22 Қараша 2024, 20:32
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалада Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады.
Шымкент қаласы қазіргі таңда еліміздің үш мегаполисінің бірі ретінде қарқынды дамып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел әрі сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейі артып отыр.
«Қалаға басшы болып келген бір жылдың ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақыны көбейту, баспана салу, жол жөндеу, жарықтандыру сияқты маңызды мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Осылайша ауқымды жобалар жоспарлы түрде жүзеге асып жатса, кезек күттірмейтін кей мәселелер көшпелі кездесулерде-ақ шешімін табуда. Біздің міндетіміз қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, халықтың әл-ауқатын көтеру», — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер
Биылғы 10 айда қала экономикасының өсімі 12%-ға жетті. Бұл көрсеткіш республика бойынша алдыңғы қатарда. Оның ішінде, тартылған инвестиция 9%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 27%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42%-ға, сауда көлемі 19%-ға, көлік қызметі 26%-ға, өнеркәсіптегі өнім көлемі 2%-ға артты.
Өндіріс орындары
Мемлекет басшысы елімізде өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылып, 67,1 млрд теңгеге инвестиция тартылды, деді Шымкент қаласының әкімі.
Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішіндегі ірі жобалар: Трансұлттық Coca-Cola компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру жобасы. Құны – 27 млрд теңге, жылына 262 млн литр дайын өнім шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ Wan Sheng Ceramic компаниясы салған керамикалық тақтайшалар өндіру заводы жылына 13 млн шаршы метр тақтайша өндіреді. Құны – 25,5 млрд теңге, ашылған жұмыс орны 350 адамды қамтиды.
Келесі жылы екінші кезеңі құрылысын бастап, жылына қосымша 12,5 млн шаршы метр тақтайша өндіру жоспарланған. Оның құны – 12 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны шамамен 300 адамды қамтиды.
Жұмыс істеп тұрған өндіріс алаңдары
«Өнеркәсіп саласында индустриялық аймақтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қаламызға деген бизнес өкілдерінің қызығушылығы мен сенімін білдіреді. Қазіргі таңда ауданы 438 га құрайтын жаңа 2 индустриялық аймақ іске қосылды», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Біріншісі – «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Бұл аймақты құру жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл толықтай іске қосылды. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланған.
Сонымен қатар аймақта жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.
Екіншісі, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы. Мұнда құны 44 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан астам жұмыс орнымен 25 жоба іске асады.
Осылайша бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың саны 7-ге жетті. Бұл аймақтарда 293 жобаны іске асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция құйылды.
Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, мегаполистің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 5 өндіріс аймағын құру және кеңейту жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде 2 индустриялық аймақтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған болатын. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстары басталды. Аймақ өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндік береді.
Екіншісі, «Стандарт» жеке индустриялық аймағы. Мұнда дайын өндірістік алаңдармен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы өндіріс алаңдары салынады. Бұл индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді.
Қала экономикасына тартылған инвестициялар
Өңірдің экономикасын көтеру үшін инвесторларға жағдай жасау маңызды екені белгілі.
«Биылдан бастап инвестиция тарту жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағында “бір терезе” қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдейтін Shymkent Invest фронт-офисінің жұмысына біраз өзгерістер енгізіліп, жандандырылды», — деді Шымкент әкімі.
Онда инвесторларға бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны іске асыруға дейін қажетті барлық рұқсат беру құжаттарын сүйемелдейтін 2 мыңға жуық қызмет көрсетіледі.
Инвесторларды қолдау нәтижесінде, тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артты.
Үкіметтің 2028 жылға дейінгі бекітілген жоспарына сәйкес, қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгіннің өзінде 2,7 трлн теңге болатын 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жоба пулы жасақталды.
Оның ішінде, келесідей ірі жобалар бар:
«Alarko Holding» түрік компаниясымен құны $650 млн құрайтын, елімізде аумағы жағынан ең үлкен 650 га жерге заманауи жылыжай кешені құрылысын салу жобасы. Оның 500 гектарына жылыжай, қалған 150 гектарға оқу корпусы, қойма, зертхана мен жатақханалар салынады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда, инвестиция құны $226 млн құрайтын жобаның 1 кезеңіне 208 га жер телімі бөлініп, жерді дайындау жұмыстары басталды.
Өткен аптада польшалық Fabe Polskа компаниясымен құны $200 млн құрайтын, 150 га аумақта жоғары технологиялы жылыжай салу бойынша келісімге қол қойылды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ AKSA energy компаниясымен құны $700 млн болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу жобасы. Жобаны іске асыру арқылы қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі.
Тағы бір ірі жоба Intertrans компаниясымен $150 млн мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу жобасы. Жобаны іске асыруға 30 га жер телімі бөлінді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да оң өзгерістер бар. Бұл бағыт – қала экономикасының негізі.
Нарықта белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 136 мыңнан асып, онда жұмыспен қамтылғандар саны 226 мыңға жетті. Бүгінде, шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім көлемі қала экономикасының 56%-ын құрап отыр.
Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қаралып, есепті кезеңге 15,5 млрд теңгені құрайтын 3 734 жобаға қолдау көрсетілді.
«Қаламызда алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау үшін “шағын өндірістік алаңдарды құру” жобасын бастадық. Бұл жерде толық инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндіріс алаңдары кәсіпкерлерге қолжетімді болады. Бүгінгі таңда аумағы 54 мың шаршы метрді құрайтын 3 өндірістік алаңды салу жұмыстары басталды. Кәсіпкерлер үшін тағы бір жақсы жаңалық – осы жылдан бастап бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендету бойынша шешім қабылдадым», — деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Бұл кәсіпкерлерді ашық жұмыс жасауға ынталандырып, бүгінде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсім 4,4 есеге артып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы орта құру үшін 7 базарды стандартқа сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған. Биыл 3 базар модернизациядан өтті.
Жұмыспен қамту
Жұмыс орындарын құрып, халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Өңірдегі белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты.
Әкімнің айтуынша, биыл жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, жұмыспен қамту шараларына 45 мыңнан астам адам тартылып, 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайды.
Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,8%-ға төмендеді.
Халық табысын арттыру
Экономикалық көрсеткіштердің өсімі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр.
«Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласы жалақы мөлшері төмен өңірлер қатарына жатады. Осы ретте, өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 140 мың теңгеден асты.
Қазіргі таңда, өңірдегі орташа жалақы көлемі 12,5%-ға өсіп, 304 мың теңгеге жетті.
Білім беру саласын дамыту
Білім беру саласы да басым бағыттардың бірі. Қазір қалада 13 елді мекенде мектеп жоқ және 21 мектепте орын тапшылығы бар.
«Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде 3 200 орындық 2 мектеп пайдалануға тапсырылып, 10 мектептің құрылысы жүргізілуде», — деді әкім.
Сонымен қатар «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан» 3 мектептің құрылысына 7,9 млрд теңге қарастырылды. Одан бөлек, инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 2 800 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді.
Президент тапсырмасына сәйкес, Тұран шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы 80%-ға орындалды.
Сондай-ақ биыл 4 мектеп, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аталған нысандар жыл соңында іске қосылады.
Жастардың жоғарғы оқу орындарында сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді.
Қосымша біліммен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бала саны 225 мыңнан асып, қамту деңгейін 86%-дан 89%-ға жеткізу көзделген.
Бұған қоса, технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу, ІТ қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында Shymkent HUB өңірлік ІТ орталығы іске қосылды. Бүгінде аталған ІТ-хабта 40-қа жуық қауымдастықты дамытуға және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Онда 600-ден астам адамға қызмет көрсетілді.
Мәдениет саласын дамыту
Мәдениет саласында да ілгері жылжу бар. Қалада халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды 2 066 орындық Конгресс холл пайдалануға берілді.
Жергілікті бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері іске қосылды.
Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары өткізіліп келеді, дейді Шымкент әкімі.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының» 95 жылдығына орай, IХ Орталық Азия елдерінің халықаралық театры фестивалі өтіп, оған 7 мемлекеттің белгілі театр өкілдері қатысты.
Айта кетерлік жайт, қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген.
«Көмек көрсету қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған. Осыны ескеріп, атаулары қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағын аудан, 1 саяжай және 1 аллеяға атау бердік», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Спорт саласын дамыту
Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан бұл саланың дамуына да ерекше мән беріліп келеді. Бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі 42% құрап отыр.
Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс, 724 қола медаль жеңіп алды.
Биыл жергілікті бюджет есебінен құрылысы басталған 1 750 балаға арналған 2 спорт мектебінің біреуі пайдалануға беріледі.
Жеке инвесторлар есебінен 1 мың адамға арналған «Еламан» спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 500 адамдық Sport life шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадион құрылысы басталды. Қазіргі таңда жер жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік сала
Әкімдік алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларға сапалы медициналық көмек көрсетіп, қоғамдық өмірге бейімдеу.
«Өкінішке орай, бұл санаттағы азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан, бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, 38 мыңға жуық әлеуметтік қолдау көрсетілді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, биыл заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды», — деді Шымкент әкімі.
Одан бөлек, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат салу және №6 орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау саласын дамыту
Денсаулық сақтау басты орында екені бәрімізге белгілі. Бұл сала бойынша да қызмет сапасын арттыру қолға алынған.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, бүгінде медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 86,5%-ға жетті.
2 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 13 жекеменшік емхана ашылып, мемлекеттік ұйымдардың орташа жүктемесі 26 мыңнан 21 мыңға азайды.
Биыл 46 дәрігер Ресей, Түркия елдерінің клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін 29 дәрігер тәжірибе алмасу курстарына қатысатын болады.
Бұған қоса, алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін осындай 5 бөлімше іске қосылады.
«Сонымен қатар биыл балаларға арналған кардиохирургия орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында 23 арнайы автокөлік алынды», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Жергілікті мамандардың біліктілігімен 828 адамға нейрохирургия отасы және 2 бауыр, 9 бүйрек трансплантациясы жасалды. Алдағы жылдары 1 көпфункционалды аурухана және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, әрқайсысы ауысымына 500 адамға арналған 4 емхана салу жоспарда бар.
Тұрғын үймен қамту
Есепті кезеңге 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 млн 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделген.
Дегенмен, халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұр. Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Ал, жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу мүмкіндігі қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы алынды.
Сонымен қатар жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есеге арттырып, кемінде 400 отбасыға жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.
Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді.
Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі.
Инженерлік инфрақұрылыммен қамту
Экономика өсімі – қала инфрақұрылымының дамуына да қарқын беріп отыр. Елді мекендердің инженерлік жүйелері жыл сайын жақсарып келеді.
Атап айтқанда, биыл 5 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда Сайрам, Құрсай және Бозарық елді мекендерін ауыз су жүйелеріне қосу (абоненттеу) жұмыстары басталды.
«Осы ретте жауапсыз мердігерлер жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отырғанын айта кету қажет. Мысалы, “Риголит” ЖШС “Құрсай” шағын ауданындағы ауыз су жүйелерінің құрылысын 2021-2022 жылдары жүргізіп, қаржысының 95% алып қойған. Алайда, іс жүзінде жұмыстар толық аяқталмаған және кемшіліктері өте көп. Жауапсыз мердігер есебінен халық ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Біз халық мұқтаждығын және мәселенің өзектілігін ескеріп, шешу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Бүгінде демеушілер есебінен жұмыстар атқарып, тұрғындарды суға қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», — деді әкім.
Сол секілді «Ұлағат» шағын ауданында «Алемстрой-1» ЖШС тарапынан 2022 жылы кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, қаржысы толық аударылған. Алайда, 7 шақырым кәріз жүйесі мүлдем жүргізілмегені анықталды. Бүгінгі таңда мәселе құқық қорғау органдарымен қылмыстық іс аясында тергелуде.
Электр энергиясымен қамту бағытында 5 елді мекенде электр желісінің құрылысы басталып, осы жылы 6 мыңнан астам халқы бар Асар-2 шағын ауданы сапалы электр қуатымен қамтылды. Сонымен қатар электр қуатын арттыратын 2 қосалқы стансаның құрылысы жүргізілуде.
Жеке инвестор есебінен қуаты 36 МВт құрайтын «Дендропарк» қосалқы стансасы іске қосылды. Станса 7 500-ден астам абонентті қосу арқылы тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады.
Сондай-ақ 12 елді мекенде табиғи газ жүйесінің құрылысы басталды. Бірнеше жылдан бері өзекті болып келген 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ елді мекенінде газ жүйелерінің құрылысы аяқталды. Қазір ішкі монтаждау және абоненттерді қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы сияқты Қаратөбе, Бозарық-2 елді мекендерін газ жүйесіне қосу жұмыстары басталды.
Жыл соңына дейін қосымша Тассай, Ынтымақ-2, Қайтпас-1, Еламан, Бозарық-1 және Бозарық-3 елді мекендері қамтылатын болады.
Бұған қоса, кәріз жүйесімен қамтуда 2 магистральді кәріз коллекторы және 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл 120 мыңға жуық халықты кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі бар коллектор пайдалануға беріледі.
«Қаланы жылумен қамтуда бірқатар мәселелер бар. Жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жылы 30 шақырым жүйе жөндеуден өтті. Айта кетерлік жайт, өткен жылдары жалған дайындық төлқұжаттарының берілуіне байланысты ақаулар орын алған болатын. Биыл бұл мәселе басты назарға алынып, әрбір тұрғын үй және нысан мұқият тексерілгеннен кейін ғана дайындық төлқұжаты берілді. Дегенмен, жылу сапасы бойынша халық шағымы көп. Мұның басты себебі КСК жұмысы дұрыс жолға қойылмаған, жұмыс істемейді. Сондықтан, КСК жұмысын өзіміз атқаруға мәжбүрміз», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен жылу маусымында ғана ыстық су беріліп келген 241 көпқабатты тұрғын үйге алғаш рет тұрақты ыстық су берілді.
Қаланың демографиялық өсімі және өндіріс алаңдарының тұрақты өсу үрдісін ескеріп, инфрақұрылым қуаттылығын арттыратын 6 су жинақтағыш қондырғы, 7 электр қосалқы стансасын, 1 газ тарату стансасын, 1 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарланып отыр.
Көлік инфрақұрылымын дамыту
Баршаға мәлім, қала мегаполис болғалы көлік саны жыл сайын артып келеді. Ресми түрде тіркелген көліктер саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіруде.
«Мәселені шешу мақсатында, биыл бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтып, 60 млрд теңгеге жеткіздік. Бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық бердік», — деді Шымкент қаласының әкімі.
Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады.
Жалпы, жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі. Жыл соңында жақсы жолдардың үлесі 71%-дан 75%-ға артатын болады.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отыр. Сондықтан, бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады.
Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді. Соның нәтижесінде, көшелер саны 4 199-дан 6 714-ке дейін, ал ұзындығы 3 248 шақырымнан 3 899 шақырымға дейін ұлғайды.
Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда. Сонымен қатар көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына 38 бағдаршам орнатылады.
Жолаушылар тасымалы
Қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық көлік жүйесінің қызметін одан әрі дамытып келеміз, дейді Шымкент әкімі.
«Біздің негізгі міндет – қызмет сапасын арттырып, қала тұрғындарының күнделікті өмірін жақсарту. Осы ретте, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, биылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушыларын енгіздік», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Тасымалдаушы компанияларға автобустардың аялдамаға тоқтамауы және тыс жерлерден жолаушыларды отырғызу, түсіру, кешігу фактілері бойынша жауапкершілігі күшейтіліп, салынатын айыппұл көлемі 2 есеге ұлғайтылды.
Бұған қоса, қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, кестеден ауытқуды автоматты түрде айқындайтын жүйе енгізілді. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері анықталған фактілерге сәйкес, 585,5 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.
Ашықтықты қамтамасыз етіп, көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру мақсатында қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақша төлемін толығымен алып тастап, тек электронды төлем жүргізу бойынша шешім қабылданды.
Сонымен қатар қазіргі электрондық төлем жүйесінде кемшіліктер орын алуына байланысты қолданыстағы келісім шарт бұзылды. Осы салада басқа елдер мен өңірлердің тәжірибесін зерттей келе, сәтті жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйе енгізілді. Бұл жүйемен еліміздің 18 қаласы жұмыс жасап келеді.
Бүгінгі таңда тасымалдаушы компаниялар тарапынан 19 автобус жаңартылып, қосымша 200 автобус алу міндеттемесі қабылданды. Одан бөлек, 900-ге жуық жаңа аялдама павильонын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалада жеке инвестор есебінен теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға тапсырылды. Онда жолаушыларға барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар жаңа әуежай терминалы жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл әуе көлігі жолаушыларын өткізу қабілетін он есеге арттырады.
Жасыл желектер аумағын ұлғайту
Шымкент – жасыл қала. Еліміздегі ең көп саябақтар осы Шымкент қаласында орналасқан.
«Біз жасыл желек аумақтарын ұлғайтып, микроклиматты қалыптастыру арқылы тұрғындардың демалуына жайлы орта құруымыз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарымызда бар», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындарына арналған демалыс аймақтарын құру мақсатында «Шымкент сити» шағын ауданында 20 га жерде орналасқан саябақ пайдалануға берілді. Бұл жерде 7 мың шаршы метр жасанды көл, амфитеатр, спорт-ойын алаңшаларымен бірге, биіктігі 100 метр «Ту тұғыры» орнатылды.
Сондай-ақ жыл соңына дейін жаңа 24 сквер салынады.
Сонымен қатар шалғайда орналасқан «Сәуле» шағын ауданында ойын, спорт алаңшалары мен жүгіру жолағы бар саябақ іске қосылды.
Қала орталығындағы ирригациялық арықтардан көптеген жылдар бойы су жүрмей, микроклимат бұзылған. Бұл климаты ыстық Шымкент үшін маңызды мәселенің бірі.
Биылдан бастап ұзындығы 12 шақырым болатын 13 магистральді жолдарда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді. Одан бөлек, жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен сквер, саябақ, қоғамдық кеңістіктер құру жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, BIG tulip, «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды.
Осындай демеушілер есебінен 45 га ескі қоқыс полигоны аумағында рекультивация жұмыстары жүргізіліп, «Эко саябақ» салу жұмыстары басталды.
Қауіпсіз қала
Шаһар тұрғындары үшін жайлылықпен қатар қауіпсіздік те маңызды. Қазіргі таңда жалпы қылмыстардың саны 12,4%-ға азайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл қосымша 1 425 бейнебақылау камерасы орнатылады.
Қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру да маңызды. Тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселелердің бірі осы.
Биылдан бастап көшені жарықтандыру жұмыстарын он есеге ұлғайтып, 1 528 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында жаңадан 2 полиция бөлімшесі және 6 мобильді стационарлық полиция пункті іске қосылады.
Одан бөлек, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Полиция департаментіне лизинг арқылы 120 көлік құралы алынды.
«Әлемде болып жатқан табиғи зіл-зала кесірінен қайғылы жағдайлар көптеп орын алуда. Қаладағы тұрғын жайлар мен сауда орталықтары тығыз орналасқан. Өкінішке орай тұрғындар, сауда және халыққа қызмет көрсету нысандары өрт қауіпсіздігіне бей-жай қарайды. Газбен улану фактілері де болып, қайғылы оқиғалар орын алды. Сондықтан, әкімдік тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «Газ инспекциясы» мекемесін құрдық. Одан бөлек, қаланың өсуіне қарай шұғыл жағдайда өрт сөндіру деполарының мүмкіндігі жетіспейді. Осыны ескеріп өткен жылы 2 өрт сөндіру депосы іске қосылса, биыл 1 депо пайдалануға берілді», — деді Шымкент қаласының әкімі.
Шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында 10 шағын ауданда сервистік орталықтар салу жоспарлануда. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасады.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар депараментінің өрт сөндіру қызметін толық қамтамасыз ету үшін лизинг арқылы 38 арнайы техника алу жоспарда бар.
Қала бюджеті
Экономиканың тұрақты динамикалық өсімімен бірге қала қазынасы да артып келеді.
Биыл бюджет көлемі 779 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге артты.
«Біздің мақсатымыз – қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділігін азайту. Осы бағытта кірістер органдарымен бірлесе жүйелі жұмыстар атқарып келеміз», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Атап айтқанда, қалада 3 мыңға жуық коммерциялық нысанға талдау жүргізіліп, олардың бағалау құны нарықтық құнынан бірнеше есе төмен көрсетілгендігі анықталды. Оларды заңдастыру нәтижесінде, нарықтық құны 58 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге немесе 17 есеге ұлғайды. Мысалы, Arman City сауда орталығының құны иелері көрсеткен 50 млн теңгеден 850 млн теңгеге немесе 16 есеге ұлғайды.
Сонымен қатар хронометраж жұмыстарын жүргізу арқылы «Кәусар» ресторан желісінің табысы орташа 4 есеге артып, иелері көрсетіп отырған 625 млн теңгеден нақты 2,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Осы сияқты қала базарларындағы табыс көлемі 115 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге немесе 11 есеге артты.
Тойханалар бойынша табыс көлемі 8 есеге ұлғайтылып, 79 млн теңгеден 2,3 млрд теңгеге дейін жетті.
«Өкінішке орай, әділеттілікке кәсіпкерлердің көбісі түсіністікпен қарап, қолдағанымен, кейбір кәсіпорындар Шымкент қаласының аумағында бола тұра ресми мекен жайын Түркістан облысына ауыстырған жағдайлар да орын алуда. Дегенмен, мекен жайын ауыстыруы салық төлеуден босатылмайтынын айтып өткім келеді», — деді қала әкімі.
Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер 262 млрд теңгеден 660 млрд теңгеге артып 2,5 есеге өсті. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Бюджет шығыстарын жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 5,8 млрд теңгеге 182 балалар және 26 спорт алаңшалары мен 18 сквер салынуда. Осы ретте, қала тұрғындары электронды үкіметтің веб-порталын пайдаланып, өз аулаларын абаттандыру мақсатында аталған жобаға белсене қатысуға шақырылады.
Мемлекеттік активтерді қайтару
«Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды бастамамыз бар. Ертеректе әртүрлі жолдармен әлеуметтік маңызды нысандар жекеменшікке өтіп кеткен. Осы нысандардың барлығына тексеріс жүргізіліп, бірқатар меншік иелері тарапынан мақсатсыз пайдалану және талаптарды орындамау фактілері анықталды. Біз тек жұмысы заңға қайшы нысандарды мемлекетке қайтару мәселесін көтердік. Ал, жұмысы адал, өз міндеттемелерін мерзімінде орындап жатқан меншік иелеріне алаңдауға еш негіз жоқ», — деді Ғабит Сыздықбеков.
Өткен жылы қаладағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылып, ғимарат жарамсыз болуына байланысты, бұзу жұмыстары аяқталды. Алдымыздағы жылы демеушілер есебінен орнына жаңа мәдени нысан салу көзделген.
Биыл қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын жекеменшік иелігіне өткен қаладағы жалғыз «Мұз сарайының» 67% үлесі мемлекет меншігіне өтті, яғни, басқару құқығы мемлекетке тиесілі болды.
Сондай-ақ өз міндеттерін орындамаған, жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісім шарты бұзылып, мемлекетке қайтарылды.
Сол сияқты міндеттемені орындамаған сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген «Орталық су спорт кешенін» мемлекетке қайтару бойынша сотта талап арыз қаралып жатыр.
Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысын ескеріп, коммерциялық бағытқа пайдаланып келген, «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылып, демеушілер есебінен қайта абаттандыру жұмыстары қолға алынған. «Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан аумақта құрылысы аяқталмаған сауда орталығының жері мемлекетке қайтарылды. Енді құрылыс нысанын бұзу бойынша іс сотта қаралуда.
Сол секілді «Су ресурстары маркетинг» ЖШС жекешелендіру құжаттарын зерделеу барысында бірқатар кемшілік анықталды. Мекеменің жұмысына да қатысты бірқатар мәселе бар. Бүгінде заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын табады.
#Баспасөз конференциясы #Президенттің тапсырмасы #Экономика #Әлеуметтік қорғау«Атқарылып жатқан ауқымды жұмысымызда біз бірінші кезекте әділдікке, заңдылыққа, нәтижесінің сапасына аса мән береміз. Барлық өзекті мәселелер ортақ күш-жігермен, жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Осы орайда қаланың көркеюіне белсенді қатысып, үлкен үлес қосып жүрген қала азаматтарына алғысымды білдіремін. Алдағы жоспар үлкен жауапкершілікті қажет ететіні белгілі. Сондықтан, Шымкент халқының игілігі үшін жасалып жатқан барлық бастама менің жеке бақылауымда. Бізге сенім білдірген халықтың маңызды мәселелерін шешуге барынша күш-жігерімізді саламыз», — деп түйіндеді сөзін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу