Жеке тұлғаның банкроттығы туралы «Қолдау» ақпараттық жүйесі іске қосылды  — Мемлекеттік кірістер комитеті

Елімізде 2023 жылдың 3 наурызынан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы күшіне енді. Сол мезгілден бастап қанша азамат банкрот деп танылғаны, банкроттық рәсімі жасалғаннан кейін адамдарға келтірілетін белгілі салдар туралы және «Қолдау» ақпараттық жүйесінің жұмысы жайында  ОКҚ алаңында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов айтты.

«Халықтың шамадан тыс несиеленуі мәселесін шешу құралдарының бірі – «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы. Бул құжат 2023 жылдың 3 наурызынан бастап жүзеге асты. Алғашқы банкроттар 2023 жылдың қыркүйегінде жарияланды», — деді спикер.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасарынын сөзінше, заңда қарыз түрі және қарыз сомасына байланысты 3 рәсім: соттан тыс банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері қарастырылған.

Олардың ішіндегі ең сұранысы көп – соттан тыс банкроттық рәсімі, оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Шарттары:

1) берешек 5,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы;

2) 12 ай ішінде өтеу болмаған;

3) тіркелген мүліктің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы;

4) банкпен реттеу жүргізілгені.

Арнайы шарттар

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 12 ай ішінде төлемеу критериі қолданылмайды;

- бес жылдан астам берешегі өтелмеген тұлғалар үшін мүліктің болуын тексеру және қарыз сомасына шектеулер белгіленбейді.

Азаматтар бұл рәсімге өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобилді қосымшасы арқылы бере алады.

Осы мақсатта «Қолдау» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.

Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерилеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

«Өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алатындығына назар аударғым келеді. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы», — деп түсіндірді Сейілжан Ахметов.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, Qoldau жүйесінде кез келген адам нақты уақыт режимінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы статистикалық деректерді көре алады.

Екінші рәсім: сот банкроттығы, азаматтар 1600 АЕК-тен астам (2024 жылы – 5,9 млн теңге) және кредитор алдындағы борыштардың барлық түрі бойынша қолдана алады.

Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі саудада сатылады.

Бірақ мұнда да нюанстар бар. Кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы, егер ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана.

Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің арнайы банкроттық белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни, ол мүлікті, ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәлімет бермеуі керек.

«Алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығаруға жатпайды», — деді Сейілжан Ахметов.

Сот банкроттығы рәсімін заңды тұлғалардың банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер:

  • кәсіби бухгалтерлер;

  • заң кеңесшілері;

  • аудиторлар құрамына кіретін қаржы басқарушылары жүзеге асырады.

Олардың қызметтері ақылы, борышкердің мүлкі есебінен – айына бір ең төменгі жалақы (2024 жылы бұл 85 мың теңге). Мүлкі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын тұлғалар үшін қаржы басқарушыларының қызметтерін мемлекет төлейді. Бүгінгі күні 204 адам қаржы басқарушы ретінде тіркелген.

Үшінші рәсім, бұл сотта қарыздарды бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

Бұл ретте барлық міндеттемелерінің мөлшері (оның ішінде орындау мерзімі келмеген) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен ғана сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл процедураның артықшылығы – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.

Заңда көзделген рәсімдерді қолданылған күннен бастап:

  • қарыздар бойынша өсімпұлдарды және сыйақыларды есептеу тоқтатылады;

  • несие берушіге борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуге тыйым салынады;

  • несие берушіге борышкердің банктік шоттарынан ақша өндіріп алуға тыйым салынады. 

2023 жылдың 3 наурызынан бері соттан тыс банкроттық рәсіміне:

- 131,3 мың өтініш түсті;

- 6,6 мың өтініш Мемлекеттік кірістер органдарында қаралуда;

- 8,4 мың азаматқа қатысты рәсім жүргізіліп жатыр;

- 1,9 мың азаматқа қатысты рәсім тоқтатылды;

- 215 өтініш берушімен қайтарылып алынды;

- 17,9 мың азамат банкрот деп танылды, сомасы 40,9 млрд теңге;

- 1,3 мың азамат АӘК алушылар 1,5 млрд теңге қарызы бар;

- 8,1 мың азамат банкрот деп танылып, 19 млрд теңгеден астам қаражат есептен шығарылды.

- 96 мың өтініш бойынша бас тартылды.

Банкроттық рәсімінің бас тарту себептері – критерилеріне сәйкес келмеу, атап айтқанда:

- 69 мың өтініш (немесе 77%) 12 айлық төлем қабілетсіздігі болмауына байланысты (бөліп төлеу төлемдер болды);

- 42 мың өтініш (немесе 47%) – соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде несие берушілердің болмауы;

- 39 мың өтініш (немесе 44%) мүліктің болуы;

- 28 мың өтініш (немесе 32%) кредитормен реттеу рәсімін растайтын құжаттың болмауы;

- 8,9 мың өтініш (немесе 10%) 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетті.

«Көріп отырғанымыздай, азаматтар негізгі критерилерді біле тұра, әлі де өтініш беріп, нәтижесінде бас тартулар алып жатады. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғыны тіркелген көлік құралы бар болса да соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға арыз беріп нәтижесінде рәсім қолданудан бас тартылды», — деп келтірді Сейілжан Ахметов.

Оның айтуынша, соттың банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 3,5 мыңнан астам азамат жүгінген. 131 борышкерге қатысты банкрот рәсімі жүргізілуде (кредиторлар тізіміне енгізілген қарыз сомасы – 8 млрд теңге). Сот барысында 45 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 13,9 млрд теңгеге жуық қарыз кешірілді. 1 азамат 10 млн теңге сомасымен төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуде, 1 азамат бойынша 10 млн теңге сомасымен осы рәсім аяқталды. Жалпы екі банкроттық рәсім бойынша 17,8 мың адам банкрот деп танылып, олар бойынша 54,5 млрд теңге жуық қарыз кешірілді.

Банкроттық рәсімді ққолдануға кедергі жасайтын нормаларға қандай өзгерістер енгізілді

Айта кету керек, Заңда ұсынылған рәсімдер өзекті, бірақ бар кедергілерге байланысты жеке борышкерлер оларды қолдана алмайды.

19 маусым күні Президент «Кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды, оның аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілуде (24 бапқа 44 өзгерту). Түзетулер келесі мәселелерді шешуге бағытталған:

1-мәселе. Кредитормен борышты реттеу туралы құжатты қосымша ұсыну міндеттілігі.

Шешім: Депутаттар өтініш берген кезде азаматқа осы құжатты қоса беру талап етілмейтін норманы талқылап, қабылдады. Енді барлық қаржы ұйымдары жүргізілген реттеу туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға жіберуге міндетті болады.

2-мәселе. Азаматтың өтініш берген кезде кредиторлар алдындағы борыштың нақты сомасын, сондай-ақ кредитордың атауын білмеуі (жүргізілген қайта құрылымдауға байланысты).

Шешім: Депутаттар өтінішті толтыру кезінде бәрін көрсетудің қажеті жоқ деген норманы мақұлдады, бұл мәліметтер кредиттік бюролар базасынан алынады.

3-мәселе. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға болатын қаржы ұйымдарының тізімінде кредитордың болмауы.

Шешім: Депутаттар соттан тыс банкроттықтағы кредиторларының тізбесіне жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымдарымен қатар барлық банк операцияларын жүргізуге, микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензияларынан айырылған, не микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің тізімдерінен шығарылған, оның ішінде таратылған, тарату сатысындағы ұйымдар, сондай-ақ қарыз банктік шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі, қарыз (кредит) шарттарына және жеке тұлғаларға микрокредит беру туралы шарттарға өзге де ұйымдар да кіретін норманы қабылдады.

4-мәселе. Кредитордың қарызды біржақты тәртіппен қайта құрылымдауын жүргізу (коллекторларға беру) немесе берешекті өтеу есебіне аз мөлшерде ақшалай сомалардың түсуіне байланысты 12 ай төлемнің болмауы критериіне сәйкес келмеуі.

Шешім: енді, өтеу ретінде айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын сомадағы төлем болып есептеледі (ұсақ түсімдер есепке алынбайды), сондай-ақ өтеудің болмау мерзімі, егер коллекторлық агенттік төлемнің болмауының өзге мерзімін растамаған жағдайларды қоспағанда, коллекторлық агенттікке талапты бергенге дейін соңғы төлем жасалған күннен бастап есептелінетін болады.

5-мәселе. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану кезеңінде борышты реттеуді жүргізу, рәсімде кредитор болып табылмайтын басқа тұлғаларға (арнайы қаржылық компаниялар, лицензиясынан айырылған ұйымдар және т. б.) өндіріп алуға беру.

Шешім: Заңның 17 және 22-баптары (рәсімдерді қолдану салдары) жаңа тармақшамен толықтырылды. Оған сәйкес кредиторға «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Микроқаржы қызметі туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттеу және өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салынады.

6-мәселе. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде шет елдерге шығу шектелуі (5 жылға дейін) және қолдану негізі ретінде ұзақ мерзімде төлемінің болмау қажеттілігі (12 айдан астам).

Шешім: талқыланатын түзетулер бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісі алынып тасталды, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден тыс жерге кетуіне тыйым алынып тасталды.

Қолданыстағы Заңға тағы да басқа өзгертулер енгізілді:

- қаржы басқарушыларының да қызметіне қатысты. Атап айтқанда, енді уәкілетті орган оны тағайындап қана қоймай, қызметте бұзушылықтар анықталған жағдайда шеттете алатын болады.

- қаржы басқарушысының өз сыйақысын алудағы құқықтарын қорғайтын түзетулер көзделген – банкроттың тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелерінің тізбесі жаңа тармақпен толықтырылды: рәсімді жүргізген қаржы басқарушысының сыйақысы оның толық көлемде немесе оның бір бөлігінде төленбеген жағдай қосылды;

- соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін жұбайының келісімінің қажеттілігі орнатылды;

- соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы кредиторды ескерту қажеттілігі алынып тасталды.

«Кейбір заңнамалық актілерге несие берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның негізгі ережелері:

- Банктер мен микроқаржы ұйымдарының проблемалық несиелерді коллекторларға сатуын шектеу;

- Кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жылдық пайыздық мөлшерлемені төмендету

- Банк омбудсменінің өкілеттіктерін кеңейту және микроқаржы омбудсменін құру

- Онлайн несиелер үшін міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізу

- Қарыз бойынша банктік шоттан өндіріп алу мүмкін емес қаражат көлемін ұлғайту (1 ең төменгі күнкөріс деңгейін 2-ге көбейту);

- Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар мен 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерді жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салуды белгілеу және т.б. 

Елдегі қарыздар бойынша сатистика және банкроттық рәсімінің қандай салдары бар

Биылғы 1 тоқсанда 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық несиелері бар азаматтардың саны 1 582 мыңды, олардың жалпы қарызы 1,6 трлн теңгені құрады.

Банкроттық критерилеріне сәйкес келетін 1 млн-ға жуық азамат (12 айдан астам төлемсіз) рәсімді қолдануға асықпайды.

«Көріп отырғанымыздай, жалпы алғанда банкроттық рәсімнің дұрыс қолданылуына тиісті түсіндіру жұмыстары оң әсерін тигізді. Адамдар банкрот болу туралы шешімді саналы түрде қабылдайды» — деп түйіндеді сөзін Сейілжан Ахметов.

Спикер сот және соттан тыс банкроттықты қолданудың  қандай салдары бар екенін де атап өтті:

  • банктерден және микроқаржы ұйымдарынан бес жыл бойы несие ала алмайды (ломбардтардан шағын несие алудан басқа);

  • жеті жылдан кейін ғана банкроттық туралы қайта өтініш беру;

  • олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан соң үш жылдан кейін тексеріледі.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу