Жүк көліктерінің салмақ нормасын сақтауын бақылау цифрланады

Ауыр жүк көлігімен жүк жөнелтушілерге артық жүк тиегені үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Көлік министрлігі өкілдерінің қатысуымен «Жүк көліктерінің салмақ нормаларын сақтауға бақылауды цифрландыру» тақырыбы бойынша өткен брифингте айтылды. 

Брифингке ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі, комитет төрағасының орынбасары Селім Қуанышұлы және Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина қатысты.

Биыл елімізде автомобиль жолдарын жөндеу және салу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, бұл көрсеткіш шамамен 12 мың шақырымды құрайды. Дегенмен, жол құрылысымен қатар оны пайдалану кезінде сапасының сақталуын қамтамасыз ету де маңызды міндет. Өйткені, жолдардың бұзылуына ықпал ететін негізгі фактордың бірі – ауыр салмақты жүк көліктерінің рұқсат етілген талапты жиі бұзатындығы.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі еліміздегі автомобиль жолдары тек жүк көлігі құралдары үшін ғана емес, жалпыға ортақ пайдаланатын жолдар болып саналатынын еске салды.

«Бүгінгі таңда, біздің елімізде жолдарды 5 млн-ға жуық автокөлік құралдары пайдаланады, оның ішінде 55 мыңға жуық самосвалдар жол бұзылуына әсер етеді, бұл жалпы автокөлік құралдарының 1,5%-ын құрайды. Мен мұны әділетсіз деп есептеймін. Себебі, мемлекет жыл сайын автожолдарды салу мен жөндеуге миллиардтаған қаражат бөледі және жол инфрақұрылымының сапасын жақсартады. Сондықтан біздің міндетіміз олардың сақталуын барынша қамтамасыз ету», — деп атап өтті ол. 

Алайда, тек жылжымалы посттарды пайдаланып, барлық жолды бақылау мүмкін емес. Осыған байланысты, брифингке қатысып отырған жауапты тұлғалар тексеру процесінде адами факторды жоятын цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

Мәселен, 95 мың шақырым жолдардағы көліктік бақылау 47 жылжымалы бекеттердің күшімен жүзеге асырылады, яғни 1 бекетке 2 мың шақырымға дейін келеді. Сол себепті барлық жолды бақылаумен, тек жылжымалы бекеттердің күшімен толық қамту іс жүзінде мүмкін емес. Осыған байланысты, енгізіліп жатқан цифрландыру барысында тексеру процесінде адами фактор алынып тасталады.

Сондай-ақ комитет төрағасы қазіргі сәтте тасымалдаушыларды алаңдатып отырған жүктерді тіркемемен тасымалдау тәртібі мәселесін де қозғады. Көліктік бақылау кезінде самосвалдың өзі бөлек, ал оның тіркемесі де бөлек тексеріледі. Сондықтан жүктерді тіркемемен тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді, өйткені тіркеменің корпусы жеңіл және соның арқасында көп жүк тасымалдауға болады.

«Сонымен бірге салмақ параметрлерін бұзғаны үшін жауапкершілік жүк жөнелтушіге де жүктеледі. Сондықтан, біз карьерлермен, сондай-ақ көлік құралдарын номадан асырмай тиеу үшін бетон зауыттарымен жұмыс жүргіземіз. Көзделген талаптарды бұзғаны үшін жүк жөнелтушілерге 30-100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Көріп отырғандарыңыздай, норманы бұзғаны үшін айыппұл көлемі аз емес, сондықтан барлық тасымалдаушыларды өз қызметін заң шеңберінде жүзеге асыруға шақырамыз», — деді А. Әлі.

Айта кетейік, бүгінде тек Астана қаласының өзінде 53 бетон зауыты мен 1137 миксерлер (бетон тасығыштар) бар. Олар сондай-ақ салмақ параметрлерін бұзатын және қалалық жол жабынына теріс әсер ететін негізгі бұзушылар болып саналуды.

2022 жылғы желтоқсанда елімізде автоматтандырылған өлшеу стансаларын (АӨС) орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын заң қабылданды. Осы Заңмен республикалық маңызы бар автожолдарда АӨС орнату «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның құзыретіне жатқызылған ал жергілікті автожолдарға жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) жауапты.

Алдын ала талдаудың қорытындысы бойынша ЖАО 150 АӨС орнатуға дайын, атап айтқанда, қалаларға автокөлік құралдары кіретін негізгі орындарға орнатылады. Ал, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ республикалық жолдарда шамамен 70 АӨС орнатуды жоспарлап отыр.

Дегенмен, мамандар АӨС арқылы тіркелетін бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың қолданыстағы практикасы тиімсіз екенін айтуда әрі шешім қабылдау кезінде адами фактор орын алады. Сондықтан бір уақытта, «Сергек» қағидаты бойынша айыппұлды адамның қатысуынсыз ресімдеу үшін Көлік министрлігі мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Былтыр Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының қолдауымен қалаға автокөлік құралдары келетін негізгі 7 нүктеде АӨС орнату бойынша жұмыс басталды. АӨС жоқ жерлерде «Сергек» камералары арқылы бекітілетін жүк автокөлік құралдарының жүруіне тыйым салатын белгілер орнатылады. Егер бұрын бөлінген екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті Астана қаласында толыққанды бақылауды жүзеге асыра алмаса, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық жүк автокөлік құралдарын, оның ішінде 100 шақырым радиуста орналасқан 29 карьерден қалаға инертті материалдарды тасымалдайтын 6305 самосвалды бақылауды АӨС қамтамасыз етеді», — деп түсіндірді Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Көлік министрлігі өкілдерінің айтуынша, жүк көліктеріне осьтік жүктемелер бойынша нормативтік талаптар 2003 жылы белгіленген. Елімізде белгіленген барлық норма Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтың стандарттары мен нормаларына сәйкес келеді. Бұл талаптар жолдардың жүк көтергіштігін ескере отырып, олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген.

Яғни, бір оське рұқсат етілетін жүктеме 10 тоннаны, қосарланған осьтер үшін – 16 тоннаны, үш осьтер үшін – 24 тоннаны құрайды.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде Көлік министрлігіне 10 мың шақырымға дейінгі жолдарда орташа жөндеу жүргізу тапсырылды. Қазірдің өзінде қаржыландыру көзін анықтау мәселесі пысықталуда, жұмыстардың құны 750 млрд теңгеден асады.

Елдің транзиттік әлеуетін жақсарту үшін жаңа бағдарламалық құжаттарға сәйкес жаңа жобалар дайындалуда. 2029 жылға дейін жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын 10 ірі жобаны іске асыру жоспарда бар. Жобалау құжаттарын дайындау жүргізілуде, қаржыландыру көздері мен оларды тарту тетігі пысықталуда.

«Автожол жобаларының жүзеге асуына қоғамдық бақылауды күшейту үшін e-joldar бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Мұнда жолдарды, оның ішінде қала ішіндегі жолдарды салу және жөндеу туралы барлық ақпарат көрсетіледі. Платформа жұмыста жоспарлауды, сапаны бақылауды және қаражатты мақсатты пайдалануды қамтиды. Жол құрлысының ұзындығы, оған жұмсалатын қаржы көлемі, жалпы жолдың жай-күйі туралы деректер ашық әрі айқын болады», — деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина.

Аталған платформа 2025 жылы орташа жөндеу жобалары үшін пилоттық режимде, ал 2026 – жылы толығымен іске қосылады.

#Автожолдар #Көлік #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу