ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдірілетін болады – ҚР АҚДМ

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Ведомство басшысы өңірдегі ҮЕҰ және БАҚ өкілдерімен, халықпен кездесті. 

Асқар Омаров Тараз қаласындағы облыстық дін істері басқармасы мен Дін проблемаларын зерттеу орталығында болып, аймақтағы діни ахуал туралы пікір алмасып, кәсіби мамандардың ой-ұсыныстарын тыңдады. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы өзекті мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес ақпарат және қоғамдық даму министрі Мойынқұм ауданының тұрғындарымен кездесті. А. Омаров ведомствоның іске асырған жобалары, атқарған жұымстары мен негізгі міндеттері туралы айтып берді.

Жиын барысында Интернет және ұялы телефон байланысы, ауыз су, газ тарту, жедел жәрдем, көп балалы аналардың жәрдемақысы мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды. Тұрғындар жастар жайы, орман ағашын пайдалану мәселелерін көтерді. Асқар Омаров жергілікті жерде шешілуге тиіс мәселені аудан және облыс әкімдігі өкілдерімен бірге талқылады. Ал республикалық деңгейде қаралатын сұрақтарды тиісті органдарға жеткізетінін айтты.

«Біздің басты міндетіміз – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атқарып жатқан жұмыс туралы, негізгі бағыттарымыз туралы айтып беру, сонымен бірге Сіздердің сұрақтарыңызға жауап беру және азаматтармен қарапайым сенімді диалог құру», — деді А. Омаров. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда азаматтық қоғам институттарын дамыту жолында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды реформаларды әзірлеуге, іске асыруға барынша тарту, өзекті проблемаларды шешуге қатысу үшін барлық жағдайларды жасауда. Атап айтқанда, бүгінде заңнамалық негіз қаланып, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық кеңеюмен қатар қажетті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Еліміз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде ауылдық ҮЕҰ-мен жан-жақты өзара іс-қимыл жасайды.

Анықтама. Бүгінгі таңда республика бойынша 17 мыңға жуық белсенді ҮЕҰ жұмыс істейді, оның ішінде 719-ы – Жамбыл облысында. Республика бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде осы жылы әлеуметтік жобаларды іске асыруға 15,7 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.

ҚР АҚДМ министрі Жамбыл облысында да осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Былтыр облыстың мемлекеттік тапсырыс сомасы 762,7 млн теңгені (154 жоба) құраса, биыл бұл сома 20%-ға азайып, 620,4 млн теңге (52 жоба) болды. Мойынқұм ауданында 40,5 млн теңге сомасына тек 1 ғана мемлекеттік әлеуметтік жоба (мүмкіндігі шектулі жандар үшін республикалық орталық ашу) іске асырылып жатыр. Бұл көрсеткіш облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда төмен, онда орта есеппен 4-5 жоба қолға алынған.

Асқар Омаровтың пікірінше, облыс және аудан әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік жобаларының тақырыптарын және ҮЕҰ-мен жобаларды бағалау нәтижелерін жария талқылау қажеттілігіне назар аударуы қажет. Қаржыландыруды халық үшін шын мәнінде маңызды жобаларға бағыттау керек. 

«Министрлік азаматтық қоғам саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс атқарып жатыр. Атап айтқанда, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар бөлігінде заңнамалық түзетулер қабылданды, олар арқылы ҮЕҰ-ны гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдірілетін болады», — деді ведомство басшысы. 

Бұл орайда, мерзімдерге, көлемдерге, есептілікке байланысты гранттар берудің сараланған тәсілін енгізу ұсынылады, бұл ауылдық ҮЕҰ арасында қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Анықтама: ҮЕҰ үшін градуирленген гранттар жүйесі енгізілуде:

- қысқа мерзімді гранттар – 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзіммен, қаржыландыру көлемі 1,5-тен 9,2 млн теңгеге дейін;

- орта мерзімді гранттар – 1 жылдан 2 жылға дейінгі мерзіммен, қаржыландыру көлемі 9,2-ден 30,6 млн теңгеге дейін;

- ұзақ мерзімді гранттар – 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзіммен, қаржыландыру көлемі 30,6 млн теңгеден бастап.

Сонымен қатар азаматтардың үлесін арттыруды ескере отырып, қоғамдық кеңестер құрамын өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылы жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша республика бойынша азаматтық сектор өкілдерінің үлесі 23,5%-ға (62,5-тен 86%-ға дейін) өсті. Мысалы, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 143 адам немесе азаматтық қоғам үлесінің 83,6%-ын құрайды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 79% болған. Мойынқұм ауданында – 85%, бұл жақсы көрсеткіш.

Анықтама: облыста барлығы 12 қоғамдық кеңес бар: 1 - облыстық, 1 - қалалық, 10 - аудандық.

Волонтерлік қызметті қолдау

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жұмысының бір бағыты – еріктілер қозғалысын дамыту.

Асқар Омаровтың айтуынша, еріктілік әрқашан халқымыздың менталитетіне өте жақын болды, әсіресе ауылдық жерлерде.

Ведомствоның мәліметінше, Жамбыл облысында 13 волонтерлік ұйым және құрамында 12,1 мыңға жуық еріктісі бар 154 волонтерлік топ жұмыс істейді, олар 800-ге жуық түрлі волонтерлік акция мен іс-шаралар ұйымдастырды.

Волонтерлік қызметті қолдау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ұлттық волонтерлік желісімен бірлесіп, әрбір өңірде «BIRGEMIZ» волонтерлердің фронт-офистерін құрды, тиісті гранттық қаржыландыру көзделген (волонтерлік бойынша гранттарға облыстық қаржыландыру 12 млн теңгені құрайды).

Осы орайда Асқар Омаров халыққа көмек көрсету жөніндегі, оның ішінде пандемия, қаңтар оқиғалары кезінде жұмысты ұйымдастыра алған волонтерлердің өңірлік фронт кеңсесінің белсенді жұмысын атап өтті.

Облыс орталығы Тараз қаласында «Қамқор» әлеуметтік дүкені ашылды. Жыл басынан бері аз қамтылған отбасылардың 4000-нан астам мұқтаж азаматтарына көмек көрсетілді. Мойынқұм ауданында да волонтерлердің фронт-офисі белсенді жұмыс істеп жатыр. 

«Ауданда 6 волонтерлік топ тіркелген, онда тұрақты негізде 299 белсенді волонтер бар. Жыл басынан бері аудан волонтерлері “Қамқорлық” акциясы аясында ауданның елді мекендерінде 10 аз қамтылған отбасы үшін қайырымдылық көмек ұйымдастырды», — деді Асқар Омаров.

Өңір жастарын қолдау 

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі жастарды қолдау бойынша мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды. Асқар Омаров өңір жастарымен кездесу барысында бүгінгі буын өкілдеріне мемлекет тарапынан бөлініп жатқан гранттар мен жастар саясатына қатысты бағдарламалар туралы айтып берді. Өз кезегінде жастар волонтерлік қызметпен айналысу, гранттар, мемлекет тарапынан берілетін демеуақыны алу жолдарын сұрап, стартап жобаларын таныстырды.

12 тамызда жыл сайынғы Халықаралық жастар күні аталып өтті. Осы атаулы күн аясында, жастардың бастамаларын қолдау мақсатында бірқатар тақырыптық іс-шаралар мен акциялар өткізілді. Жамбыл облысының белсенді жастары алғыс хаттармен марапатталды.

Асқар Омаров өңір мен аудан жастарын алдағы уақытта да еліміздің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосуға шақырды. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мойынқұм ауданында жастардың саны шамамен 7,4 мың адамды құрайды, бұл аудан халқының төрттен бір бөлігі (халықтың 23,3%). Елімізде 3,7 млн (халықтың 20,4%) жастар бар, оның 40% - дан астамы - ауыл жастары.

Жамбыл облысындағы NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2-ден 7,6%-ға төмендеген. Дегенмен, көрсеткіш әлі де орташа республикалық деңгейден жоғары (6,7%) болып отыр, сондықтан осы санаттағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмысты күшейту қажет.

Бүгінгі таңда жастарды мемлекеттік қолдау шаралары мен жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру мәселесі мемлекеттің басты міндеті болып отыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі түрлі байланыс арналарын, соның ішінде әлеуметтік желілер мен танымал қосымшаларды қамтитын жаңа тәсілдер мен ақпараттық өнімдерді әзірлеп жатыр. Мәселен, жастар саясатының өзекті мәселелерін, осы саладағы проблемаларды және оларды шешу жолдарын талқылауға арналған сараптамалық алаң – Gov2jastar Телеграмм-арнасы құрылды. 

«Егер ұсыныстарыңыз бен сұрақтарыңыз болса, немесе өңірлік деңгейде жастар саясатын жүзеге асыру тәжірибесімен бөліскіңіз келсе, Gov2jastar Телеграм-арнасына жазуыңызға болады», — деді А. Омаров.

13 тамызда «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына құжаттарды қабылдау аяқталды. Биыл оның аясында әр өңірде ғылым, өнер, БАҚ, IT саласындағы жастардың бастамаларына арналған 100-ге жуық грант беріледі. Жамбыл облысында ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа, ауыл жастарының бастамалары, зияткерлік меншікті дамыту секілді 7 бағыт бойынша 7,5 млн теңге сомасында 15 грант бөлінді. Осы орайда, ақпарат және қоғамдық даму министрі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының мүмкіндіктері туралы жастарды ақпараттандыруға және белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Асқар Омаров жас ғалымдарға арналған арнайы гранттық байқаулар өткізіліп, олардың шеңберінде 2 мыңнан астам зерттеуші грант алғанын атап өтті. 

«Сондай-ақ жастардың бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін кемінде 10 мың жасты бизнес жүргізу негіздеріне оқыту және 10 мың өтеусіз грант беру жоспарлануда. Гранттар көлемі биылдан бастап 400 АЕК немесе 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылды», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Қазіргі уақытта жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы жылы Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Оған бүгінде 591 адам өтініш берген. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңына алғашқы пәтерлерді беру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда жастар мен жастар бастамаларын қолдау тетіктері көп. Бұл бағытта «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Мойынқұм ауданы бойынша 223 жас жұмысқа орналастырылды, оның 123-і бос жұмыс орындарына, 63-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18-і жастар практикасына, 14-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 5-і онлайн оқуға жіберілді. Сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында өңірдегі 100 жас жазғы демалыста уақытша жұмыспен қамтылды. 

Кездесу барысында Асқар Омаров отбасын қолдау орталықтарын құру мәселесіне жеке тоқталды.

«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 17-тармағына сәйкес «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдер уақытша тұра алатын орталықтар құру қажет. Бұл тармақты іске асыру мақсатында бірқатар кеңестер өткізіліп, өңірлерге нақты тапсырмалар берілді», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы.

Бұл ретте Жамбыл облысы әкімдігінің ресми ақпаратына сәйкес, 2022 жылы тек бір «Отбасын қолдау» орталығын ашу жоспарланған, ал Жол картасының жоспарлы көрсеткіші – 3. Осылайша, бұл индикатордың орындалмау тәуекелі анықталып отыр. Осыған байланысты, Жамбыл облысының әкімдігі орталықтарды ашуға 2022 жылға қаржы қарастыруы қажет.

«Біз өз тарапымыздан республикалық және өңірлік деңгейде кез келген пайдалы бастамаларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге дайынбыз», — деді А. Омаров.

Ведомство басшысы жастар мен отбасын қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы барлық сұрақтар бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, сондай-ақ жергілікті жастар ресурстық орталықтарына, өңірлік ішкі саясат, халықты әлеуметтік қорғау басқармаларына жүгінуге болатынын айтты.

БАҚ саласын дамыту

Ақпарат және қоғамдық даму министрі сапар аясында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша БАҚ өкілдерімен кездесті. Асқар Омаров Jambyl телеарнасында болып, «Мойынқұм таңы» газетінің жұмысымен танысты. 

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 164 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдары – 94, телеарналар мен радио – 6, ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар – 64. Олардың жұмыс бағыттарының бірі - өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыру. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік сатып алу нормаларын қолданбай, жаңа тетік бойынша жүзеге асырылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі оны енгізуге байланысты туындайтын проблемалық мәселелер барын атап өтті.

Оның айтуынша, жергілікті билік бюджет қаражатын барынша біркелкі бөле отырып, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыруға жергілікті БАҚ-тың барынша көп санын тарту қажеттігіне назар аударуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық тапсырысты бөлу жөніндегі конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізуді қамтамасыз ету қажет. 

«Атап айтқанда, аудандық БАҚ өкілдеріне шамалы бюджет қаражатын бөлу және конкурстар өткізу кезіндегі кідірістер бөлігінде проблемалар бар. Осы бағыттар бойынша мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша Өңірлік комиссиясының жұмысын күшейту талап етіледі», — деді А. Омаров.

Сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Жамбыл облысындағы ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға басымдық беріп отыр. Қоғамдық бірлестік өкілдері өз ұсыныстарын, мәселелерін айтты. 2022 жылы Жамбыл облысында 700-ден аса ҮЕҰ қызмет етіп жатыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу