Жануарларды қорғау туралы заң, Экологиялық кодекс және жасыл энергетика — Қазақстанда экологияны дамыту және табиғи ресурстарды қорғау

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев онлайн-брифингте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында берген тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы айтты.

Президент жолдауы – бұл мемлекет пен қоғам дамуының басымдықтары белгіленген және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құжат.

«Бүгінгі таңда қоғамды экология мәселелері, қоршаған ортаның жағдайы көп толғандырып келеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ретінде бұл мені, әрине, қуантады. Азаматтардың белсенділігі мен берік ұстанымы бізді тиімді шаралар қабылдауға ынталандыратыны сөзсіз», — деді М. Мырзағалиев. 

Жолдауда қоршаған ортаны қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне Президент айрықша мән аударуда. 

 

Жаңа экологиялық кодексті қабылдау

Министрдің айтуынша, бұл өте маңызды құжат және ол жан-жақты талқыланды.

«Жасыратыны жоқ, экологиялық және экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті ескеру қажет болғандықтан қиындықтар кездесті. Экологиялық ахуалды барынша тез жақсартамын деген азаматтардың ықыласын түсінуге болады. Алайда бұл ахуалдың жақсаруы бір дегенде емес, бірнеше жылдың ішінде орын алады. Себебі экологияны жақсарту үшін біздің өнеркәсіпте айтарлықтай техникалық және технологиялық жүйелі өзгерістерді іске асыру қажет. Үш күн бұрын Мемлекет басшысының Экологиялық кодекске қол қойғанын ерекше қуанышпен атап өткім келеді. Қабылданған құжатты реформаторлық деп атауға болады және де ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропа одағы елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, пысықталды», — деді министр. 

М. Мырзағалиев Экокодекстің негізгі басымдықтарына қысқаша тоқталып өтті.

Біріншіден, «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы қалпына келтіруге міндетті.

Екіншіден, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% шығарындыларының көзі болып табылатын 50 ірі кәсіпорында енгізу жоспарланған. Еуропада 15 жыл ішінде Ең озық қол жетімді технологиялардың арқасында шығарындылар 94%-ға азайтылды. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар қол жетімді технологияларды пайдаланбаса, олардың эмиссия үшін төлем мөлшерлемелері едәуір артады. 

Үшіншіден, бұл қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ).

М. Мырзағалиевтің айтуынша, қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өтудің әдістері жеңілдетілді. Бүгінгі күні барлық табиғат пайдаланушылар (шамамен 20 мың) қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімінен өтуде. Жаңа Экокодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен 2600 кәсіпорын. Осылайша, шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысатын болады. (4 кезең — ниет туралы өтініш, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласы, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың есебі, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың нәтижелері туралы қорытынды). Екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. 

Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден шығарындылардың, төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады (ЖҚС, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де объектілер). 

Ал төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады (автожуу, ТҚО, қоғамдық тамақтану объектілері, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес объектілері). Бұл ретте бірқатар кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту қажеттілігінің болмауы оларды мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайды. Яғни барлық кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтауға міндетті.

Төртіншісі, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлем.

Эмиссияларды мақсатты жұмсау мәселесі ең көп талқыланатын мәселелердің бірі болған еді. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада эмиссия үшін түскен төлемдерді табиғатты қорғау іс-шараларына мақсатты жұмсау міндеттілігі көзделмеген. Бұл әкімдіктердің келіп түсетін қаражаттың орташа алғанда тек 45%-ын (2019ж. – 87 млрд тг) ғана экологияға бөлентіндігіне алып келді. Бұл ретте кейбір облыстарда эмиссия үшін төлемдердің 10% аспайтын мөлшері экологиялық іс-шараларға жұмсалған.

Осыған байланысты, жаңа кодексте экологиялық төлемдердің 100% экологиялық іс-шараларға жұмсалатыны көзделген. 

Бесінші, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. 

Министр атап өткендей, бұл бағытта әлі көп жұмыс бар екенін мойындау керек. Дамыған елдер осы салада инновациялық шешімдерге әлдеқашан көшкен. Қазақстан әзірге бұған тек ұмтылуда.

Бүгінгі таңда еліміздің 3,2 мың полигонында 125 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 15 пайызды құрады. Алайда, бұл мүлдем жеткіліксіз. Салыстырар болсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан асады.

Осыған байланысты заңнамалық негізде қалдықтардың жиналуын азайту үшін WASTE TO ENERGY технологиясын қолдана отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізілді. Бұл технологияға сәйкес қоқыс өртеліп, электр қуаты шығарылады, содан кейін ол жалпы электр желісіне сатылады.

Бүгінде 6 пилоттық қала анықталды. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. Әкімдіктермен жер учаскелері, инфрақұрылым және қалдықтармен кепілдендірілген жүктеме мәселелері бойынша сұрақтар белсенді пысықталуда. Пилоттық жобалар табысты іске асырылған жағдайда, тәжірибе басқа қалаларға да таратылатын болады.

Осы технологияның арқасында 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейін 30%-ға, яғни орта еуропалық деңгейге дейін жеткіземіз деген жоспар бар.

 

Экономиканы декарбонизациялау және жасыл өсім

Декарбонизация – бұл көмірқышқыл газының шығарылуын азайту және жаңартылатын энергия көздері арқылы электр энергиясын өндіру. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемдік экономиканы декарбонизациялау үрдісі байқалады. Атап айтсақ, Еуропалық одақ шығарындылардың жоғары деңгейі бар елдерден импортталатын өнімдерге «шекаралық көміртек салығын» әзірлеуге кірісті. Бұл Еуропа нарығында отандық өнімдердің жоғары бәсекелестігін сақтау үшін шығарындылардың көлемін қысқарту қажет екендігін білдіреді. Бұл ретте, Министрлік Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл жұмыс 2021 жылғы маусымда аяқталады.

2020 жылдың желтоқсан айында климаттық амбициялар бойынша саммитте Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізетінін мәлімдеді. Жаңартылатын энергия көздері жобаларын белсенді іске асырумен қатар, бұл болашақта сутегі энергетикасын және көміртекті ұстау және сақтау технологияларын дамытуды көздейді. 

М. Мырзағалиев атап өткендей, Министрлік азаматтардан орасан зор қолдау тауып отыр. Жануарларға қатыгездікті, табиғатқа варварлық көзқарасты, әр резонанстық жағдайды азаматтар тез арада жеткізіп, жариялап отырады. 

«Бұл – дұрыс. Мұндай фактілерді жасыруға болмайды. Жануарлар мен өсімдіктерге деген осындай көзқарас экологиялық білімнің, экологиялық мәдениеттің жеткіліксіз болуынан туындайды. Біз табиғатқа, қоршаған орта жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтармен белсенді түрде жұмыс істеп келеміз, бірлесіп іс-шаралар, сенбіліктер, қоқыстарды тазарту, ағаш отырғызу бойынша акциялар өткізудеміз. Әрине, өткен жылы пандемияға байланысты мұндай шараларды қысқартуға мәжбүр болдық. Биыл осындай акцияларды жиі өткізе аламыз деп үміттенемін», — деді М. Мырзағалиев. 

 

Көгалдандыру мәселесі – басым міндетеріміздің бірі

Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн гектарды құрайды және республикамыздың 11% алып жатыр. 13 млн гектар жерде орман өсуде. Ормандылық көрсеткіш 4,8% құрайды. 2030 жылға қарай елдің ормандылығын 5% дейін ұлғайту жоспарлануда.

5 жыл ішінде орман қорында 2 миллиард және елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады. Бұл бағытта Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады. 

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта ормандарды ұлғайту мен орман өсірудің кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Пандемия ішкі туризмге деген сұранысты көрсетті. Бірақ бұл азаматтардың экомәдениетінің төмендігін де байқатты. Бізде Қазақстанда табиғаты ерекше жерлер көп. Табиғи парктер, қорықтар, туристер келгеннен кейін барлық жерде қоқыс жиналады. Әрине бұл табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Оған қоса, соңғы уақытта елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шара қабылдады.

Соның нәтижесінде ҚР Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау үшін отыз есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін он есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады. Бұл нормалар Қағидаларда көзделмеген еді.

Бұдан бөлек, орман заңнамасын бұзудан келген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Осылайша, қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

Бұдан басқа Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілді.

 

Экологиялық туризмді дамыту

Туризмдегі өркениетсіз көзқарас табиғатымызға, бірегей табиғи объектілерімізге кері ықпалын тигізеді. Сондықтан экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмнің әлеуеті зор.

Мемлекет басшысы ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жұмыс басталып та кетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 ұлттық парк бар. 

2019 жылы келушілер саны 1,5 млн адам болды. Бүгінгі күні ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлдем жеткіліксіз. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назар маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударылатын болады. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар және т. б. құру көзделіп отыр.

Осыған байланысты, тиісті шеберлік жоспарлары әзірленуде. Оларды жұртшылықпен талқылау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанында қоғамдық кеңестер құрылды.

Алматы тобының ұлттық парктерінде: Іле Алатауы, Шарын, «Алтын Емел» және «Көлсай көлдерінде» экотуризмді дамыту концепциялары әзірленіп, олардың презентациялары өткізілді.

Бұдан басқа, қалған барлық ұлттық парктерде экотуризмді дамыту бойынша тиісті концепциялар әзірленуде.

Сонымен қатар Министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік маршруттарға және экологиялық жолдарға рекреациялық жүктемені анықтау жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр.

Жалпы алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмнің дамуы, ең бастысы, ел азаматтарының табиғатты қорғауға, туристерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға, жергілікті тұрғындарды қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге әкеледі.

 

Жануарларды қорғау туралы заңды әзірлеу

Адамдар тарапынан жануарларға жасалатын негізсіз қатыгездікті түсіну мүмкін емес. Күн сайын дерлік әлеуметтік желілерде жануарларға жасалған қатыгездік фактілері жарияланады. Кем дегенде соңғы оқиғалар қатарын алыңыз. Аққуды тұншықтыру, итбалықты таспен атқылау, иттерді мазақ ету фактілері көп. Заңнаманы қатаңдату қажет.

Осылайша, жануарларға варварлық көзқарастың жиі кездесетін фактілерін жою мақсатында депутаттардың, жануар қорғаушылардың қолдауымен Жануарларды қорғау туралы заң әзірленді. Заңды іске асыру жануарларға жауапты иелік етуді және оларға ізгілікті қарауды қалыптастырады. Әртүрлі санаттағы жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптарды белгілеуге, жануарларды қатыгездіктен қорғауға мүмкіндік береді.

Заң әзірленіп, Парламентке енгізілді, Мәжілісте пысықтау күтілуде.

«Біз оны жұртшылықпен көп талқыладық. Біз тепе-теңдікті табуға тырыстық. Өйткені, жануарларды қорғаушылар өте белсенді түрде насихаттайтын нормалар бар. Мәселен, жануарларға наркозсыз операция жасауға тыйым салынады делік. Біз осындай норманы қойдық. Осыдан кейін біз жұртшылықпен талқылаймыз. Ветеринарлар бұл норманы осылай жазуға болмайды дейді. Наркозбен жасалатын және наркозсыз жасалатын операциялардың нақты тізімі болуы керек. Осыған байланысты құжат өте байыпты және жан-жақты талқыланды. Сондықтан, бұл пікірлерді жинап, содан кейін оларды бір құжатқа енгізу үшін, әрине, бір айдан да көп уақыт кетті», — деді министр.

Сондай-ақ М. Мырзағалиев заң жобасының Мәжіліс пен Сенаттағы барлық талқылаулары ашық және сындарлы түрде өтіп жатқанын атап өтті. Сондықтан заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына қатысу үшін әркім өз кандидатурасын ұсына алады.

Заңда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, айыппұлдарды алдын ала 5,8 млн теңгеге дейін ұлғайту немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.

Заңда бүкіл ел бойынша жануарларды орналастыруға бірыңғай талаптар қойылады, жануарларды өлтіруге тыйым салынады, тек зарарсыздандыру қажет, үй жануарларына қатысты бірқатар шаралар анықталады, қауіпті ит тұқымдарының және тұмылдырықсыз сыртқа шығаруға тыйым салынатын иттердің тізімі анықталады және т. б.

 

Суды ұтымды пайдалану

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, бүгінгі күні суармалы судың шығыны 40% құрайды. Осыған орай суды цифрландыру мен есепке алуды жаппай енгізу талап етіледі. 

Бұл өте маңызды мәселе. Бұл жерде фермерлердің санасы да маңызды, олар су сияқты маңызды ресурсты тиімді пайдалануы керек.

Соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 км3 құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен 20%-ға аз. 

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп вегетациялық кезеңнің қорытындыларына талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайтуды ескере отырып, су тапшылығына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі анықталды. Қазір бұл жер 1,6 млн га құрайды.

Осыған орай, біріншіден, еліміздің оңтүстік аймақтарында ылғал сүйгіш дақылдардың (күріш пен мақта) егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайту қажет. Екіншіден: жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғастырылатын болады. Үшіншіден: суарудың су үнемдеу технологияларын енгізбестен суармалы жерлердің ауданын ұлғайту мүмкін емес. Төртіншіден: суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында 2025 жылға дейін ұзақтығы 2,8 мың км болатын 119 негізгі каналдарда жаппай цифрландыруды жүргізу қажет.

Министр атап өткендей, Түркістан облысы Мақтарал ауданында биыл «К-19» магистралды каналында пилоттық жобаның табысты іске асырылды. Оның ұзақтығы 12 км және суармалы жерлерінің ауданы 3,6 мың гектардан асады, онда 328 шаруа қожалығы орналасқан. Каналды цифрландырудың арқасында судың 45% дейін артық шығындалатыны анықталды. 

Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен 8,3 км3 куб километр суды қосымша шоғырландыруға, сондай ақ су алуды 1 гектарға 8,8 мыңнан 6,6 мың куб метрге дейін қысқартуға мүмкіндік пайда болады. 

Ағымдағы лимиті 15 км3 куб километр болатын пайдаланылатын суды ескерсек, 2030 жылға қарай үнемделген су көлемі 3 млн га суармалы жерді суару үшін 19,8 км3 куб км көлемдегі қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

2030 жылға қарай балық шаруашылығының көлемін 30 есе арттыру жоспарланған

Мемлекет басшысы өз Жолдауында балық саласын дамыту қажеттігін атап өтті. Балық шаруашылығы әлемде де, Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатқан перспективалы бағыттардың бірі. Бұл ретте, мамандардың пікірінше, біздің еліміз жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіру бойынша айтарлықтай әлеуетке ие. 

Қазірдің өзінде өсірілген балық көлемі бойынша оң динамика байқалуда, оның өндірісі соңғы үш жылда 1,7 есеге артты (2018 ж. – 5,6, 2019 ж. – 7,4, 2020 ж. жоспар – 9,4 мың т).

Бұл ретте, министрлік Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама өткен аптада Үкіметпен мақұлданды. 

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін 30 есеге арттыру жоспарлануда. 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына ауысады. Оларды іске асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.

2020 жылы заңнаманы жетілдіру аясында балық ресурстарын пайдалану үшін жылдық төлемнің орнына тоқсандық төлем енгізілді. Сонымен қатар балық өсіру үшін 49 жыл мерзімге шарт жасасу мүмкіндігін бере отырып, балық шаруашылығына арналған су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге беру қағидалары бекітілді. 

Сонымен қатар, балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ бизнесті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босату жөнінде нормалар қабылданды.

Министрлік заңнаманы жетілдіру, сапалы балық өсіру материалдарымен, жеммен, бұдан басқа, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде, субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде балық шаруашылығы баптарына жеке нысаналы қаражат бөлу арқылы жұмыстар жүргізілетін болады.

Осылайша, жоспарланған шараларды іске асыру 10 жыл ішінде 2,2 трлн теңгеге 1,1 млн тонна балық өсіруге мүмкіндік береді. 

Екіншіден, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. 

Үшіншіден, экспорттық түсімді $330 млн дейін ұлғайтуға қол жеткізуге болады.

Төртіншіден, форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін 45-тен 25 мың тоннаға дейін төмендету. 

Бұдан басқа, бағдарламаны іске асыру кемінде 50 мың қосымша жұмыс орнын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады.

 

Арал теңізінің одан әрі дамуы

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, министр Арал теңізі бойынша жағдайға түсініктеме берді.

«Бұл өте күрделі мәселе, 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі кезде осы бағдарламаның бірінші кезеңі іске асырылды. Жобаны сәтті іске асырудың арқасында су айнасы 870 шаршы метрге немесе 40%-ға ұлғайтылды, судың минералдануы төмендеді, соның арқасында Солтүстік Аралдағы балықтың бір түрінен балықтың 20-ға жуық түрі мекендейді. Бұл жұмыс екі бағытта жалғасатын болады, су айнасын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерттеу және Арал теңізінің құрғаған түбіне ағаш отырғызу», — деді М. Мырзағалиев. 

Оның айтуынша, соңғы бірнеше онжылдықта шамамен 270 мың га сексеуіл орманы отырғызылды, бұл тұз және құммен күресудің тиімді әдістерінің біріне айналды.

«Алдағы 5 жылда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің құрғаған табанына 160 мың га жерге ағаш отырғызылады. Осылайша, біз орман отырғызумен қамтылған аумақтардың көлемін 430 мың га дейін жеткіземіз», — деді министр. 

 

Қазақстан мен Ресей Жайық өзенінің экожүйесін бірге қалпына келтіреді

М. Мырзағалиев трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы толығырақ айтып берді. 2020 жылдың желтоқсан айының басында Мәскеуде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен РФ табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы бірқатар стратегиялық маңызды құжаттарға қол қойды. Қабылданған құжаттардың ішінде Жайық және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламалары бар.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Жайық өзеніндегі су ағынының төмендеуі байқалады, бұл жайылма уылдырық шашатын жерлердің тозуына әкеліп соқты, соның салдарынан Каспий теңізінің бекіре тұқымдас балықтарының көбеюіне теріс әсер етті.

Кездесу барысында Жайық өзенінің экожүйесін сауықтыру бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Жоспар өте маңызды жұмысты білдіреді. Біріншіден, Жайық өзенінің ағысына әсер ететін барлық су көздеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі. Екіншіден, ағынның төменгі жағында орналасқан жоғарғы ағыстан Қазақстанға дейінгі ағыстың өтуімен байланысты барлық проблемалар анықталады. Үшіншіден, су қоймасы, артық су тарту және т.б. сияқты барлық кедергілер анықталатын болады. Бір сөзбен айтқанда, алдағы бірнеше жылда кешенді бірлескен жұмыс жүргізілетін болады. Бұл ретте, әрбір ел өз шығындарын өз бетінше көтереді.

«Нәтижесінде біз Жайық өзенінің арнасын сауықтырумен байланысты нақты шараларға келуіміз керек. Біз алдымызға қойып отырған екінші негізгі міндет - келісілген су тасқыны төгіндісі бойынша уағдаластықтарға қол жеткізу. Біз өзіміздің және ресейлік су қоймаларының үйлескен форматта жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл өте маңызды. Себебі Жайық өзенінің проблемасы жылдың ортасында, мамырдан шілдеге дейін өткір сезіледі. Дәл осы сәтте бізге жоғарғы ағыстағы су қоймаларынан су ағызудың жүргізілуі маңызды», — деді министр. 

Сондай-ақ, М. Мырзағалиев бұл жұмысқа тек өңірлердің, облыстардың бірінші басшылары ғана тартылуы тиіс екенін атап өтті.

«Айта кету керек, біз Жайық өзенінің салаларының бірі Елек өзені қиып өтетін Ақтөбе облысының әкімімен және Батыс Қазақстан облысының әкімімен осы мәселе бойынша өте тығыз жұмыс істейміз. Мәскеудегі кездесуде біз биыл I тоқсанда біздің делегациялардың Орынборда министрлер мен губернаторлар деңгейінде кездесіп, біз қол қойған іс-шаралар жоспарынан туындайтын барлық мәселелерді тағы бір рет талқылауы тиіс деп келістік. Жұмыс топтарын құруға келетін болсақ, олар бізде бар. Бізде бассейндік инспекциялар бар. Бұл жұмысты күшейтеміз», — деді М. Мырзағалиев. 

 

Елордадағы түтін мәселесі газдандыру арқылы шешіледі

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев барлық дайындық жұмыстары мен оған алғышарттар жасалғандықтан түтін мәселесін шешуге болады деп есептейді.

«Елбасының тарихи шешімінің арқасында “Сарыарқа” газ құбыры жүргізілді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында үйлерді газға қосу басталды. Біз бұл мәселені үнемі қадағалап отырмыз, бақылауда ұстаймыз», — деп сендірді министр.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, елордада 300 шақырымнан астам газ тарату құбыры салынды, 1000-ға жуық техникалық шарттар берілді, 300 үй газға қосылды. Газға қосылуға тағы бірнеше мың өтініш берілді.

«Мерекеден кейін қарқынды жұмыс басталады. Бірақ объективті түрде айта кету керек, биылғы жылы көптеген тұрғындар көмір сатып алды, сондықтан олар газға ауысуға дайын емес. Яғни, олар дайын, бірақ көмірді толық пайдалануға мүмкіндік беруді сұрайды», — деді ол.

Сондай-ақ, ЖЭО-ны газдандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен, төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Биылғы жылы қалған қазандықтар ауыстырылады. Осылайша, экология министрі, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ретінде келесі жылыту маусымына қарай елорда тұрғындары таза ауамен демалады деген үмітін білдірді.

 

Қоқыс таситын көліктерді чиптеу кездейсоқ қоқыс үйінділерімен күресуге мүмкіндік береді

Журналистердің Экологиялық кодекстің өзекті нормалары туралы сұрағына жауап бере отырып, Мағзұм Мырзағалиев өз пікірінше, қазіргі уақытта елімізде 2 ірі экологиялық проблема бар екенін атап өтті.

Біріншісі ауа сапасына, зиянды шығарындылардың көлеміне байланысты. Екіншісі қоқысқа байланысты.

«Біз осы 2 мәселені Экологиялық кодексте шешуге тырыстық. Осы екі мәселені шешуге байланысты нормалар өзекті деп санаймын», — деді ведомство басшысы.

Бұл мәселелерді шешу жолдары ретінде ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу, сонымен қатар стихиялық қоқыстармен күресу үшін барлық қоқыс шығаратын көліктерді чиптеу, оларға GPS-датчиктерін орнату ұсынылады.

Министр Экологиялық кодекстің кешенді, ауқымды құжат екенін атап өтті. Брифингте айтылғанның барлығы оның аз ғана бөлігін қамтиды.

 

Бозжыра шатқалында қонақ үй салу қарастырылмаған

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Бозжыра шатқалында сафари қонақ үйі салына ма, жоқ па деген сұраққа толық жауап беріп, осы мәселеге нүкте қойды.

Ол табиғи аймақта құрылыс салу идеясы төңірегіндегі дау нақты учаскеге байланысты емес, эскиз-жобалар негізінде туындағанын атап өтті.

«Пікірталастың жалғасқанын ескере отырып, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аумақтық ведомстволармен бірлесіп жануарлардың маршруттарын, әлеуетті жүктемені пысықтады, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерімен кездесті, оқиға орнына барды. Инвестормен кездесіп, оған Жабайұшқан қорығының аумағынан кету мәселесін қарауды ұсынды, инвестор онымен келісті. Бұл мәселеге нүкте қойылды деп санаймын», — деп түйіндеді ол.

 

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген

М. Мырзағалиев атап өткендей, итбалықтарды Қызыл кітапқа енгізу немесе енгізбеу — бұл Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің немесе экология Министрлігінің қыңырлығы ғана емес. Оның биологиялық негіздемесі бар. Жануарды Қызыл кітапқа енгізу, ең алдымен, популяцияға теріс әсер етудегі әркімнің жауапкершілігін арттырады және оны сақтау үшін тиімді шаралар қабылдауға ықпал етеді. Сонымен қатар, ЭГТРМ ресейлік әріптестерімен итбалықтарды сақтау бойынша тығыз жұмыс жүргізуде. 2020 жылдың басынан бастап акваториядағы Каспий итбалығының санын бағалау бойынша бірлескен зерттеу жүргізілді.

«Бізде оның санын бағалауда тым көп — шамамен 3 есе айырмашылық болды. Сондықтан бұл бірлескен жұмысты жүргізу өте маңызды болды. Біз оны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бұл жұмыс 3-4 жыл бойы жалғасатын болады, оның қорытындысы бойынша Каспий итбалығын сақтау жөнінде нақты ұсынымдар берілетін болады», — деді экология министрі. 

 

Эмиссия үшін төлемнің 100%-ы «жасыл» іс-шараларға жұмсалады

Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды өткізуге инвестициялар тарту үшін қандай жағдайлар жасалатынын айтты.

Жаңа Экологиялық кодекс шеңберінде инвестициялар тарту үшін екі негізгі жағдай жасалатын болады.

Біріншіден, негізінен ірі ластаушылар — 50-60 жыл бұрын салынған кәсіпорындар. Тиісінше, оларды технологиялық қайта жарақтандыру, жаңғырту, экологияландыру көп қаржыны талап етеді.

«Осыған байланысты біз Экологиялық кодексте мынадай тетікті қабылдадық: кәсіпорындармен ең үздік қолжетімді технологияларды енгізумен байланысты шығындарды бөлісуді шештік. Мұны әр мемлекет жасай бермейді. Біз көптеген елдердің тәжірибесін зерттедік. Бірде-бір елде біз кәсіпорын ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізбестен бұрын мемлекеттің мұндай артықшылық беретінін көрген жоқпыз», — деді министр.

Бүгінде жыл сайын кәсіпорындар эмиссия үшін төлем ретінде шамамен 90 млрд теңге төлейді. Экологиялық кодекс шеңберінде мемлекет оларға 90 млрд теңгені өзінде қалдыруға, эмиссия үшін төлемақы төлемеуге мүмкіндік береді, бірақ 10 жыл ішінде кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті. Егер кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларға ауыспаса, мемлекет эмиссия үшін төлемді кезең-кезеңмен 2, 4 және 8 есе арттыра бастайды.

«Яғни, біз бір жағынан оған қаржылай көмектесеміз, екінші жағынан, осындай қатаң фискалды маневрлердің арқасында біз оны жасыл технологияларға көшуге шақыра бастаймыз», — деп түсіндірді М. Мырзағалиев. 

Инвестиция тартудың екінші маңызды аспектісі — бюджетке эмиссия үшін төлемнен түсетін барлық ақшалай қаражаттың 100%-ын енді облыс әкімдіктері тек «жасыл» іс-шараларға жұмсауы тиіс. Жаңа Экологиялық кодекстің іске қосылуымен барлығы эмиссия үшін төлемнен түсетін ақшаның не үшін жұмсалатынын көретін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу