09 Сәуір 2025, 17:30
Инфрақұрылым нысандарына қажеттілік артып отырған қазіргі жағдайға орай, елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) маңызды құралға айналуда. Қазіргі таңда аталған салада заңнаманы жетілдіру өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде хабарланды.
Баспасөз мәслихатында ҚР ҰЭМ Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметов пен «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асылан Қалиғазин БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
«Соңғы жылдары МЖӘ жобаларын жоспарлаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыратын түзетулер қабылданды. Енді МЖӘ шарттарын жасасу тек конкурстық негізде жүргізіледі. Ал, жоспарлау және конкурстық іріктеу рәсімдері цифрлық форматқа көшірілді», — деді Әлішер Шаяхметов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында МЖӘ аясындағы жобалардың сапасына қатысты арнайы тапсырма берген болатын.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын», — деп атап өтті Президент.
Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алуды айналып өтуді болдырмау мақсатында МЖӘ жобалары үшін инвестициялық және пайдалану кезеңдерін іске асыру бойынша міндетті талаптар белгіленген.
ҚР ҰЭМ Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметовтің айтуынша, бизнесті әлеуметтік инфрақұрылым әзірлеуге белсенді тарту үшін білім беру, денсаулық сақтау, спорт және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы 43 нысанды іске асыруды көздейтін 2024-2028 жылдарға арналған МЖӘ дамытудың кешенді жоспары қабылданды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңнамасына тәуелсіз талдау жүргізуге Азия даму банкінің халықаралық сарапшылары тартылды. Есеп қорытындыларымен МЖӘ туралы Заңның халықаралық стандарттарға сәйкестігі расталды», — деп атап өтті ол.
Сонымен бiрге мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесiн одан әрi жетiлдiру үшiн осы тiзбеге ерекше маңыздылық мәртебесiн бере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ауқымды жобаларының пулын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргiзiлуде.
Бұл халықаралық қаржы ұйымдарының жобаларды бiрлесiп дайындау мен қаржыландырудағы мүддесiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
«Биыл жаңа Бюджет кодексі шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнаманы біріздендіруге бағытталған түзетулер қабылданды, олар “Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы” және “Концессиялар туралы” заңдарды біріктіруді көздейді, бұл неғұрлым тұтас құқықтық негіз құруға мүмкіндік жасайды», — деді Әлішер Шаяхметов.
Бүгінгі таңда қабылданған түзетулерді іске асыруға бағытталған нормативтік заңға тәуелді актілерді келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Артық бюджеттік міндеттемелердің туындауынан болатын теріс әсерді нивелирлеу мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдардың 2025-2027 жылдарға арналған мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттерін белгіледі.
«Жалпы, біз жүргізіп отырған жұмыс мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралының тиімділігін арттыруға және инвестицияларды одан әрі ынталандыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Толығырақ ақпаратты Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығынан әріптестерім беретін болады», — деп түйіндеді сөзін Әлішер Шаяхметов.
Өз кезегінде «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асылан Қалиғазин Орталықтың мақсаты тиімді ұлттық экономиканы қалыптастыруға қатысу, мемлекеттік инвестициялық саясатты жүргізуге жәрдемдесу, әдістемелік қолдау көрсету және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ең үздік тұрақты тәжірибелерін кеңейту екеніне тоқталды.
«Бұл ретте біздің жұмысымыздың басты қағидаты – мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Ол туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше атап өтті. Бұл тепе-теңдік – табысты жобаларды жүзеге асыру мен тұрақты экономикалық дамудың кепілі. Қазіргі уақытта осы қағидаларды іске асыру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдануда», — деп мәлімдеді ол.
Асылан Қалиғазиннің айтуынша, Президенттің бірқатар тапсырмаларын орындау шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстың бағыттары келесідей:
2022 жылдан бастап жобаларды жоспарлау мен іске асыру сапасын одан әрі арттыру мақсатында МЖӘ саласындағы заңнаманы түбегейлі жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Осы жылдың 15 наурызында Мемлекет басшысы бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Заңға қол қойды, оның аясында МЖӘ туралы заңнамаға да өзгерістер енгізілді.
Жалпы алғанда, МЖӘ туралы заңнамаға енгізілген негізгі түзетулер келесілерді көздейді:
МЖӘ және концессия саласындағы заңнаманы біріктіріп, бір заңға шоғырландыру арқылы біріздендіру. Атап айтқанда, бұл өзгерістер «Концессиялар туралы» Заңды алып тастауды көздейді, өйткені оның нормалары МЖӘ туралы Заңның ережелерімен қайталанады. Сонымен қатар бірыңғай тәсілдер енгізіліп, МЖӘ-ні құқықтық қолдану тәжірибесі жеңілдетіледі.
Сондай-ақ түзетулерге сәйкес бұрынғы келісімшарт түрлері біріктіріліп, «МЖӘ шарты» деген бірыңғай атаумен біріктіріледі. Тек екі ерекше түр – концессия және сервистік келісім жеке қарастырылады.
«Бұрынғы күрделі әрі тым егжей-тегжейлі келісімшарттар жіктемесі жобаларға қатысушыларды да, тексеруші органдарды да жиі шатастырып келді. Шын мәнінде, бұл тек мазмұн ерекшеліктерінің көрінісі ғана еді, ал құқықтық реттеу жағынан айырмашылық болмаған. Мұндай оңайлатылған тәсіл жалған мәмілелердің алдын алып, шетелдік инвесторлар үшін отандық МЖӘ тәжірибесін түсінуді жеңілдетеді», — деп түсіндірді спикер.
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асылан Қалиғазиннің айтуынша, келесі маңызды өзгеріс – бір және екі кезеңді конкурстарды қолдану тәсілдерін қайта қарау.
Бүгінгі күнге дейін екі кезеңді конкурстар Қазақстанда өте сирек, негізінен республикалық деңгейдегі кейбір жобаларда ғана қолданылған. Ал халықаралық қаржы ұйымдары керісінше, екі кезеңді іріктеуді ең үздік техника-технологиялық және қаржылық шешімді анықтайтын озық тәжірибе ретінде ұсынады. Осыған байланысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, жобалау және құрылыс кезеңдерін қамтитын барлық МЖӘ жобалары екі кезеңді конкурстық рәсімдерге ауыстырылады.
Бұдан бөлек, келесі өзгерістер де көзделген: потенциалды жеке серіктестерге қойылатын талап жеңілдетіліп, жобаға жеке капитал салу мөлшері 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілді. Бұл түзету конкурстарға қатысу кедергілерін азайтады және ірі көлемдегі қаржысын сала алмайтын, бірақ МЖӘ жобаларын іске асыруға қабілетті компаниялардың нарыққа кіруіне жол ашады.
Сонымен қатар жеке серіктестің бұл қаражатты конкурс алдындағы кезеңде өз шотында «тоқтатып» қою талабы алынып тасталды. Яғни, бұл қаражатты растау тек конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін мүмкін болады.
«МЖӘ жобаларын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету мақсатында, кеңес беру және сараптамалық қызметтер көрсететін ұйымдарға аккредитация енгізіледі. Бұл аккредитацияны Ұлттық экономика министрлігі өз талаптарына сай жүзеге асырады және бұл ретте бағалау сипаты алынып тасталады. Атап айтқанда, бұл талаптарға: МЖӘ жобаларында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар үш маманның және халықаралық CP3P сертификатына ие кемінде екі маманның болуы кіреді», — деп толықтырды Асылан Қалиғазин.
Сондай-ақ жобаларды жоспарлау мерзімдерін және әзірлеу мен сараптама жүргізуге кететін мемлекеттік шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін «Бағдарламалық МЖӘ» тетігі енгізілді. Бұл – рәсімдерді оңтайландыру және үлгілік құжаттаманы қолдану арқылы жүзеге асырылады.
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының түсіндіруінше, бағдарламалық МЖӘ аясында салалық орталық мемлекеттік органдар МЖӘ жобаларының базалық параметрлерін өз бетінше айқындайды. Жеке серіктесті айқындау және МЖӘ шартына қол қою қағидаларын өздері бекітеді. Сондай-ақ салалық ерекшеліктерді ескере отырып, конкурс өткізуге арналған үлгілік құжаттардың дайын пакетін қолдануға мүмкіндік алады.

«Қазіргі таңда мектептер, жатақханалар және емханалар салу мен пайдалану жобаларын тираждап іске асыруға арналған салалық қағидалар мен үлгілік құжаттар бекітілді. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және экология салалары бойынша осындай құжаттар әзірлену және келісу сатысында», — деп атап өтті Асылан Қалиғазин.
Сонымен қатар ол брифинг барысында келесі МЖӘ жобаларын жүзеге асыруды бағалауға тоқталды. Жалпы сомасы 3,4 трлн теңгеге 1200-ден астам келісімшарт жасалды, оның ішінде 719 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 391 жоба аяқталды.
Бүгінде МЖӘ жобаларының салалық құрылымы келесідей көрінеді: ең көп келісімшарттар білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және ТКШ салаларында жасалған. Бұл салалар жалпы жобалардың 88%-ын құрайды. Ал құны жағынан 33%-ы көлік және инфрақұрылым саласына тиесілі, себебі бұл салаларда ең капиталды қажет ететін жобалар, мысалы, автожолдар мен әуежайлар жүзеге асырылуда.
«Енді өткен жылғы МЖӘ жобаларының статистикасына тоқталайық. 2024 жылы 54 келісімшарт жасалды, оның жартысынан көбін Атырау мен Түркістан облыстарындағы мектеп асханаларын жаңғырту жобалары құрайды. Ең ірі жобалар (құны 20 млрд теңгеден асатын) Алматы облысында Конаев қаласында кәрізді тазарту құрылыстарын салу және пайдалану, сондай-ақ жолдар мен қоғамдық қауіпсіздік жүйесін енгізу және пайдалану бойынша екі жоба, Атырау қаласында 4000 орындық екі мектепті салу және пайдалану бойынша екі жоба. Басқа жобалар арасында — абаттандыру, студенттерге арналған жатақханалар құрылысы және спорт кешендерін, спорт клубтарын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ұйымдастыру және пайдалану бойынша 7 МЖӘ жобасы бар», — деді Асылан Қалиғазин.
Бұл ретте қаржыландырудың ауқымы мен тиімді басқарудың қажеттілігін ескере отырып, өңірлік деңгейде мониторинг жүргізу және жобалардың нәтижелерін бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Жобалардың бюджеттен тыс қаржыландыру көздері мен тұтынушылардың төлемдері арқылы өтелетін үлесін арттыру және әкімдіктердің мониторинг жүргізу процестерін ұйымдастыру мақсатында өңірлерде рейтинг енгізілуде. Қазіргі уақытта рейтингті есептеу әдістемесі әзірленуде. Мұндай жобаларды жүзеге асырудың тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін негізгі факторлардың бірі — барлық қатысушылардың кәсіби құзіреттіліктерін дамыту болып саналады.
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асылан Қалиғазин 2015 жылдан бері МЖӘ даму орталығында мемлекеттік органдардың және бизнес қоғамдастығының мамандарын оқыту жүргізіліп жатқанын айтты.
Соңғы үш жылда шамамен 60 семинар мен вебинар өткізіліп, 800-ге жуық қатысушы қамтылған. Жыл сайын МЖӘ даму орталығында оқытуды өтемін дегендердің саны артуда. Бұл оқыту жүргізу тәсілдерінің үздіксіз жетілдірілуімен, клиентке бағдарланудың артуымен байланысты. Мысалы, Ақтөбе, Алматы, Қонаев, Қостанай, Қарағанды және Түркістан қалаларында көшпелі семинарлар өткізілді. Кәсіби ортада дамуды ескере отырып, МЖӘ даму орталығы оқытуға қатысты тәсілдерді жақсарту бойынша жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Нақтырақ айтқанда, қатысушылардың нақты мәселелері мен міндеттеріне бағытталған мақсатты семинарлар, сондай-ақ бейнемазмұн форматындағы семинарлар өткізілетін болады. Сонымен қатар кейс-стади енгізу, жүзеге асырылған жобаларды талдау, мемлекет пен жеке серіктестер арасындағы келіссөздерді модельдеу үшін іскерлік ойындар өткізу жоспарлануда», — деді орталық басшысы.
Сонымен қатар МЖӘ даму орталығы халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды. Мысалы, ЕҚДБ, АБР және IFC қолдауымен МЖӘ саласындағы мамандарға арналған халықаралық сертификаттау бағдарламасы бойынша 67 ОМО және ЖАО қатысушысы оқытылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі уақытта халықаралық қаржы институттарымен (ХҚИ) бірлесіп МЖӘ жобалары пулын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобалар жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарынан таңдалады. Кейін олар халықаралық қаржы институттарымен келісіліп, Қазақстан Үкіметі бекітетін тиісті тізімге енгізіледі. Осы жобаларды әзірлеу халықаралық қаржы институттары таңдаған консультанттармен, мүдделі мемлекеттік органдар мен МЖӘ орталығының қатысуымен жүргізіледі.
«Мысалы, Қарағанды қаласындағы университеттік аурухана жобасы бойынша, бұл тізімге енгізілген, Азия даму банкі (АДБ) консультанттары конкурс құжаттамасын әзірлеп, жеке серіктесті (концессияшыны) таңдау бойынша халықаралық конкурс жариялады. Қазіргі уақытта АДБ консультанттары Алматы қаласында 2900 орындық студенттік жатақхана құрылысын және пайдалануға беруді жүзеге асыру жобасы бойынша құжаттаманы әзірлеуде», — деді спикер.
Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, осындай МЖӘ жобалары пулының болуы халықаралық инвесторлар тарапынан мемлекет инвестициялық саясатының ашықтығы мен жүйелілігі ретінде бағаланып, оның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Мұндай бірлескен жұмыс сөзсіз ең үздік халықаралық тәжірибелерді қолдану арқылы жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
#Инвестициялар #МЖӘ #Президенттің тапсырмасы«Қорытындылай келе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік экономиканы дамытудағы маңызды құралдардың бірі болып қала беретініне тоқталғым келеді. Ол стратегиялық салаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мемлекет, бизнес және қоғам бірлесіп жұмыс істеп, ашықтықты, тиімділікті және өзара пайда әкелуді қамтамасыз етуі өте маңызды. Біз алдағы уақытта да МЖӘ тетіктерін жетілдіріп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, елге пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», — деп түйіндеді сөзін «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асылан Қалиғазин.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу