19 Желтоқсан 2025, 17:40
Жыл басынан бері Павлодар облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты қарқынын көрсетуде. ЖӨӨ-нің қысқа мерзімді индикаторы – 105,9%. Өңірге 1 трлн-нан астам инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Осы нәтижемен өңір республика бойынша екінші орынға шықты. Тартылған қаражаттың 80%-ы жеке сектордың қаражаты. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ҚР Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте хабарлады.
Тартылған қаражаттың 80%-дан астамы жеке сектордың инвестициялары екенін ескерсек, бұл өңірге деген сенімнің жоғары әрі инвестициялық ахуалдың тартымды екенін айқын көрсетеді.
Қазір өңірде жалпы құны 7,3 трлн теңгені құрайтын 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады (өнеркәсіп – 31 жоба, АӨК – 48, туризм – 7, энергетика – 5, медицина – 2, көлік және логистика – 1, экология – 2, сауда және қызметтер – 6)
Экология
Өнеркәсіптің қарқынды дамуы – экологияға әсер ететіні белгілі. Сондықтан өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріліп отыр.
«Осы мақсатқа ірі кәсіпорындарда кешенді ecofriendly шешімдер енгізу арқылы жетудеміз, ал жаңа салынып жатқан немесе құрылысын бастамақ зауыттарда ең заманауи, экологияға зияны аз технологияларды қолдануды талап етеміз. Мысалы соңғы бір айда Екібастұзда ашылған екі жаңа ферроқорытпа зауытында 99,8% зиянды заттарды ұстай алатын заманауи гибридті сүзгілер орнатылды. ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар енгізілуде. Бұл – аталған қалдықтарды 50 мың тоннаға, яғни 57%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді (2020–2030 жылдарға арналған бағдарлама). Келесі кезеңде, 2026–2031 жылдары осындай шараларды Павлодар мұнай–химия зауыты, облыстық жылу-энергетикалық орталықтары және Екібастұздағы МАЭС-1 мен МАЭС-2 зауыттарында енгізу жоспарланған», — деді облыс басшысы.
Тағы бір маңызды бағыт – қатты қалдықтарды басқару. Облыс орталығында алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтеруде. Мұнда пластик, металл, қағаз және шыны қайта өңдеуге тапсыралады. Жобаның жалпы инвестициясы 4,8 млрд теңге, қуаты 150 мың тоннаны құрайды, оның 20%-ы пластик пен полимерлерді өңдеуге арналған. Бұл кешен өңірде тұрмыстық қалдықтарды тиімді әрі экологиялық жолмен қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Кешенді келесі жылдың мамырында іске қосу жоспарлануда.
АӨК бөлімі
Соңғы он жылда өңірдің экономикасы біртіндеп әртараптануда. Павлодар бұрын тек өнеркәсіптік-шикізат өңдейтін аймақ болса, қазір өңдеу өнеркәсібі дамып, ауыл шаруашылығы да тез өсіп келеді. Облыс еліміздегі қарақұмық өндірудің 65% пайызын қамтамасыз етеді, күнбағыс өнімінің 1/5, ал әр үшінші сәбіз бен картоп та аталған өңірден келеді. Фермерлер бұл жетістіктерді тек өз еңбектерімен ғана емес, мемлекеттік қолдау мен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Үкімет бағдарламаларының арқасында мүмкін болғанын ерекше атап көрсетеді.
Аймақ ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар бойынша елде көш бастап тұр. Биыл бұл – 187 млрд теңгені құрайды (+12%; 2024–166 млрд теңге). Былтырғы егіс маусымы оңай болмады, бірақ нәтижелі өтті – рекордтық өнім алынды. Шаруалар шамамен 1,1 млн тонна астық жинады (орташа өнімділік – 12 ц/га). Президенттің су саясатын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, 97% пайыз заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Тәуекелсіз егіс аумағын 1,5 есе ұлғайтып, 82 мың гектарға жетті. Нәтижесінде, жердің тек 5%-ын пайдалана отырып, өсімдік шаруашылығы өнімінің жартысынан көбін өндіруге қол жеткізген. Ауыл шаруашылығының осындай қарқынды дамуы азық-түлік бағаларының тұрақталуына оң әсер етуде. Қазірдің өзінде өңірде 16 азық-түлік тауарлары бойынша баға республиканың орташа деңгейінен төмен, ал 11 тауар бойынша біз Үздік-5 өңірдің қатарына кіреді.
Әлеуметтік сала
Бұл бағытқа облыс бюджетінің 51%-дан астамы бөлінеді, бұл оның әлеуметтік бағытталғанын көрсетеді. Жұмыссыздық 4,8% пайыз деңгейінде. Бұған 25,5 мың жаңа жұмыс орнын құру ықпал етті, оның 73%-ы тұрақты (18,6 мың.) Орташа айлық жалақы облыста шамамен 405 мың теңге, ал соңғы 6 айда ол 13%-ға өсті (орташа – 405 379 теңге, медиана – 341 607 теңге). «10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны» 9.093 орын құрылды, бұл жоспардан 122,3%-ға артық. Әлеуметтік тұрғыдан осал топты азаматтарды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жалпы сомасы 632,6 млн теңгеге 405 грант берілді (Бір грант көлемі – 400 АЕК немесе 1,57 млн тнг). Оқушы орындарының тапшылығын азайту және үш ауысымдық оқытуды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 қыркүйекте Достық шағын ауданында 1.200 орындық №48 мектеп ашылды, ал 600 орындық №47 мектептің құрылысы толық аяқталды (оқыту үшінші тоқсаннан басталуы жоспарланған). Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке 288 орындық қосымша ғимарат салынды (оқыту үшінші тоқсаннан басталуы жоспарланған)
Ауылдық жерлерде үш шағын жинақты мектеп пайдалануға беріліп, апатты мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Аққулы ауданының Тілектес ауылында – 90 орындық, Павлодар ауданының Бірлік ауылында – 120 орындық, ал Ертіс ауданының Бұланбай ауылында – 28 орындық жаңа мектептер салынды. (Барлығы: 360 мектеп – 115,6 мың оқушы, бірінші сынып оқушылары – 10,4 мың бала). Жаңа әлеуметтік нысандарды салу мен ашу – әкімдіктің басты міндеті ғана емес, жұмыс істеп тұрған мекемелердің өз жұмысын толық атқаруын қамтамасыз ету де маңызды. Биыл 12,9 млрд теңгеге 58 әлеуметтік нысанды жөндеуден өткен, ал 7,8 млрд теңгеге 22 жаңа нысан салынуда. (Жөнделді: 9,5 млрд сомаға 43 білім беру нысаны (32 мектеп (оның ішінде жаңарту шеңберінде – 15), 9 балабақша, 1 қосымша білім беру ұйымы, 1 ТжКБ ұйымы); 1,5 млрд сомаға 9 денсаулық сақтау нысаны; 1,9 млрд теңгеге 6 мәдениет нысаны). Облыстың қалалары мен ауылдарында бұқаралық спорттың дамуына дем беру мақсатында биыл 25 жаңа спорт алаңы бой көтерді. Ауыл халқы да назардан тыс қалған жоқ – елді мекендерде 6 бірдей спорт кешені ашылып, Ақсу қаласында заманауи Мұз аренасы пайдалануға берілді. 4,9 млрд теңгеге тағы 11 жаңа спорт нысанының құрылысы жалғасуда (ДШСК: Тереңкөл – Песчаное ауылы, Екібастұз ауылдық округі – Байет, Қоянды, Баянауыл – Жаңатілек ауылы, Май – Қаратерек ауылы, Павлодар – Кемеңгер ауылы, Ақсу қаласы – Үштерек ауылы және 3 жүзу бассейні – Успен, Ертіс және Май аудандары). Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 4,3 млрд теңгеге 662 жабдық, 894,8 млн теңгеге 37 санитариялық көлік алынды. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың жабдықталуы 84%-дан 100%-ға жетті.
Инвестициялар өз нәтижесін айқын көрсетуде. Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстарда павлодарлық оқушылар өңір абыройын көтеріп, 329 медальды еншіледі (50 – халықаралық, 279 – республикалық). Облыстың олимпиадалық командасы республикалық сайыстар қорытындысында «ҚР-дың үздік олимпиадалық командасы» атанды. Бұл – бүкіл облыс мақтан тұтар жетістік. Ал халықаралық білім додаларында өңірдің дарынды оқушылары 50 медаль жеңіп алып, ел намысын әлем алдында жоғары деңгейде қорғады. Облыс спортшылары да республикалық және халықаралық жарыстарда 3 мыңнан астам медаль жеңіп алды.
«Биыл біз көрнекті жерлестеріміздің мерейтойларына арналған ауқымды білім беру және мәдени шаралар легін өткіздік. Олардың қатарында – елге өшпес мұра қалдырған композитор, күйші Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, өнер көкжиегін кеңейткен ақын, композитор, драматург Иса Байзақовтың 125 жылдығы, сондай-ақ журналист, сатирик-жазушы, Қадыр Тайшықовтың 100 жылдығы бар. Қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосқан Қуат Әбусейітовтің, сондай-ақ жазушы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаевтың шығармашылық мұрасы да лайықты дәріптелді. Сондай-ақ биыл Антон Чехов атындағы драма театры өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтсе, Екібастұз қаласында жаңа театрдың ашылуы – өңір мәдениетінің өрісін кеңейтті. Ал, облыстық мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жаңартылуы – өңірдің рухани дамуына тың серпін берді. Осы жұмыс аясында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Антон Чехов атындағы драма театры және «Шаңырақ» облыстық орталығы жаңа автобустар мен автокөліктерге қол жеткізіп, көшпелі іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтті. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен зағип азаматтарға арналған, қалалық және Мүбәрәк Жаманбалинов атындағы балалар кітапханалары күрделі жөндеуден өтуде», — деп атап өтті Асайын Байханов.
Биыл өңірде республикалық маңызы бар 196 шақырым автожол жөнделген
Көпшілікті ең көп толғандыратын тұрғын үй-коммуналдық салаға келетін болсақ, биылғы жылыту маусымына дайындық аясында 26,2 млрд теңгеге 37 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу жұмыстары жүзеге асырылған. (БИЖ-ы 12,8 шақырым; ТМС - 0,5 шақырым; гидравликалық сынау 23,8 шақырым). Павлодар және Екібастұз қалаларында жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын ЖМ-20А, ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдері толық жаңартылған. Бұл жұмыстар апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беріп, 30 мыңнан астам тұрғынды сапалы жылу қамтамасыз етті. Су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде: осы бағытта 12,1 млрд теңгеге 25 ауқымды жоба жүзеге асырылуда (қалалар: 8,2 млрд-қа 18 жоба, аудандар: 3,8 млрд-қа 7 жоба). Жыл қорытындысы бойынша қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтылатын болады. Енді жол инфрақұрылымына келетін болсақ, биыл өңірде республикалық маңызы бар 196 шақырым автожол (43,4 млрд теңгеге) жөнделіп, сондай-ақ 445 шақырым жергілікті жол, оның ішінде елді мекендердегі көшелер жаңартылды (27,6 млрд теңге: облыстық және аудандық – 14,5 млрд-қа 245 шақырым және елді мекендердің көшелері – 13,1 млрд-қа 202 шақырым). Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы жаңа көпірдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыс көлемі 52%-ға жетті, ал жобаны аяқтау 2027 жылы жоспарлануда. («Казахдорстрой» ЖШС, 71,4 млрд).
Қалалардың жайлылығының басты кепілі – қоғамдық көліктің дамыған жүйесі. Осы бағытта айтарлықтай жетістіктер бар және тұрғындар бұны сезінуде. Соңғы екі жылда 268 жаңа автобус паркке қосылып, бүгінгі таңда облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктің 90%-ы заманауи, кең әрі ыңғайлы автобустармен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін жаңа автобустар саны 279-ға жететін болады. Сонымен қатар авиациялық қатынасты дамыту мақсатында өткен жылы Павлодар әуежайының ұшып-қону жолағын қайта құру басталды. Алғашқы дайындық жұмыстары 2024 жылғы қыркүйекте қолға алынса, 2025 жылғы сәуірден бастап әуежай күрделі техникалық жұмыстарға байланысты жабылды. Қайту құруды толық аяқтау 2026 жылғы шілде-тамыз айларында жоспарлануда. («Kurylys Group RK» ЖШС, 16,4 млрд). Өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биыл «ҚТЖ» Акционерлік қоғамының қаржысына Ақсу вокзалы мен Қалқаман, Шідерті, Қарасор және Бозшақөл стансалары заманауи үлгіде жаңартылуда (583 млн теңге). Ақсу вокзалының толық жаңартылуы 2026 жылы, ал қалған стансалардағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Қоғамдық қауіпсіздік
Әкімдік жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы мақсатта 156 әлеуметтік нысанға 5.567 бейнекамера орнатылды, олардың 97%-ы полиция департаментінің Оперативтік орталығына қосылды (УО–138; УЗ- 18). Биыл қоғамдық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы іске қосылды. Жоба жасанды интеллект негізіндегі аналитикалық платформа арқылы жүзеге асырылуда. Қоғамдық орындар мен 150 қиылыстарға, сондай-ақ үш қаланың республикалық жолдарының 250 учаскесі мен 20 бөлігінде 4 мыңнан астам камера орнатылды. 14 қарашадан бастап құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйесі тестілік режимде жұмыс істеп, жабдықтың сапасы мен деректердің дұрыс өңделуі тексерілуде. Үш жылдық «Қауіпсіз қала» жобасы — сервис моделі бойынша жүзеге асырылып, жабдықты жеткізуші оны сатып алып, орнатып, интеграциялады және 2027 жылдың соңына дейін толық қызмет көрсетуге жауапты.
Азаматтардың өтініштері
Бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың көбі халықпен үздіксіз байланыс арқылы қалыптасты. Әрбір жоба – өңір тұрғындарының өтінішіне жауап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Еститін мемлекет» ұстанымының нақты көрінісі. Барлық деңгейдегі жергілікті билікпен өзара әрекеттестік пен тиімді кері байланыс орнатуда әлеуметтік желілер негізгі платформа ретінде қолға алынған. Жыл басынан бері 90 мыңнан астам өтініш түсті, оның 70%-дан астамы оң шешімін тауып, қалғаны жұмысқа алынды. Биыл шілде айында «СуперЦОН» жобасы аясында жаңа Азаматтарды қабылдау орталығы іске қосылды. Мұнда бір жерде халыққа қызмет көрсету орталығының, мемлекеттік органдардың қызметі және қоғамдық қабылдаудың барлық қызметтері – халыққа қолжетімді. Осы жаңашылдық нәтижесінде облыс халықпен тиімді жұмыс істеу жөнінен елдегі үздік бес өңірдің қатарында.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру», – деп баса айтқан болатын. Осы ұстаным біздің жұмысымыздың негізгі қағидаты», — деді өңір басшысы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу