07 Желтоқсан 2024, 11:30
2024 жыл зияткерлік меншік саласындағы іс-шараларға толы болды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова мәлімдеді.
Баспасөз конференциясы аясында еліміздегі инновациялар мен шығармашылықты қорғау мәселелері талқыланды.
«Жалпы, 2024 жыл зияткерлік меншік саласындағы іс-шараларға толы болды. Заңнаманы жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, құқық қолдану практикасын күшейту және басқа да шаралар бар. Инновациялар мен шығармашылықты қорғаудың өзектілігі, ең алдымен, қазіргі әлемде зияткерлік меншік құқықтарын тиімді қорғау экономикалық дамуды ынталандыруда шешуші рөл атқаратындығына байланысты», — деп атап өтті Ботагөз Жақселекова.
Әділет вице-министрінің айтуынша, елімізде зияткерлік меншік саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруге ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, 2024 жылы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік саласындағы заңнамалық актілерге зияткерлік меншікті қорғаудың жаңа құралдарын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын әзірледі. Жобада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен қорғауды қамтамасыз ету бойынша қосымша құқықтық құралдарды енгізу, зияткерлік меншікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, инвестициялар тарту көзделген.
Сондай-ақ Марракеш келісімін ратификациялау туралы Заң жобасы әзірленді (Зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе жарияланған жұмыстарға баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі адамдардың қол жетімділігін жеңілдету туралы). Заң жобасы көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған жұмыстарға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету; тауар белгілерін жедел тіркеуді енгізу; патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызмет салаларын ажырату және басқа да түзетулерді қамтиды.
Қазіргі уақытта екі заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Жақында «географиялық нұсқамалар» зияткерлік меншіктің жаңа объектісі болып енгізілді, аталған іс-шара өнімнің бірегейлігін қорғау, өңірлік брендті нығайту және нарықтағы бәсекеге кабілеттілікті арттыру үшін маңызды аспект саналады.
«Географиялық нұсқама ұзақ тарихы бар және шыққан жерімен, табиғаты және мәдениетімен тығыз байланысы бар ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, шараптарға және спирттік сусындарға, қолөнер және өнеркәсіптік өнімдерге сілтеме жасау үшін қолданылады. Оны тіркеу арқылы қорғау еліміздің өңірлерінде өндірілетін тауарлардың ұлттық брендін дамытуға, сондай-ақ олардың әлемдік нарықта танымалдылығын, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік саланы дамытуға ықпал етеді. Географиялық нұсақамалар бойынша бизнестің хабардарлығын арттыру мақсатында осы жылы облыстардың және ірі қалалардың әкімдіктерімен жұмыс жандандырылды», — деді спикер.
Биылғы наурыз айынан бастап Ұлттық зияткерлік меншік институтына георграфиялық нұсқамаларды тіркеуге 178 өтінім берілді, оның 38-і тіркелді, қалған 140 өтінім Ұлттық зияткерлік меншік институтының қарауында.
«Жалпы, жаңа тіркеулердің қатарында Қазақстанда түйе сүтінен жасалған Арал сабыны, Қызылорданың күріші, Талғардың алмұрты, Нарынқолдың картобы, Көкшетаудың балмұздақтары, Катонқарағайдың табиғи балы, Қарағанды бройлері, Отырардың шұбаты, Қостанай балы, Сайрам наны, Алакөл балығы және басқалары бар», — деп түсіндірді вице-министр.
Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Орталық Азияда тұңғыш рет Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) зияткерлік меншік және бизнес саласындағы мамандырылған бағдарламасы ашылды. Бұл магистрлік бағдарлама Әділет министрлігі, Ғылым және жоғары оқу министрлігімен бірігіп ДЗМҰ жүзеге асуда.
Инновациялық экожүйені дамытуда және инновациялар мен шығармашылықты дамыту үшін қолайлы орта құруда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда Қазақстанда еліміздің 18 өңірін қамтитын университеттер базасында осындай 32 орталық жұмыс істейді. ТИҚО қызметі өңірлерде инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Олар шаруашылық жүргізуші субъектілерге өнертабыстарға, пайдалы модельдерге және басқа да өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтық қорғауды ресімдеу бойынша ресурстар мен дағдыларды ұсынады.
«Мәселен, жақында Астанада ДЗМҰ-мен бірлесіп ұйымдастырылған ТИҚО дамыту жөніндегі өңірлік конференциясы өтті. Бұл іс-шара тәжірибе алмасу және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін стратегиялық маңызға ие. Сондай-ақ өңірде орнықты инновациялық даму үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Біз келесі жылы ТИҚО-ны ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деп мәлімдеді Б. Жақселекова.
Оның айтуынша, білікті кадрларды даярлауды қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың 15 мамырында Астана қаласында ДЗМҰ, Әділет, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен Maqsut Narikbayev University арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, 1 қыркүйектен бастап зияткерлік меншік және бизнес саласында құқық магистрі (LL.M) бағдарламасы жүзеге асты. Бұл бағдарлама инновацияларды дамыту үшін аса маңызды саналатын бүкіл өңірдегі зияткерлік меншік саласындағы алғашқы мамандандырылған бағдарлама.
Иновацияларды дамытуға және зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты нығайту осы жылдың басты жетістіктердің бірі болып табылады.
2024 жылы Қазақстан Сингапур Әділет министрлігімен меморандум жасасу, Жаһандық инновациялық индексті (ЖИИ) жариялаудың өңірлік рәсімін ұйымдастыру, сондай-ақ ДЗМҰ-ның түрлі жобаларына қатысу арқылы халықаралық ынтымастықты нығайтты.
«Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде биылғы мамыр айында Сингапур Республикасының Әділет министрлігімен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум және өзара түсіністік жасалды. Қазіргі уақытта күн тәртібінде шетелдік патенттік ведомстволармен тағы да бірқатар келісімдер жасасу мәселелері тұр», — деді спикер.
Әділет министрлігі авторлық құқықты қорғау және өнертапқыштық қызметті ынталандыру саласындағы бастамаларды белсенді түрде ілгерілетуді жалғастыруда.
2024 жылғы 4 қазанда Астана қаласында Әділет министрлігі Орталық Азиядағы Жаһандық инновациялық индекс көрсеткіштерін жариялаудың алғашқы өңірлік рәсімін өткізді. Бұл іс-шара инновациялық дамудың өзекті мәселелеріне назар аударып қана қоймай, өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және ынтымақтастық үшін жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік берді.
«Биыл Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшыларының үштігіне кіріп, 81-ші орыннан 78-ші орынға көтерілді», — деп атап өтті әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова,
Жақында авторлық құқықты ұжымдық басқару мәселесіне ерекше назар аударылды. Алматыда ДЗМҰ қолдауымен өткізілген семинар шеңберінде жаһандану және экономиканы цифрландыру жағдайында авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау және ілгерілету тетіктері қаралды. Авторлар мен құқық иелеріне сыйақыларды уақытылы және әділ бөлуге және төлеуге ерекше назар аударылады. Әділет министрлігі ДЗМҰ-ның құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы олардың санын оңтайландыру жөніндегі ұйымдардың тиімділігі мен ашықтығын арттыру жөніндегі ұсынымдарын енгізуді жалғастырады.
Сондай-ақ биыл Қазақстан Республикасы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде ДЗМҰ-ның түрлі жобаларына белсенді тартылды. Осылайша, ДЗМҰ-ның әйелдер басқаратын ШОК үшін зияткерлік меншікті басқару бойынша клиникалар құру, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғаудың тұрақты тетігін құру жөніндегі жобалары іске асырылуда. Жыл сайын ДЗМҰ жазғы мектебі өткізіледі, онда 150 адам оқудан өтті, бұл зияткерлік меншік мәселелеріне қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
2024 жыл 100-ден астам өнертапқыштар мен ғылыми ұжымдарды тартқан «Шапағат» республикалық байқауының жеңімпаздарын мерейтойлық марапаттау рәсімімен атап өтілді.
«Жалпы, “Шапағат” байқауы үздік отандық өнертапқыштарды құрметтеуге және инновациялық белсенділікті ынталандыруға арналған алаң ретінде қызмет етеді. Конкурс шеңберінде “жыл өнертабысы”, “өнертапқыш әйел”, “үздік инновациялық компания”, “жас өнертапқыш” және “Жас дарын” санаттарында марапаттар беріледі», — деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар 5-6 желтоқсанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында билік, бизнес, ғылым және БАҚ-тың 500-ден астам өкілдерін жинаған «Антиконтрафакт» XII Халықаралық форумы өтті. Форумға Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Нигерия мен Швейцарияның және басқа да елдердің делегаттары қатысты.
#Инновациялар #ҚР Әділет министрлігі«Әділет министрлігі орнықты экономикалық өсуде қолайлы жағдайларды жасайтын инновацияларды дамытуға, зияткерлік меншікті қорғауға және халықаралық ынтымастыққа бейілділігін растайды», — деп түйіндеді сөзін Ботагөз Жақселекова.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу