Жазғы маусымда жолаушылар пойызының негізгі құрамы 19-21 вагонға дейін көбейіп, шамамен 1 млн қосымша орын пайда болады — Теміржол және су көлігі комитеті

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін «Еліміздің теміржол саласын дамыту жөніндегі шаралар» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов жазғы кезеңдегі жолаушылар тасымалы және теміржол саласындағы негізгі жобалардың іске асырылуы туралы баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің магистральдық теміржол желісі бойынша 154 бағытта пойыздар қатынауда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 20,8 млн жолаушы тасымалданған, бұл алдынғы жылмен салыстырғанда 6%-ға көп. Енді биыл 22 млн жолаушы тасымалдау, яғни былтырғы көрсеткішті тағы да 7%-ға арттыру жоспарлануда. Соның ішінде жазғы кезеңде 7 млн-нан астам адам тасу көзделген. Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылы жаз мезгілінде теміржол қызметін 6,5 млн адам пайдаланған болатын.

«Тасымалдың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл жазғы маусымда қосымша 12 бағыт ұйымдастырылады, оның ішінде 9 бағыт Алакөлге дейін болмақ. Аталған шаралар жазғы маусымда пойыздарда шамамен 300 мың қосымша орын құруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағынының артуына байланысты пойыз құрамдарының ұзындығы қосымша вагон тіркеу арқылы кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Мәселен, жазғы маусымда пойыздың негізгі құрамы 19-21 вагонға дейін көбейеді, ал маусымнан тыс уақытта олардың саны әдетте 13-15 вагоннан аспайды. Осылайша шамамен 1 млн қосымша орын пайда болмақ», — деді ол.

Жазғы тасымалға дайындық аясында тасымалдаушылар тиісті іс-шараларды жүзеге асырып, құрамдарды толық әзірлікке келтірген. Пойыздарда тазалық жұмыстары күшейтілген. Дәліздер мен санитарлық тораптарды күндізгі уақытта әр сағат сайын, түнгі уақытта әр 2 сағат сайын жуу және тазалау, сондай-ақ вагон ішін тәулігіне кемінде 3 рет тазалау ұйымдастырылады.

Жаз мезгілінде Көлік министрлігі тарапынан жолаушылар пойыздарына бақылау күшейіп, тасымалдаушылардың жұмысы ай сайын тексерілмек. Министрліктің аумақтық инспекциялары жолаушылар пойыздарын тұрақты түрде кестеге сәйкес тексеріп отырады. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, тасымалдаушылар әкімшілік негізде және субсидиялау шарттары бойынша жауапкершілікке тартылады. Тасымалдаушылар мен Көлік министрлігі өкілдерінен құралған мобильді топтар ең танымал бағыттар бойынша тасымалдау қағидаларының сақталуын қатаң қадағалайтын болады. Билет саудасындағы делдалдықты және өзге де заңсыздықтарға жол бермеу үшін «жасырын сатып алушы» әдісі қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп вагондардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына бақылау күшейтіледі.

«Туристік және халықаралық бағыттарды дамытуға қатысты айтар болсам, бүгіннен бастап 7 маусымға дейін “Сиань - Алматы” бағытында жолаушылар пойызы іске қосылады. Бұл пойыз “Қазақстан Республикасындағы Қытайдың туризм жылы” аясында ұйымдастырылып отыр. Сол сияқты 2024 жылғы қарашадан бастап “Алматы - Түркістан - Ташкент - Самарқан - Бұхара” бағыты бойынша Jibek joly және Keruen Express туристік пойыздары жолға шықты. Аталған пойыздар былтыр күзден бері 5 рет сапар жасады. Туристік агенттіктердің өтініштері бойынша аталған пойыздар одан әрі қатынай бермек. Бұл халықаралық бағдарларға қатысты.

Ал ішкі бағыттар бойынша келесідей жұмыстар атқарылуда. Биылғы 1 наурыздан бастап “Балқаш - Алматы” бағыты бойынша тұрақты пойыз қатынауда. Мемлекет басшысының “Щучинск – Бурабай” курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қаңтар айынан бастап “Астана - Бурабай курорты” бағыты бойынша жаңа вагондардан құралған жедел электр пойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты – 2,5 сағат. Осындай жаңа электр пойызы осы жазда “Қарағанды – Астана” бағытына да қосылмақ. 2024 жылдың IV тоқсанынан бастап Қарағанды мен Павлодардан қатынайтын электр пойыздарының бағыттары Бурабай курортына дейін ұзартылған», — деді комитет төрағасы.

Соңғы жылдары елімізде жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүруде. Қазіргі уақытта паркте 2,6 мың бірлік жолаушылар вагоны бар. 2024 жылы 143 вагон сатып алынған. Соңғы 5 жылда тозу деңгейі 59%-дан 42%-ға дейін төмендеген. Биыл сатып алу көлемі 226 бірлікке дейін ұлғайтылмақ. Вагондар негізінен отандық ЗИКСТО және Stadler зауыттарынан сатып алынады. Stadler компаниясының алғашқы 51 вагоны осы жылдың желтоқсанында жеткізіледі. Бұл вагондар «Астана - Алматы» және «Астана - Семей» бағыттарында пайдалануға беріледі. Жалпы, 2026–2030 жылдар аралығында 873 вагон сатып алынбақ, бұл ауа баптау жүйесімен жабдықтау есебімен алғанда барлық вагондардың 90%-ын жаңартуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2030 жылға қарай вагондардың орташа «ескіру» мерзімі 10 жылды құрамақ.

«Сапар барысында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жолаушылар вагондары ішінде 1 300-ден астам бейнебақылау камералары орнатылған. Алдағы екі жыл ішінде барлық пойыздарды бейнебақылау жүйесімен толық қамту жоспарлануда.

Әйелдерге арналған вагондар саны да артып келеді. 1 маусымнан бастап №614/613 “Орал - Маңғыстау” пойызына қосымша әйелдер вагоны енгізіледі. Осылайша, “Әйелдер вагоны” қызметі ұсынылатын маршруттар саны 12-ге жетеді. Қазіргі уақытта 11 әйелдер вагоны келесі бағыттарда қатынауда. Олар – №77/78 “Алматы - Маңғыстау”, №351/352 “Алматы - Маңғыстау”, №45/46 “Павлодар - Түркістан”, №37/38 “Маңғыстау - Семей”, №47/48 “Атырау - Астана”, №33/34 “Ақтөбе - Алматы”, №4/3 “Астана - Алматы”, №71/72 “Астана - Шымкент”, №354/353 “Астана - Семей”, №24/23 “Ақтөбе - Алматы”, №25/26 “Алматы - Шымкент” пойыздары. Әйелдер вагондарына билеттер тек әйелдерге сатылады, ал қызмет көрсетуші тек әйел жолсеріктер болады. Сондай-ақ бұл вагондарда 7 жасқа дейінгі ер балаларды алып жүруге рұқсат етіледі. Әйелдер вагонына билеттерді вокзал кассаларынан немесе онлайн түрде bilet.railways.kz сайтынан алуға болады», — деді Жәнібек Тайжанов.

Оның айтуынша, жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында онлайн сервистерді дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, қазіргі уақытта жол жүру құжаттарының 80%-ы онлайн сатылады. Сұраныстың жоғары кезеңінде «күту парағы» қызметі сәтті іске асырылуда. 2024 жылы бұл қызметті 511 мың жолаушы, 2025 жылдың 4 айында 80 мың жолаушы пайдаланған. Сонымен қатар «ауысып жүру» қызметі де қолжетімді. Бұл жолаушыларға бір пойыздан екіншісіне ауысып, межелі жерге жайлы жетуге мүмкіндік береді. 2024 жылы онлайн сервистің функционалы кеңейтілген. Енді бір құрам ішінде «вагон+вагон» немесе «орын+орын» бойынша ауысып отыру арқылы билет алуға болады. Нәтижесінде 19 мыңнан астам билет рәсімделген, яғни, тікелей пойыздарға орын болмаған жағдайда баламалы маршруттар ұсынылған.

Сондай-ақ Ұлттық тасымалдаушы сайтында «Жолаушылар пойыздары қозғалысының «онлайн таблосы» іске қосылды. Бұл сервис жолаушыларға өз бағыты бойынша пойыздың нақты орналасқан жерін және кестеден ауытқуын бақылауға мүмкіндік береді. GPS трекерлер «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі 99 жолаушылар пойызы бағдарларына орнатылған. Жыл соңына дейін жеке тасымалдаушылар да жүйеге қосылады.

Барлық пойыздарда ішкі Wi-Fi арқылы мультимедиялық контентке қолжетімділік қамтамасыз етілген. Сонымен бірге «Тальго» пойыздарында пилоттық жоба аясында спутниктік интернет іске қосылды. Қазіргі уақытта ол «Астана – Алматы» және «Астана – Өскемен» бағыттарында жұмыс істеп тұр. Барлық пойыздар жоғары жылдамдықты интернетпен кезең-кезеңімен сынақ нәтижелері бойынша қамтамасыз етілмек.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай жасалуда. 2024 жылы теміржол көлігімен 533 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың І тоқсанында 121 743 жолаушыны құрап отыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар облысаралық бағыттарда 108 құрам қатынап тұр. Оның ішінде 99 құрам, яғни 92%-ы арнайы купесі бар вагондармен жабдықталған. 2026 жылы вагондарды жыл сайын жаңарту шеңберінде барлық құрамдар 100% арнайы вагондармен жабдықталмақ. Облысаралық пойыздардың барлығында мүгедектерге арналған арбалар бар. Өдеріңіз білетіндей, бүгінгі күні барлық мүгедектік топтар үшін жол жүруге 50%-дық жеңілдік қарастырылған. Халықтың өтініштері негізінде Тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізіліп, І және ІІ топтағы мүгедектерді алып жүретін тұлғалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға да 50%-дық жеңілдік берілді. Аталған өзгерістер 2025 жылғы 22 сәуірден бастап күшіне енді», — деді ол.

Қазіргі таңда министрлік теміржол вокзалдарын реконструкциялау бойынша да ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген пысықтау жұмыстары нәтижесінде жөндеуді қажет ететін 125 вокзал айқындалған. Олардың ішінде 21 вокзал танымал туристік бағыттарда, яғни Бурабай курорты, Көкшетау, Макинка, Саумалкөл, Өскемен, Алтай, Қүмістау, Риддер, Алматы-2, Қонаев, Бөктер, Лепсі, Бескөл, Көктума, Ақши, Жалаңашкөл, Балқаш-2, Тараз, Түркістан, Сарыағаш, Маңғыстау стансаларында орналасқан. Реконструкция жұмыстары 2025 жылғы 14 сәуірде басталды. Оның шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылмақ. Аталған жұмыстар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және вокзалдарды қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіруге бағытталған.

«Теміржол желілерінің өткізу қабілетін арттыру және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту – аса маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда “Достық – Мойынты” екінші жолы, Алматы айналма жолы, “Дарбаза – Мақтаарал”, “Бақты – Аягөз”, “Мойынты – Қызылжар” жаңа теміржол желілері іске қосылып, қолданыстағы “Алтынкөл – Жетіген”, “Бейнеу – Маңғыстау” желілері жаңғыртылуда, “Қызылжар – Сексеуіл”, “Қандыағаш – Тобыл”, “Ақсу-1 – Дегелең – Жаңа-Семей”, “Шалқар – Бейнеу”, “Әлімбет – Никельтау” бағыттарына заманауи басқару жүйелері енгізілуде. Келесі айдың ортасында “Достық – Мойынты” учаскесіндегі екінші жолда пойыз қозғалысын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 92% аяқталған. Бұл жобаның іске қосылуы учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге, яғни тәулігіне 12 жұптан 60 жұп пойызға дейін арттырып, пойыздардың қозғалыс жылдамдығын 1500 шақырым/тәулікке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Алматы айналма теміржол желісі жобасының құрылысы жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл жоба 65% орындалды. Қолданысқа енгізілгеннен кейін ол Алматы торабын 40%-ға дейін босатуға және жүктің жеткізілу уақытын 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, “Дарбаза – Мақтаарал” және “Бақты – Аягөз” жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру Орталық Азия бағыты бойынша өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға, ал Қытай бағыты бойынша 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды аяқтау мерзімі – аталу ретіне қарай 2026 және 2027 жылдар», — деді спикер.

Сонымен қатар биылғы жылдан бастап Трансқазақстандық теміржол дәлізін ауқымды дамыту басталды. Бұл дәліз – Транскаспий бағытының негізгі буыны. Осы мақсатта келесі жобалар іске асырылуда. Олар – «Қызылжар – Мойынты» жаңа желісі мен «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту, «Қызылжар – Сексеуіл», «Қандыағаш – Тобыл», «Ақсу-1 – Дегелең – Жаңа-Семей», «Шалқар – Бейнеу», «Әлімбет – Никельтау» учаскелеріне заманауи автобұғаттау жүйелерін енгізу. Аталған жобалар бойынша мердігер ұйымдар айқындалған. Жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, қолданысқа енгізу жоспарлануда.

«Қызылжар – Мойынты» жобасы шеңберінде биылдан бастап ұзындығы 358 шақырым болатын жаңа теміржол желісінің құрылысы басталады. Бұл жоба тасымалдау уақытын 100 шақырымнан астам жолды қысқарту арқылы және «Мойынты мен Жарық» стансаларында локомотивті ауыстыру операцияларын алып тастау арқылы үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Жалпы, көрсетілген барлық шараларды іске асыру еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады. Жобалар іске асатын жерлерде жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, құрылыс және жаңғырту жұмыстары ел экономикасының барлық салаларына мультипликативті әсер береді. Осы ретте, жолаушылар мен жүктерді үздіксіз әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында теміржол жолдарының жағдайын жақсарту жұмыстары қатар жүргізілуде. 2029 жылға дейін жалпы ұзындығы 16 мың шақырым теміржол желілерінің 11 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Аталған бағдарлама аясында 2023–2024 жылдары 2,8 мың шақырымнан астам жол жөнделді, ал 2025 жылы 1,48 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Аталған барлық шараларды іске асыру теміржол бағыттары бойынша жолаушылар мен жүктерді үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, Қазақстанды жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялау, трансконтинентальды бағыттарға жаңа транзиттік жүк ағындарын тарту мақсатында басқа мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерімен үйлестірілген жұмыс жүргізуге үлкен мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, теміржол тасымалдарын дамыту – мемлекеттік көлік саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өткім келеді. Біз инфрақұрылымды жаңғыртуды, жылжымалы құрамды жаңалауды, цифрлық технологияларды енгізуді және әлеуметтік бастамаларды іске асыруды жалғастырамыз. Бұл – барлық азаматтар үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді көлікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысымыздың өзегі», — деді Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу