Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздік бар — Светлана Жақыпова

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері туралы баяндады. 

Оның айтуынша, соңғы бес жылда болған экономикалық дағдарыс, COVID-19 пандемиясы, сондай-ақ еңбек нарығына айтарлықтай әсер еткен бірқатар ішкі қиындықтарға қарамастан, еліміздің еңбек нарығындағы тұрақтылық сақталған.

Еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің бірі – жұмыс күші соңғы 5 жылда 420 мың адамға өскен. Бір жағынан, бұл жағдай Қазақстан халқының адамдардың жасы тұрғысынан әлемдегі ең «жас халықтардың» бірі болуы себебінен (237 мемлекет арасында 106-орын) қалыптасып отыр. Екінші жағынан, бұған жұмыспен қамтуды қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру шаралары оң әсер етеді.

«Қазақстанның еңбек нарығының тұрақты өсуіне қарамастан, біз мемлекет тарапынан тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұстарды анықтадық», — деп мәлімдеді Светлана Жақыпова.

Біріншісі, бұл еңбек нарығында ұсыныстарды жасау. Мәселен, мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға және индустрияландыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда. Алайда соңғы он жылғы статистика көрсеткендей, бұл бағдарламалардың әсері жеткіліксіз. Дегенмен мемлекеттің экономиканы ынталандыру бойынша қабылдаған белсенді шараларға қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі шамамен 20%-ды ғана құрайды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен (ЭЫДҰ) салыстырғанда төрт есе аз.

Тиісінше, бүгінгі күні жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етуде. Бұл процестің жанама салдары Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінен еңбек өнімділігі бойынша үш есе артта қалғаны болып табылады. Сондай-ақ қазіргі уақытта жұмыс күшінің аграрлық саладан қызметтер мен саудаға секторлық көшуін атап өткен жөн, бұл негізгі сын-қатерлердің бірі.

Екінші сын-қатер – формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі. 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры екі есеге жуық – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады.

Министрліктің ай сайынғы дерекқор мониторингі ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналастырылған әрбір төртінші адамның міндетті зейнетақы жарналары жоқ екенін көрсетіп отыр.

Бұдан әрі, платформалық жұмыспен қамтуды кеңейту мәселесі. Бұл экономиканы цифрландыру арқылы пайда болған әлемдік тренд.

Кейбір елдерде платформалық жұмыспен қамтудың үлесі қазірдің өзінде 10%-дан асады. Қазақстан үшін бұл – қызметке кіру кедергісі аз, икемді жұмыс кестесі және басқа жұмыстарды қоса атқару мүмкіндігі бар еңбек қатынастарының салыстырмалы жаңа түрі.

Белгілі себептерге байланысты платформалық жұмыспен қамту қызмет көрсету саласында жиі кездеседі. Бірақ өнеркәсіп және құрылыс сияқты салаларда да платформалық жұмыскерлердің өсу перспективасы байқалады.

Үшінші сын-қатер – экономиканың орта кәсіптік білімі бар кадрларға деген өсіп келе жатқан қажеттілігі. Бұл ретте, бизнес тарапынан сұраныс пен жұмыс күшіне ұсыныс арасындағы сәйкессіздік анықталды.

Кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары білімі бар түлектерге деген қажеттіліктен 70%-ға артық. Біліктілігі орташа және жоғары деңгейдегі жұмыс күшіне ұсыныс көлемі бірдей болып қалуда.

Төртінші сын-қатер – ағымдағы және болашақ жұмыс күші сапасының төмен болуы. 

Мақсат – тиімді, әділ және серпінді еңбек нарығын құру, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз ету. Осы мақсаттарға жету үшін негізгі бес бағыт белгіленді. 

Біріншісі – мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру еңбек ресурстарын жоспарлауды жақсартумен және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Екіншісі – сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайту экономикалық дамудың және халықтың табысын арттырудың маңызды өлшемшарты болып табылады. 

Үшіншісі – кадрлық әлеуетті күшейту экономиканы тез өзгеретін технологиялық орта жағдайында міндеттерді тиімді шешуге қабілетті білікті кадрлармен қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. 

Төртінші – жұмыспен қамтуды заңдық тұрғыдан ресімдеу жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Жұмыспен қамту форматтары әртараптандырылған қазіргі заманғы еңбек нарығында формализация барлық қатысушылар үшін әділ жағдай жасауға көмектеседі. 

Бесінші – жұмыспен қамту экожүйесін дамыту.

«Еңбек министрлігі өткен жылы еңбек саласының «ақ дақтарын» цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарғанын атап өткім келеді. Қазір бізде нақты уақыт режимінде еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерін көруге мүмкіндік бар. Жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу бізге ықтимал проблемаларды алдын ала көруге және уақтылы шаралар қабылдауға, бұзушылықтарды анықтауға әрі анағұрлым сапалы болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Біздің барлық мақсаттарға қол жеткізуіміз үшін мониторинг пен болжаудың жаңа құралдарын ескере отырып, еңбек нарығының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша қолдау қажет», — деді министр.

Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін жобаларды сапалы жоспарлау мен оларды 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарымен және орнықты даму мақсаттарымен байланыстыра қарау маңызды аспект болып табылады.

Осыған орай кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылатын жобалардың тиімділігін уақтылы мониторингтеуді қамтамасыз ете алатындай осы жобалардың Инновациялық навигаторы әзірленді.

Бүгінгі таңда жүйеде 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған 755 жоба бойынша мониторинг жүргізілуде. Кейіннен платформа жоспарлау сатысында да жобаларды іске асырудың орындылығын бағалау үшін негіз болуы тиіс және тұтастай алғанда өңірлік дамуды басқарудың әмбебап құралы болатынын көреміз.

Бұл платформа нақты жобаларда кадрлар даярлауға тапсырысты қалыптастыруға және жобаларды іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет қалған жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік алады.

Оны іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуға, бюджеттік жоспарлауға және жобаларды іске асыруға қатысты нормативті құқықтық өзгерістер талап етіледі.

Макроөңірлердің ерекшелігін ескере отырып, экономиканың негізгі секторларын индустрияландыру, инфрақұрылымды озыңқы нығайту, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен отандық тауар өндірушілер (оффтейк-келісімшарттар), одан әрі дамыту сапалы жұмыспен қамтудың өсуінің драйвері болуға тиіс.

Министрлік өңірлер мен салалар бөлінісінде сапалы жұмыс орындарын ақпараттық мониторингілеу жүйесін қолдануда.

2023 жылы Қазақстанда сапалы жұмыс орындардың саны шамамен 2,27 млн құрады, оның ішінде 198 мыңы – жаңа.  Алдағы 3 жылда сапалы жұмыс орындарының санын 824 мыңға арттыру жоспарланған. 

Кадрларды даярлау жүйесімен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін енгізу талап етіледі. 

Министрлік осы тетіктерді іске асыру үшін бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.

Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, жобалардың Инновациялық навигаторы және жұмыспен қамтудың актуарлық модельдері негізінде кадрларға қажеттілікті талдау және болжау.

Екіншіден, Министрліктің деректер қорынан және ашық көздерден алынған нақты және өзекті мәліметтер негізінде кәсіби бағдар беру.

Үшіншіден, жұмыс берушілермен бірлесіп қазіргі заманғы кадрлардың біліміне, дағдылары мен еңбек машықтарына қойылатын кәсіби талаптарды қалыптастыру. Бұл өзара әрекеттесудің нәтижесі білім беру бағдарламаларының жаңа кәсіптік стандарттары болады.

Төртіншіден, студенттердің қажетті біліктілігін, білімі мен дағдыларын дамыту үшін жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіпті білім беру мекемелері білім беру бағдарламаларын тікелей әзірлеуі.

Бесіншіден, жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен дербес орталықтар базасында даярланатын кадрлар деңгейін тәуелсіз бағалауды енгізу.

Қазіргі уақытта барлық белгіленген бағыттар бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

«Enbek» платформасы дағдыларды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарын дамытуға белсенді ықпал етеді. 

Кәсіби мансапты таңдау және өзінің мансаптық траекториясын басқару үшін «Мансап компасы» жобасы іске асырылуда.

Жасанды интеллектіге және ашық (бұлтты) технологияларға негізделген платформа жастарға жұмыс табуды жеңілдетеді. Осы платформаның көмегімен пайдаланушылар өзекті жұмыс орындарын тез табады, жалақы мен талаптарды салыстыра алады және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алатын болады.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыскерлерді олардың жұмыс орындарында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан өтеді.

Студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалы іске қосылды. Бұл оларға өндірістік практиканың қажетті орнын табуға ғана емес, сонымен қатар нақты дағдыларды игеруге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі. 

Биылғы жылы оқып жатқан 740 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері барлығы 33 ұйымда тәжірибеден өтті. Сондай-ақ Ұлттық онлайн оқыту платформасын сәтті дамуда. Бүгінгі таңда 606 онлайн курс бар, оның 271-і тегін. Бүгінгі күнге 400 мың адам оқудан өтті. 

Микробіліктілікті тану курстары, сондай-ақ жұмыс кәсіптері мен өндірістік практикаға арналған VR  және AR технологияларын (виртуалды және қосымша шындық технологиялары) қолдана отырып практикалық курстарды енгізу жоспарланған. Бұл пилоттық жоба Қонаев, Өскемен, Түркістан, Астана және Шымкент қалаларының мансап орталықтарында іске асырылады.  Жаңа және сұранысқа ие мамандықтарға ерекше назар аударылады. Бұл мамандықтар болашақтың қажеттіліктерін және еңбек нарығының өзекті тенденцияларын көрсетеді. Міндет – шетелдік жұмыс күшін кейіннен ауыстыруды ескере отырып, осы перспективалы бағыттарда кадрлар даярлауды қамтамасыз ету.

«Еңбек ресурстарының сапасын арттыру және экономикамызды қазіргі заманғы тәуекелдерге бейімдеу үшін біз ұлттық біліктілік жүйесін дамытамыз. 823 кәсіптік стандарт қалыптастырылды, оның негізінде 3,8 мың оқу бағдарламасы жаңартылды. Сертификаттау орталықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан әрі шаралар дағдылар мен кәсіптердің Еуропалық жіктеуіші негізінде Дағдылардың цифрлық банкін қалыптастыруды, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі жұмысшы кәсіптерді өзара тануды қамтиды», — деді Светлана Жақыпова. 

Басымдықтардың бірі – еңбек қатынастары декларациялау.

Біріншіден, кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орнын енгізе отырып, еңбек және ұжымдық шарттар жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Осы Заңның тиісті жобасы әзірленіп, ағымдағы жылы Мәжілістің қарауына енгізілетін болады.

Пилоттық режимде электронды форматта 8,7 мыңнан астам еңбек шарты жасалғанын айта кету керек. Ақпараттық жүйеге жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетін 8 мың ұжымдық шарт туралы деректер енгізілді.

Екіншіден, электрондық штаттық кесте жобасы іске асырылуда – бұл ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтауды енгізумен еңбек қатынастары декларациясының функционалы.

Бұл құрал еңбек ресурстарын, жұмыс орындарын құру және еңбек жағдайларын қалыптастыру процесін, жеке қорғаныс құралдарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, оңайлатылған тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу заңнамалық түрде енгізілді.

Пилоттық жоба аясында 19 мыңнан астам такси жүргізушісі қосылып, 20 млн астам фискалдық чек жазылды. Бұл платформалық жұмысшыларды әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне заңдастыру мен интеграциялаудың маңызды қадамы.

Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды заңдық тұрғыдан ашық ресімдеу ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша еліміздің ауыл шаруашылығындағы 2023 жылы жұмыспен қамтылған 1,1 млн жұмыскердің жартысынан көбі өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар. Олардың жалақысы республикалық деңгейдегі орташа еңбекақыдан екі есе дерлік төмен. Бұл формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін және ауыл жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуының төмен деңгейін көрсетеді.

Ғылыми және сараптамалық қауымдастықтармен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, соңғы  24 жылдағы ауа райы туралы көптеген мәлімет талданды. Бұл деректер түрлі аумақтардағы климат пен топырақтың барлық ерекшеліктерін ескеретін арнайы математикалық модельдер жасауға мүмкіндік берді.

Осы модельдердің көмегімен әрбір жерге қатысты нақты ұсыныстар жасалды. Негізгі ерекшелігі – механикаландырылған жұмыстардың барлық кешенін нормалау, бұл ауылдағы нақты жұмыспен қамтуды бақылауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы жануарларының мал басына қызмет көрсету нормалары қалыптастырылды және қызметкерлердің нормативтік санының есебі жүргізілді. Ауылда жұмыспен қамтудың жаңа формаларын енгізу мәселесі қарастырылуда (вахталық, маусымдық, мобильді кәсіпкерлік). Осы жүйені енгізу нәтижелері ауыл шаруашылығында ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, оның елдің ЖІӨ құрылымындағы үлесін арттыруға, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды ресімдеуге және ұлғайтуға және ауылдық жерлерден қалаларға көші-қон ағындарын төмендетуге ықпал ететін болады.

Бұдан әрі көші-қон процестері, әсіресе геосаяси сын-қатерлерді ескерсек, еңбек нарығының өзгермелі құрамдас бөлігі болып табылады. Мәселен, 2023 жылы 21 мыңнан астам қандас тарихи отанына оралды, ал 350 мыңнан астам адам еңбек мигранттары ретінде тіркелді. Министрлік мемлекет мүддесіне сай келетін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін теңдестірілген көші-қон саясатын құру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

Министрліктің тағы бір маңызды міндеті – еңбек нарығында сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастыруға арналған құралдарды дамыту. Осы бағыт бойынша соңғы алты жылда азаматтар мен бизнеске арналған көптеген сервистері бар әлеуметтік-еңбек саласының тұтас экожүйесі құрылды. Олардың барлығы процестерді оңтайландыруға және әлеуметтік қорғау мен еңбек қатынастарының неғұрлым ашық және қолжетімді жүйесін құруға бағытталған.

Ең жақын уақыттағы стратегиялық мақсат – 2030 жылға қарай теңдестірілген еңбек нарығын құру. Нәтижесінде:

– экономикамызда 3,8 млн сапалы жұмыс орындары болады;

–1,7 млн адамның табысы медианды жалақыдан жоғары болады;

– формальды емес жұмыспен қамту 15%-ға дейін төмендейді;

– әлеуметтік онлайн-қызметтер көрсету индексі бойынша еліміз әлемдегі үздік ондыққа енетін болады.

«Біз еңбек нарығы мен азаматтарды әлеуметтік қолдау саласында елеулі тәуекелдердің бар екенін мойындаймыз. Сонымен бірге біздің ведомство алдында тұрған міндеттерді шешу үшін жүйелі көзқарасымыз, озық технологиялық құралдарымыз және білікті кадрларымыз бар», — деп түйіндеді баяндамасын Светлана Жақыпова.

#Жұмысқа орналастыру #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу