Заңға түзетулер енгізу, бюджетті бөлу және дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау — Президенттің тапсырмалары қалай іске асырылып жатыр

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы брифинг өтті. ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. 

Биыл 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты кезектен тыс Жолдауын жариялады.

Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыровтың хабаралуынша, Жолдауды іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының биылғы 29 наурыздағы Жарлығымен жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған 10 бағыт бойынша 36 іс-шарадан тұрады. 

Мәселен, бүгінде жұмыс 3 негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр: 

  1. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру; 
  1. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру; 
  1. Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар. 

«Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады. 

Қазіргі уақытта Министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Биыл 25 наурызда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. В. Склярдың төрағалығымен осы облыстарды құру мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. 

«Жалпы жұмыс Президенттің тиісті жарлықтарын қабылдау бойынша бекітілген (биыл 25 наурызда) жұмыс алгоритміне сәйкес жүргізілуде. Алгоритм жауапты орындаушыларды және орындау мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарға сәйкес міндетті түрде жүргізілуге тиіс іс-шаралар мен рәсімдердің тізбесін қамтиды», — деді Ә. Қуантыров.

Осы күні өңірлер алгоритмінде көзделген негізгі іс-шараларды аяқтады.

Биыл 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, онда Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныс қолдау тапты. 

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекараларын айқындауда халықтың пікірі мен экономикалық және инфрақұрылымдық әлеует, халық саны және басқа да өлшемшарттар ескерілді. 

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының өткізілген сессияларының қорытындысы бойынша қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу күтілуде, онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекаралары бойынша мәселе қаралатын болады. 

Сонымен қатар құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалыптастыру, жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайлар мәселелері талданады. 

Жалпы алгоритмге сәйкес мемлекеттік органдар мен өңірлердің негізгі жұмысы биыл 20 сәуірге дейін аяқталады, ал Президенттің тиісті Жарлықтарының жобалары мамыр айының басында Президент Әкімшілігіне енгізіледі.

«Жұмыс алгоритмінің іс-шараларын іске асыру Министрліктің күнделікті бақылауында. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» бағыты бойынша 2 іс-шара іске асырылады. Өңірлердің дербестігін кеңейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жеке заң әзірленуде. Осы жұмысқа өңірлердің өздері де, азаматтық қоғам өкілдері де тартылған. Басты міндет — жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту, процестерді бюрократиядан арылту және олардың қаржылық дербестігін нығайту, яғни негізгі тәсілдер жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады», — деп ақпарат берді Ә. Қуантыров.

Мысалы, ауылдардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерін тікелей қаржыландыру тетігі енгізілетін болады. 

Одан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру бойынша мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіледі. Бүгінгі таңда аталған нормаларды іске асыру тетігі мен одан әрі регламенттеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталып жатыр.

«Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы» бағыт бойынша 5 іс-шара іске асырылады.

Әлеуметтік-экономикалық дамуға әсері бар тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын әзірледі. Оны іске асыру геосаяси ахуалдың шиеленісуінің салдарын нивелирлеуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және төмендету, сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыру, экономика салаларын қолдау және инвестицияларды тарту бағыттары бойынша жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік береді. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы аясында елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің басталуын және елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуын білдіреді», — деп қосты Ә. Қуантыров.

Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин де баяндама жасады. Бүгінде Президенттің Жарлығымен Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді, онда 36 іс-шара қарастырылған, олардың 18-і – заңнамалық сипатта, 5-і заңға тәуелді актілерді қабылдауды талап етеді, қалған 7 іс-шара жалпы сипатқа ие. 

«Президенттің өкілеттігін қайта қарау, биліктің өкілді тармағын қайта құру; сайлау жүйесін жетілдіру; партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту; сайлау процесін жаңғырту және құқық қорғау институттарын күшейту бойынша Жолдаудың алғашқы алты бағытын іске асыру 6 заң жобасын әзірлеуді талап етеді», — деп мәлімдеді Қ. Мусин.

Бірінші «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленеді. Оны бүгінде Президенттің өкімімен құрылған жұмыс тобы пысықтап жатыр. Жұмыс тобының құрамына мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым-құқықтанушылар кірді. Олар заң ғылымдарының докторлары, конституциялық құқық, мемлекет теориясы және құқық саласында мамандандырылған профессорлар. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. 

Конституцияға енгізілетін түзетулер келесі бағыттарды көздейді: 

  1. Президенттің өкілеттігін қайта қарау және оның өкілеттігін орындау кезеңінде Президент қызметінде болуына байланысты қосымша шектеулер енгізу (мысалы, Президент саяси партияға мүшелігін тоқтатуға міндетті болады, ал оның жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруға тыйым салынады); 
  1. Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібін, Парламент пен оның Палаталарының заңдар қабылдау және басқа да мәселелер жөніндегі құзыретін қайта қарау; 
  1. адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Прокуратура органдарының және құрылатын Жоғары аудиторлық палатаның қызметін регламенттеу; 
  1. жаңадан құрылатын Конституциялық соттың мәртебесі мен өкілеттіктерін регламенттеу (мысалы, адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Бас Прокурорға және азаматтарға адамның конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілетін болады); 
  1. өлім жазасын жою. 

Конституцияға түзетулерді әзірлеу бойынша жұмыстарды биылғы сәуір айының соңына дейін аяқтау, ал оларды қабылдау биылғы маусым айының соңына дейін жоспарланған. 

Екіншіден, Конституцияға енгізілетін түзетулерді іске асыру үшін 3 жаңа конституциялық заңның жобаларын әзірлеу қажет: 

  • «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы»; 
  • «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы»; 
  • «Прокуратура туралы». 

Бұл Конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін қамтитын болады. Алғашқы екі заң жобасының әзірлеуші органы — Әділет министрлігі, ал «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобасын Бас Прокуратура Әділет министрлігімен бірлесіп әзірлейді. Аталған заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу биылғы тамызға дейін, ал оларды қабылдау осы жылдың соңына дейін жоспарланған. 

Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы іске асырылып жатқан бастамалармен ұштастыру мақсатында Әділет министрлігі Президент туралы, Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы, Сайлау туралы, Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізуді қарастыратын Конституциялық заңның жобасын әзірлейтін болады. 

Сондай-ақ саяси партиялар туралы, жергілікті мемлекеттік басқару туралы, мемлекеттік аудит туралы заңдарға және басқа да бірқатар заңға түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленеді. 

Мысалы, саяси партиялар туралы заңға саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санын 1000-нан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын үш есеге 600-ден 200 адамға дейін азайту көзделіп отыр. 

Жалпы түзету заң жобалары Конституциялық заңдарды қоса алғанда, 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді. Аталған заң жобаларын да Парламенттің қарауына енгізу биылғы тамызға дейін, ал оларды қабылдау осы жылдың соңына дейін жоспарланған. 

«Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту мәселелері бойынша саяси реформалардың жетінші бағытын іске асыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша жеке заң жобасын әзірлейді», — деп ақпарат берді Әділет министрлігінің басшысы.

Заң жобасында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, қолданыстағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау көзделеді. Заң жобасын қабылдау 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған. 

Өз кезегінде Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру қажеттілігін де атап өтті (саяси реформалардың тоғызыншы бағыты). Осыған орай, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттары функцияларының аражігін ажыратуға, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты тапсырмалар Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатқан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы аясында іске асырылады. 

БАҚ өкілдерімен тілдесу сессиясы кезінде баяндамашылар журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Мәселен, алғаш қойылған сұрақтардың бірі ҚР Конституциясына түзетулер әзірлеу жөніндегі комиссияның жұмысына қатысты болды. Сұраққа әділет министрі Қанат Мусин жауап берді. Оның айтуынша, ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеу жөніндегі комиссия толық құрамда жұмыс істеп жатыр. Заң ережелерінің негізгі тұжырымдары дайын. Қазір олар талқыланып жатыр.

«Қазір талқылау және шешім шығару кезеңі», — деп нақтылады Қанат Мусин.

Сондай-ақ журналистерді БАҚ туралы заңның нақты қандай нормаларын өзгерту ұсынылатыны, сондай-ақ заң жобасын Мәжіліске қашан енгізу жоспарланғаны қызықтырды.

Әділет министрлігі басшысының айтуынша, заң жобасын Мәжіліске 2023 жылы енгізу жоспарланған. Әзірге Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында берген бағыттарға сәйкес заң нормаларын өзгертуге тұжырымдамалық тәсілдер әзірленіп жатыр.

«Бұл оңай жұмыс емес. Осы саладағы қатынастарды тиісті дәрежеде реттейтін және қоғамды да, журналистерді де қанағаттандыратын заң болуы үшін уақыт қажет. Сондықтан Мәжіліске 2023 жылы енгізу жоспарланып отыр», — деп түсіндірді ол.

ЕурАзЭҚ-тағы өзара қарым-қатынасты қайта қарау және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі сұраққа ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров өзара қарым-қатынасты қайта қарау жоспарда жоқ екенін, тауар айналымы санкциялық тізімдерге кірмейтін дәстүрлі позициялар бойынша жүзеге асырыла беретінін айтты. Сонымен қатар Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабта отандық кәсіпкерлерден келіп түскен негізгі мәселелер шұғыл түрде қаралып, тауарлар нарығының мониторингі тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Үш облысты құру және бюджетті бөлу туралы мәселеге қатысты Ә. Қуантыров үш жаңа облысты құру және алты облысты қайта ұйымдастыру туралы Жарлық әзірге жоқ екенін, Комиссия жұмысын жалғастырып жатқанын түсіндірді. Жаңа әкімдер тағайындалғаннан кейін жұмыс одан әрі жалғасады.

«Қазір әкімдіктер штатын және аумақтық бөлімшелерді, орталық мемлекеттік органдарды құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Әр түрлі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті органдардан штатты ұлғайту бойынша өтінімдер келіп түсуде, көптеген ұйымдастырушылық мәселелер бар», — деп түсіндірді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, бүгінде тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр, түпкі сандар облыстар толық құрылғаннан кейін айқын болады. 

Одан кейін журналистер қатты пайдалы қазбаларды өндіру салығын ұлғайтудың жоспарланған мерзімдері туралы сұрақ қойды. Бұған байланысты ұлттық экономика министрі ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты.

«Кем дегенде 1,3 есе өсім жоспарланып отыр. Алайда, негізінен, коэффициент көп болады. Біз тиісті тәсілдерді Президенттің реформалар жөніндегі жоғары кеңесінде таныстырдық. Бұл өзгерістер Ашық НҚА-да болған біздің шұғыл заң жобамызға енгізілді. Қазір ол мемлекеттік органдарда келісуден өтіп жатыр», — деп жауап берді Әлібек Қуантыров.

Криптовалюта және осы нарықтың дамуы туралы сұраққа Ә. Қуантыров бүгінгі таңда криптовалюталарды инвестициялауда тәуекелдер бар екенін атап өтті.

«Біз майнерлер үшін салық жүктемесін көбейту мәселесін қарастырып жатырмыз, қазіргі уақытта майнерлер үшін салық мөлшерлемесін криптовалюта құнына байланыстыру қарастырылып жатыр. Егер криптовалюта өссе, бюджетке жақсы болады», — деді Ә. Қуантыров.

Шын мәнінде криптовалютада осы валюта үшін негіз болатын нақты актив жоқ. Бұл тіпті дериватив емес, ол нақты сезілмейтін нәрсе.

«Егер адамдар криптовалюталарға инвестиция салса, онда белгілі бір әртараптандыру болуы керек, “жұмыртқаны тек бір себетке салуға болмайды” дегендей, криптовалюталарды басқа валюталар мен нақты активтер секілді әртараптандыру қажет. Егер криптовалютаны таңдасаңыз да, бір криптовалютаға, бір ғана битокинге немесе лайткоинға ғана инвестиция салудың қажеті жоқ, оны да әртараптандырған жөн. Нарық сонымен қатар әртүрлі трендтерді көрсететіндіктен, күрт құлдырау болуы мүмкін және адамдар көп қаражаттарын жоғалтуы мүмкін, содан кейін, тиісінше, шағымданып бастайды. Әрдайым әртараптандырып, инвестицияның осындай түрлеріне өте мұқият қарауымыз керек», — деп түсіндірді Ә. Қуантыров.

Сондай-ақ Ә. Қуантыров қазақстандықтарға ақшаны теңгемен депозитте сақтауға кеңес берді.

«Артық ақша көп болса, әрине, оларды жылжымайтын мүлікке де салуға болады. Қазақстандықтар үшін ең қарапайым қолжетімді тәсіл – бұл ақшаны теңгемен депозитте сақтау деп ойлаймын. Бұл ең оңайы, қолжетімдісі, ақшаны айналымға салу үшін бірнеше депозит түрі бар. Неліктен теңгемен жинаған дұрыс? Себебі мөлшерлемесі доллармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бізде доллармен өте төмен пайыз беріледі – жылына шамамен бір пайыз ғана. Сондықтан, ең тиімді тәсіл ретінде теңгелік депозитке салған ыңғайлырақ. Сонымен қатар бос қаражаттарды салуға болатын түрлі қаржы құралдары бар, алайда егер нарықтарды дұрыс білмейтін қарапайым шолушы болса, оны тексерілген брокер арқылы жасап, активтерді әртараптандырған жөн», — деп кеңес берді Ә. Қуантыров.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу