24 Қараша 2025, 16:50
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 2025 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оған сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов, сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашев қатысты.
Өз кезегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы ведомство мен аумақтық органдардың 2025 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы мен 2026 жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Комитет құзыретінің бірі – тұтынушылардың шағымдарына талдау жүргізу. Елімізде тауарлар мен қызметтердің сапасына қатысты азаматтардың белсенділігі тұрақты артып келеді. 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш келіп түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 62,5 мыңға жетті. Биылғы жылдың алғашқы он айында шамамен 68 мың өтініш тіркелді. Спикердің айтуынша, мұндай динамика азаматтардың консультация алу және түсіндіру сұрауларына жиірек жүгінетінін, сонымен қатар тұтыну саласына деген жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.
Тұтынушылардың үлес салмағы бойынша шағымдардың ең көп саны келесі салаларда байқалды. Бөлшек сауда – мұнда 28 мың өтініш тіркелді, бұл жалпы көлемнің 41,3%-ы. Азаматтар көбіне тауарды айырбастау, ақшаны қайтару және сатып алынған тауардың сипаттамасы туралы толық ақпарат алу мәселелерін көтереді. Электрондық сауда саласында 15,3 мың өтініш түсті, бұл жалпы санның 22,6%-ын құрайды. Азаматтар тауардың сипаттамасына сәйкес келмеу жағдайларын хабарлады, сондай-ақ қайтару рәсіміне қатысты сұрақтар қойды. Тұрмыстық қызметтер бойынша 5,2 мың өтініш тіркелді, бұл жалпы көлемнің 7,7%-%-ын құрайды.
Өтініштердің жалпы санындағы аз ғана үлесіне қарамастан, келесі салаларда өтініш саны айтарлықтай артты. Соңғы жылдары білім беру қызметтері бойынша өтініштердің саны едәуір артып, 233,7%-ға өсті. 2024 жылы 676 өтініш болса, 2025 жылы олардың саны 1 580-ге жетті. Қоғамдық тамақтану саласында өсу 196,1%-ды құрайды. 2024 жылы 1 267 өтініш тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 2 485 болды.
Жекелеген салалардағы шағымдар санының өсуі тұтынушылық құқықтарды қорғаудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді.
«Қазіргі тұтынушылар тауарлар мен қызметтердің сапасына барған сайын талапшыл болып келеді, сол себеп заңнаманы жетілдіру ғана емес, сонымен қатар клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бизнес жүргізу тәсілдерін де өзгерту қажет. Өтініштерді қарау жұмысы оң динамиканы көрсетеді. Биыл 25 мың өтініш толық шешілді, бұл жалпы көлемнің 37%-ын құрайды. Консультациялар мен түсіндірулерді 23 мың азамат алды, бұл жалпы санның 34%-ын құрайды. Шамамен 15,5 мың өтініш басқа мемлекеттік органдарға бірлесіп жұмыс істеу үшін жіберілді. Мұндай формат кешенді тәсілді қамтамасыз етуге және шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Болат Таңабергенов.
Комитет төрағасы уәкілетті орган қабылдайтын шаралар туралы да айтып өтті. Ведомство қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру арқылы тұтынушылардың құқықтарын бұзудың алдын алу және оған жол бермеу, яғни тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу. Мысалы, биылғы 10 айда өңірлік департаменттер 1 081 тексеру және 31 профилактикалық іс-шара өткізген (2024 жылы – 1253 тексеру және 311 профилактикалық бақылау). Биылғы жылдың нәтижесі бойынша 696 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23 миллион теңге сомасында айыппұл салынды. Тағы 347 субъект ескерту алды. Мұндай шаралардың нәтижесінде азаматтардың құқықтары 2,2 миллиард теңге көлемінде қалпына келтірілді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард теңгеден сәл жоғары болды.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және ақпараттандыру мақсатында неғұрлым резонансты істерді жариялау және есепке алу жүзеге асырылады. Маңызды нәтижелердің ішінде 51 тұтынушының автомобиль сатып алу кезінде құқықтарын қорғауды атап өтуге болады. Оларға тиесілі емес тауарды сату бойынша 810 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар, пәтер сатып алушылар мен үлескерлердің құқықтары 258 миллион теңге көлемінде қорғалды. Сондай-ақ биыл ТКШ саласында 9 резонанстық іс қаралды. 101 азаматқа қолдау көрсетілді. Қорғау сомасы 31,1 миллион теңге болды.
«Сонымен қатар министрлік тұтынушылық көңіл-күйдің динамикасын үнемі социологиялық сауалнамалар арқылы қадағалап отырады. Тұтынушыларды алаңдататын мәселелер жалпы алғанда жыл сайын қайталанады. Нәтижелер қандай мәселелер өзекті екенін анықтауға көмектеседі. Осы проблемалардың салааралық үйлестіру шешімі ретінде біз адам өмірінің барлық салаларында тұтынушылардың құқықтарын кешенді қорғау үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның базалық қағидаттарын кеңінен қолдану қажеттілігін көріп отырмыз. Сауалнама нәтижелері анықталған кемшіліктерді қабылдау және жою үшін тиісті салалық мемлекеттік органдарға жіберіледі, БАҚ-та және Министрліктің сайтында жарияланады және Үкіметке жолданатын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізілетін жұмыстың нәтижелері туралы» жыл сайынғы есепке енгізіледі. Сондай-ақ, сауалнама қорытындылары ведомство аралық кеңестің (ВАК) жыл сайынғы отырыстарында талқыланады, оның нәтижелері бойынша салалық мемлекеттік органдарға тұтынушылардың құқықтарын бұзу мәселелері бойынша тиісті ден қою шараларын қабылдау ұсынылады. Осылайша, биылғы 31 шілдеде ВАК-тің отырысында көлік, медициналық, туристік қызметтер көрсету және электрондық сауда салаларындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды», — деді ол.
Сондай-ақ Мәжілісте Тұтынушылар құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы жаңа редакцияда қаралуда. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, азаматтардың келіп түскен өтініштерін талдау және мониторингілеу нәтижелерін, қоғамдық институттардың пікірлері мен ұсыныстарын және әлеуметтанулық зерттеудің негативті көрсеткіштерін ескере отырып әзірленді. 2024 жылғы 4 қыркүйекте заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Биылғы 24 маусымда заң жобасы Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және Өңірлік даму жөніндегі бас комитетінің отырысында мақұлданды. Жалпы алғанда, заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз етуге, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес институттардың рөлін күшейтуге бағытталған.
Арнайы назар электрондық сауда саласына аударылады. 2022 жылдан 2024 жылға дейін өтініштердің саны 5,5 есе өсті. 2022 жылы 2,6 мың өтініш болса, 2024 жылы олардың саны 14,5 мыңға жетті. Биылғы жылдың алғашқы он айында 15,3 мың өтініш тіркелді. Министрлік азаматтарға сатушы туралы ақпаратты мұқият зерттеуді, пікірлерді тексеруді және сатып алуға қатысты құжаттарды сақтауды ұсынады.
«Қазақстанда тауарлар мен қызметтер сауда желілерінде, электрондық сауда алаңдары – интернет дүкендер, маркетплейстер, онлайн хабарландыру қызметтері, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Өздеріңіз білетіндей, қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң аясында офлайн сатушыға қойылатын талаптар онлайн сатушыларға да қолданылады. Дегенмен, бұл талаптарды әсіресе электрондық сауда алаңдарында сауда жасайтын сатушылар әрқашан орындай бермейді. Сондықтан заң жобасында электрондық сауда алаңдарының иелерін кәсіпкерлермен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын сақтау жөнінде шарттар жасасуға міндеттеу ұсынылады. Орындамау жосықсыз сатушы үшін тиісті жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар электрондық платформада сауда жасау мүмкіндігін жоғалтуға да әкеледі. Шағымдардың негізгі бөлігі әлеуметтік желілер арқылы сауда жасалған кезде келетінін атап өткім келеді. Бұл ретте, сатушы туралы ақпараттың болмауына байланысты бізге уәкілетті орган ретінде тиісті шараларды қабылдау қиындық туғызады. Осыған байланысты тұтынушыларға онлайн режимінде сатып алу кезінде мұқият болуды, өнімнің сипаттамаларын зерттеуді, сатушы туралы толық ақпаратты, пікірлерді, сатушыдан фискалдық түбіртектерді талап етуді ұсынамыз. Көрсетілген деректер тұтынушының құқықтары бұзылған кезде біз үшін, мемлекеттік органдар үшін әрекет ету және бақылау шараларын қабылдау үшін қажет болады», — деді СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2023 жылдың соңында тұтынушы құқықтарын корғауды қоғамдық ұйымдарының қоғамдық бақылау құралын жүзеге асыру арқылы тұтынушыларды сапасыз өнімдерден қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы іске қосылған. Сапасыз өнімді анықтау – тұтынушыларды қорғайды, жосықсыз өндірушілерді әшкерелейді, адал отандық өндірушілерді қолдайды және сапалы өнімді өндіруге және сатуға ынталандырады. Мәселен, биылғы алғашқы он айда 703 өнім үлгісі іріктелген, оның ішінде 422 үлгіде сәйкессіздіктер анықталған, бұл жалпы көлемнің 60%-ы. Ең көп сәйкессіздіктер тауардың таңбалануы бойынша болып отыр, яғни тауар туралы, оның құрамы жайлы мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы. Мұндай жағдайлар 338, яғни 80%. 84 жағдай құрамы бойынша сәйкессіздік, жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату, тиісті құжаттардың болмауы сынды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға қатысты болды. Тексерулердің нәтижесінде 157 бизнес субъектісіне шара қолданылды. Оның 69-ы – ҚР ӘҚБтК 425-бабы, 74-і – ҚР ӘҚБтК 203-бабы, өнімнің 14 түрі бойынша сату уақытша тоқтатылды және сәйкестік декларациялары жойылды. Жоба жұмысы адал өндірушілерді қолдауға және азаматтар тарапынан сенімділікті қалыптастыруға ықпал етеді. 2027 жылға қарай халықтың салаға қанағаттану деңгейі 77%-ға жетеді деп жоспарлануда. 2025 жылы күтілетін көрсеткіш 74,7%-ды құрайды.
«Айтылған нәтижелер, сондай-ақ қазіргі кездегі бар қиындықтар келесі жылдарға арналған міндеттердің қалыптасуына ықпал етті. Олар – тұтынушыларды тиімді қорғауға бағытталған жаңа редакцияда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын қабылдау, тұтынушыны қауіпті, сапасыз өнімдерден қорғау және адал бәсекелестік бойынша «Сапалы Өнім» әлеуметтік жобасын белсенді жүзеге асыруды қамтамасыз ету, оның нәтижелері туралы халыққа кеңінен жариялау, тұтынушылар мен сатушылардың өзара іс-қимылын автоматтандыру, оңайлату және жеделдету мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірыңғай ақпараттық жүйесін жетілдіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жасанды интеллект енгізу, келіп түскен өтініштерге мониторинг жүргізу және талдау, әлеуметтанулық зерттеу жүргізу арқылы халықтың тұтынушылық көңіл-күйін қадағалау. Біз жүргізіп жатқан жұмыс тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және ТҚҚ саласындағы азаматтардың қанағаттану деңгейін 2027 жылға қарай 77%-ға дейін жетуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Биыл ол көрсеткіш 74,7% құрап отыр», — деді сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергенов.
Баспасөз конференциясының соңы сұрақ жауапқа ұласты. Журналисттер маңызды тақырыпқа байланысты өз сұрақтарын қойды. Соның ішінде БАҚ өкілдерінің бір сұрағы «жарнамада көрсетілген баға мен дүкен сөрелеріндегі бағаның екі түрлі болып келетіні» туралы болды. Оған сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашев жауап берді.

«Қазіргі уақытта бір осы жұмыстармен айналысып жатырмыз. Әкімшілік құқйқбұзушылық кодекстің ішінде 157-ші бар бар. Жалған жарнамаға қатысты деген. Жыл басына дейін бұл салық қызметінің құзіретінде болған еді. ола оны дұрыс атқара алмаған соң бізге берілді. Қазіргі укақытта біз жергілікті органдарға тапсырмаларды жолдадық. Осындай мәселелеріңіз болып жатса, біздің жергілікті департаменттерге арыздануларыңызға болады. Мұны жалған жарнама деп есептеуге болады. Оған арыз, оның қасына нақты дәлелдейтін материалдар керек. Біздің заң талаптарында көрсетілгендей фото-видеоайғақтар қажет. Осындай жағдадайда ӘҚБтК бойынша шара қолдануға болады», — деді ол.
Осы ретте СИМ мәліметтері негізінде өңірлер бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Жыл басынан бері Қарағанды облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне тұтынушы құқығының бұзылу фактісі бойынша 2528 өтініш түскен. Өңірдегі тұтынушылардың шағымдары тұрмыстық қызметтер, яғни косметикалық, жиһаз дайындау, автокөлік жөндеу, тұрмыстық техниканы жөндеу қызметтеріне және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге қатысты.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша 2025 жылдың басынан бері аумақтық департамент 36 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде тұтынушылардың құқығын бұзған кәсіпкерлерге 16 әкімшілік айыппұл, 10 ескерту берілді. Жалпы жыл басынан тұтынушылардың пайдасына қайтарылған қаражат көлемі 84 241 047 теңгені құрады», - деді Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшы Абзал Рахымбаев.
Сонымен қатар 2025 жылдың 10 айында Департамент тұтынушылар құқығын қорғау бойынша 24 сот процесіне үшінші тарап ретінде қатысты. Биыл қарашада департамент қала тұрғындарының подъезді жинау қызметінің сапасына және қызмет көрсетуші жеке кәсіпкердің әрекеттеріне қатысты ұжымдық шағымын қарады. Тексеру барысында департамент мамандары тұтынушыларға қызметтің нақты орындаушысы туралы дұрыс ақпарат берілмегені, шартты бұзу тәртібінің сақталмағаны анықталды. 10-нан астам азаматтың құқығы бір мәселе бойынша бұзылғандықтан, департамент «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 5-бабы 8-тармағына сәйкес сотқа дейінгі талап жолдады. 4 қарашада қызмет көрсетушіге шартты бұзу, қызметтен бас тартқан тұрғындар үшін есептеулерді тоқтату, қызмет көрсетуші туралы нақты ақпарат беру талаптары жіберілді. 6 қарашадағы ресми жауапқа сәйкес, шарт бұзылды, яғни 1 желтоқсаннан бастап барлық есептеулер тоқтатылды. Осылайша департамент тұрғындардың құқықығын сотқа дейін толық қалпына келтірілді.
Ал Петропавлда бағаны рубльмен көрсеткен супермаркет әкімшілігі жауапкершілікке тартылды. Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласының тұрғыны баға белгілеу заңнамасының бұзылуына байланысты Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданды. Оның айтуынша, қаладағы супермаркеттердің бірінде тауардың бағасы ұлттық валюта – теңгемен емес, Ресей рублімен көрсетілген.
Түскен өтініш негізінде департамент мамандары сауда нысанына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеру барысында заң бұзушылық фактісі расталып, баға белгілерінде шетел валютасы көрсетілгені анықталды. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы, себебі тауарлар мен қызметтердің бағасы тек теңгемен көрсетілуі тиіс.
Тексеру нәтижесінде супермаркет иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, департамент анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, сауда орнының басшылығына баға белгілерін заң талаптарына сәйкестендіруді міндеттеді.
Ал Алматы қаласында бірнеше тұтынушы жаңа сатып алынған көліктердің ақауы бар екенін байқаған. Бір алматылық тұрғын қозғалтқыштағы күрделі ақауды байқап, заңгерденкеңес алғаннан кейін көліктің толық құнын, яғни 6,99 млн теңгені қайтарып алды. Басқа бір сатып алушы өз автокөлігінде беріліс қорабында ақау, артқы камерасының істемейтінін және жанармай багының қақпағының ашылмайтынын анықтаған. Департамент мамандарының кеңесінен соң оған автосалон 14,9 млн теңгені толық көлемде қайтарды. Тағы бір автокөлік иесі беріліс қорабындағы ақауды анықтап, мамандардың қолдауымен 13,9 млн теңгесін қайтарып алды.
Шымкент қаласында электромобиль иесінің оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Ол көліктің жүріс қоры өндірушінің көрсеткен мәліметіне сәйкес келмейтінін байқап, бұрын пайдаланылған батареялардың қолданылған болуы мүмкін деген күмән туындады. Мәселе мамандар арқылы шешілгеннен кейін сатушы тұтынушыға 21 млн теңгені қайтаруға келісті. Ұлытау өңірінде басқа бір тұрғын жаңа автокөліктің қозғалтқышы мен кондиционер жүйесінде ақау бар екенін анықтады. Кеңестер мен келіссөздерден кейін автокөлік толықтай жаңа көлікпен ауыстырылды, оның құны 9,09 млн теңгені құрады. Бұл жағдай даулы мәселені тиімді шешудің жарқын мысалы болды.
Жылжымайтын мүлік нарығында да маңызды оқиғалар болды. Алматыда бір әйел келісімшартта көрсетілген мерзім өтіп кеткеніне қарамастан өз пәтерін ала алмаған. Мердігер әртүрлі себептерді алға тарттып, пәтер кілтін беруді кейінге қалдырып келген. Құқықтық кеңес алғаннан кейін оған алдын ала төленген 7,2 млн теңге қайтарылды.
Шымкентте тағы бір тұрғын жеке себептерге байланысты сатып алған пәтерден бас тартқысы келген, бірақ сатушы қаражатты қайтарудан бас тартты. Департаменттің араласуының арқасында мәселе оң шешімін тауып, тұтынушы 37 млн теңгені қайтарып алды.
Актөбе облысында туристік агенттіктерге қатысты бірнеше шағым түсті. Тұтынушылар алдын ала төленген турға бара алма қалған. Жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен консультациялар нәтижесінде жеті азаматқа 1,2 млн теңге қайтарылды.
Батыс Қазақстан облысында ерекше оқиға тіркелді. Департамент бірден он сегіз тұтынушының құқығынқорғау үшін сотқа жүгінді. Тұрғындар жиһазға тапсырыс берген, бірақ тауарды ала алмаған. Сот талапты толық қанағаттандырып, кәсіпкерлерді 11,2 млн теңгені қайтаруға міндеттеді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу