.
Қысқа мерзімді экономикалық өсім 110%-ды құрады (ҚР – 105,3%).
Өнеркәсіп
Өнеркәсіптік өнім көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд теңгеден асты. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты.
Өсім негізінен тау-кен – 105,2%, тамақ – 103,5%, жеңіл өнеркәсіп – 105,9%, машина жасау – 106,7% және жиһаз өндірістері есебінен орын алды.
«Ашығын айтайық, өңірде негізгі өндіріс орындарын қалыптастыруға энергетика тапшылығының өз кедергісі бар. Сонымен қатар облыстағы индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, біз Үкіметке электр энергиясы бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгіздік. Соның нәтижесінде ұсынысымыз қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсірілді», — деді Дархан Сатыбалды.
Бұдан бөлек, энергетика тапшылығын шешу мақсатында 1,9 трлн теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен:
Облыс бойынша электр энергиясына қажеттілік 350 МВт құрайды. Сыртқы көздерден 80% тасымалданады. Осы жобалар толық жүзеге асқанда облыста жаңа өндіріс орындарын қажетті электр қуатымен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
«Әлемдегі экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттердің тарихына қарасаңыз, өркениетке жету жолы өндірістен басталған. Егер біз де салаға серпін беретін заманауи кәсіпорындарды құра алсақ, экономикалық тәуелсіздікті де бекіте түсетін боламыз. Ең бастысы сол зауыт пен фабрикада еңбек ететін елдің санасы өзгеріп, еңсесі тіктеліп, отандық тауар айналымының үлесі артады. Бұл табыс қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа да тікелей ықпалын тигізеді. Президенттің “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналдырудың басты кілті деуге болады” деген қағидасының құндылығы да осында. Сондықтан біз облыста алғаш рет 100 га аумақтан “Шағын өнеркәсіптік парк” жобасын ашқанымызды ерекше атап өткім келеді», — деді облыс әкімі.
Жоба аясында 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Бұған қоса, бюджетке жылына 2 млрд теңге салық түседі. Бүгінгі таңда 8 өндіріс іске қосылды, онда 712 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Сондай-ақ жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді.
Атай айтсақ:
Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары басқа да облыстарға да сатылуда (Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстары).
Түркістан облысына инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді.
Соның нәтижесінде, шетел капиталының қатысуымен жалпы құны $910 млн құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды.
Атап айтқанда:
Өнеркәсіптік жылы-жай кешені (Келес ауданы, «Ecoculture Eurasia» ЖШС II-кезең – $84 млн);
Алюминий бұйымдарын шығару (Ордабасы ауданы, «Central Asia Aluminium» – $17 млн);
Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару (Сауран ауданы, «UBC Group» – $20 млн);
Каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт (Түлкібас ауданы, «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС – $272 млн);
Фосфорит кендерін өңдеу зауыты (Созақ ауданы, «Созақ фосфат» ЖШС – $260 млн);
Мұнай өңдеу зауыты (Ордабасы ауданы, «Standard Petrolleum» ЖШС – $260 млн);
Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компания шақырылып, 301 млрд теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды.
«Түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады», — деді Дархан Сатыбалды.
Инвестиция
Президент тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту экономикада маңызды бағыт болып есептеледі. Елімізде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында келеді.
Облысқа жыл басынан 888,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал, жыл басынан тікелей шетелдік инвестиция көлемі $685 млн құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.
Баршаға мәлім, Түркістан облысы – халық саны ең көп өңірлердің бірі. Сондықтан аймақта жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамытуға айрықша басымдық беру қажет.
Әкімнің айтуынша, облыста өндіріс пен ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу жүйесі орнықпаса, экономиканы дамыту қиынға түседі. Сол себептен, өңірдің өркендеуіне тың серпін беретін энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды.
Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Сонымен қатар кірістер қосымша 100 млрд теңгеге ұлғаяды. Бүгінде жалпы құны 86 млрд теңге болатын 31 инвестцииялық жоба іске қосылып, 1,3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
«Біздің өңірдің басты ерекшілігі – халықтың 80%-ы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – халық тұрмысының маңызды саласы болып есептеледі. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз», — деді Түркістан облысының әкімі.
Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд теңгені құрап, өсім 105,8%-ға жетті. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие.
Бұл бағытта нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдарға жалпы 105 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы арқылы 8 мыңнан астам жұмыс орны қалыптасуы керек.
Баршаға белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Түркістан облысына қажетті судың 70%-ы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан да, ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық беріледі.
Су үнемдеу технологиясын 216,3 мың гектарға енгізіп, суармалы жерлердің үлесін 40%-ға жеткізу жоспарда бар.
Биылдың өзінде бұл технология жалпы 50 мың гектарға дейін жеткізілді.
Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру бағыттында жалпы құны 11,7 млрд теңгені құрайтын 3 өндіріс орны ашылды. Мәселен:
Облыста су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің әлеуетін толық пайдалану мүмкіндігі қолға алынды. Өз табысы есебінен 60 бірлік арнайы техника сатып алынды.
2023-2024 жылдары өз қаражаты есебінен (бөліп төлеу жоспарымен) жалпы 3 545,7 млн теңгені құрайтын 53 арнайы техника сатып алынды.
Мәселен:
Жалпы 53 бірлік арнайы техниканың 24 бірлігі аудандар мен қалаларға берілді (4 бірлік шынжыр табанды экскаватор, 8 бірлік дөңгелекті экскаватор, 12 бірлік экскаватор-жүк тиегіш), 29 бірлік техника кәсіпорынның пайдалануында.
Одан бөлек, 2023 жылы облыстық бюджет есебінен 231,4 млн теңгеге 7 техника сатып алынды. Соның нәтижесінде қосымша 5 млрд теңгеге бағаланатын жұмыстарды өз есебінен атқарып, экономикалық тиімділігін 2 есе көрсетіп отыр.
Кәсіпорынның көрсеткен тиімділігінің нәтижесінде, Ислам даму банкі арқылы алғаш рет 73,6 млрд теңгеге 14 жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Сол арқылы 198 шақырым канал бетондалып, 53 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады.
Сонымен қатар Түркістан қаласы және оның аумағындағы 6 ауданды 113 млн текше метр сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2 ірі су қоймасы салынады.
Атап айтқанда:
Мақта өсіру
Түркістан облысы республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі де төмен болып отыр.
«Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды», — деді Дархан Сатыбалды.
Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады.
Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны – 147 млрд теңге. Жылдық қуаты: 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр үй тоқыма бұйымдары, 7 млн дана төсек-орын шығарады. Зауытта 4 000-нан астам жұмыс орны ашылады.
Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру көзделген. Толық іске қосылғанда 41 мың жұмыс орны құрылады, бюджетке миллиардтаған салық түседі.
Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.
Бұдан бөлек, жүгеріні терең өңдейтін Крахмал-сірне зауыты салынып жатыр. Жоба құны – 36 млрд теңге. Жылдық қуаты 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады.
Мал шаруашылығы
Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы өңірге тиесілі. Аустралия елінің тәжірибесінде ет кластерін дамыту жоспарда бар.
Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл бағытта 55 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылатын болады.
Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 7,8 млрд теңгені құрайтын 2 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылды.
Құрылыс
Құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 млрд теңгеге жетіп, өсім 131%-ды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынып жатыр.
Соның нәтижесінде, облыста кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.
Облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орнына тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. Соның нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі.
Әкімнің айтуынша, биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектепте ағымдағы жөндеу, 107 мектепті газға ауыстыру, 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.
Сонымен қатар 330 мектеп жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Олар: Келес ауданындағы «Абай» аудандық ауруханасы; Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» ауылдық ауруханасы; Кентау қаласындағы «Кентау қалалық» орталық ауруханасы, Сайрам ауданындағы «Сайрам» аудандық ауруханасы.
«Республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан, біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Яғни, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр.
«Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды», — деді облыс әкімі.
Туризм
Облыстың туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді.
Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған.
Туризм саласына жыл басынан бері 63 млрд теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынды.
Түркістан қаласында 2,5 га аумақта «Қолөнер қалашығы» және 99 гектар жерге «Ипподром» салынуда.
Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2023-2025 жылдар аралығында 7,5 млрд теңгені құрайтын 6 емдік-сауықтыру ұйымының құрылысы жүргізілуде.
Инфрақұрылым
Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Соның нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді.
Табиғи газбен 1,8 млн адам қамтылып, жалпы қамту деңгейі 81,5%-ды құрайды.
Екі жылда 187 мың тұрғын табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жететін болады.
Биыл облыста 1 161 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша 560 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94%-ға жеткізілетін болады.
Құрылғанына 90 жыл болған Кентау жылу орталығы 85%-ға тозған. Осыған орай, орталықты жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде, бүгінгі таңда:
Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті:
«Таза Қазақстан» бағдарламасы
Бұған қоса, Президент тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Өңірде көгалдандыру және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілуде.
Бүгінгі таңда 1,5 мыңға жуық сенбілік өткізіліп, 500 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.
#Ауыл шаруашылығы #Баспасөз конференциясы #Білім беру #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Туризм #Экономика #Құрылыс #Өнеркәсіп«Осы сәтті пайдаланып, барша тұрғынды туған өлкемізді таза ұстауға шақырамын. Қала мен ауыл таза болса, қоғам да таза болады. Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Мемлекет тарапынан Түркістан облысына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Түркістанды өзін-өзі қамтитын, өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған, туризмі түлеген аймаққа айналдыруға бар күшімізді саламыз», — деп Дархан Сатыбалды баяндамасын тәмамдады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу