ҰОС ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек түрінде 545 млн теңге төленді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты. 

Биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне 109 ардагерге жалпы сомасы 545 млн теңгеге біржолғы материалдық көмек төленді. Жеңіске үлес қосқан өзге де санаттардағы азаматтарға да 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 мамыр күні Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөз сөйлеп, мерейлі мереке қарсаңындағы мазмұнды шаралардың маңызы туралы айтқан болатын. 

«Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес», — деп атап көрсетті Президент.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында вице-министр 2025 жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 105 ардагері және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрып жатқанын хабарлады.

Олардың ішінде: 

  • қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 64 адам; 

  • концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 129 адам; 

  • ҰОС кезінде алған жарақаты, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 1 638 адам; 

  • ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; 

  • тыл еңбеккерлері – 38 874 адам.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан барлық ардагерлерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Өз елінің тарихын білу және құрметтеу, сондай-ақ келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындата отырып, майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің жасаған ерліктерін ұмытпау әр адамның міндеті. 80 жыл бойы ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуда», — деді Олжас Анафин.

Министрліктің мәліметінше, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 271 802 теңгені, ал ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері алатын орташа жиынтық мөлшері 179 800 теңгені құрайды.

«Қазіргі кезде әскери қызметшілер пайдаланатын құқықтар мен кепілдіктердің барлығы ардагерлеріміз үшін де жарамды. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторий-курорттық емдеу ұсынылуда», — деп толықтырды спикер.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және тартылған демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (атаулы) күндерге, тұрғын үйге жөндеу жүргізу, отынмен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бойынша жеңілдіктерді және басқа да көмек түрлерін көрсетеді.

Бұдан басқа, жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай әр өңірде жеке белгіленетін біржолғы материалдық көмек беру жыл сайынғы дәстүрге айналды. 

«Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне бүкіл ел бойынша жергілікті атқарушы органдар ҰОС ардагерлеріне бірыңғай мөлшерде – 5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетті», — деді Олжас Анафин.

Оның айтуынша, ҰОС Жеңісіне үлес қосқан азаматтардың өзге де санаттарына 9 мамырға дейін келесідей мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілді:

  • қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60-тан 200 мың теңгеге дейін (64 адам); 

  • концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 98-ден 200 мың теңгеге дейін (129 адам); 

  • мүгедектігі бар қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің жұбайларына – 50-ден 150 мың теңгеге дейін (1638 адам); 

  • ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлеріне – 50 мың теңге (2 адам);

  • тыл еңбеккерлеріне – 50-ден 200 мың теңгеге дейін (38 874 адам).

Сонымен бірге жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл әлеуметтік көмектің басқа да түрлері ұсынылатын болады, оның ішінде:

  • коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді өтеуге (2,6 млрд теңгеге 193 749 адам);

  • тұрғын үйді жөндеуге көмек (21,5 млн теңгеге 61 адам);

  • отын сатып алу үшін (14,5 млн теңгеге 342 адам);

  • қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (4,1 млрд теңгеге 209 837 адам);

  • дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша (48,5 млн теңгеге 2 856 адам);

  • тіс протездеуге (441,9 млн теңгеге 3 456 адам);

  • азық-түлік жиынтығы (103,9 млн теңгеге 9 551 адам).

ҰОС ардагерлеріне және Ұлы Жеңіске үлес қосқан басқа да санаттарға жататын азаматтарға Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне мерейтойлық медальдар табыс етілді.

Ресми дерек бойынша, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды.

Жауынгерлік еңбегі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанды (Т.Бигелдинов, С. Луганский, И. Павлов және Л. Беда), 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін басын құрбандыққа тікті – ұрыста қаза тапты, жараланып, аурудан қайтыс болды, хабар-ошарсыз кетті. 

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин баспасөз мәслихатында бүгінгі күні ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары орталық және жергілікті деңгейде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 6,5%-ға және ынтымақты зейнетақы бойынша 8,5%-ға өсті. Қабылданған шаралар халықаралық тәжірибеде ұсынылатын табысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін (40%) орындауға мүмкіндік берді, бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасында 54,8%-ды құрады», — деді ол.

Министрлік өкілінің дерегінше, басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі жүзеге асырылады, оның негізгі алушылары егде жастағы азаматтар болып саналады (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және басқалары). Нәтижесінде, 2025 жылғы 1 мамырға Ұлы Отан соғысының ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 271 мың теңгені, Ұлы Отан соғысы уақытындағы тыл еңбеккерлерінің жиынтық мөлшері 179 мың теңгені құрады.

«Екіншіден, ардагерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Барлық ардагерлерге салық салуда жеңілдіктер қарастырылған, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі. Үшіншіден, біржолғы әлеуметтік көмектің жыл сайынғы төлемдері дәстүрге айналды. Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі әрбір өңірде жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай жеке белгіленеді», — деді Олжас Анафин.

#Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу