Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып келеді

Биыл 10 айда Солтүстік-Қазақстан облысы экономикасының өсімі 7,3%-ды құрады. Облыс бюджеті  435 млрд теңгеге жетті. Қаңтар-қазан айларында өңірге 267 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 85%-ы жеке инвестиция. Аталған мерзімде 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 22,5%-ға өсіп, 222 мың теңгені құрады.

Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңдеу саласында 20 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Өңірде өнеркәсіп саласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 4 500 жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 376,5 млрд теңгеге өңдеуші салада 20 жобаны іске қосу жоспарлануда. Іске асырылып жатқан жобалар есебінен ағаш өңдеу, фармацевтика, қағаз, жиһаз салаларын дамытуға серпін берілді. Облыста ламинатталған фанера, шпон өндіру бойынша жобалар іске қосылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін іске асырылып жатқан шаралар ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін 2018 жылы қабылданған кешенді жоспар бар. Қазір бұл жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жол, су мәселесі шешіліп, жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Ал мұның барлығы  көші-қон процестерін тұрақтандыруға көмектеседі. Солтүстік Қазақстан облысының халқы жылдан жылға азайып бара жатқандығы құпия емес. Мұндағы халық санының азаюына облыстағы көші-қон мәселесі де әсер етіп отыр. Бүгінде еліміздің солтүстік өңірін жандандырып, мұндағы халық санын көбейтіп, әлеуетін күшейту мақсатында біршама істер атқарылуда. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, мемлекет халықтың жұмыс қолы көп өңірлерден еңбек ресурстарына сұраныс жоғары жерлерге қоныс аударуын реттеуді көздеп отыр. Көшіп келушілерге барынша жағдай жасалады. СҚО Статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, облысқа көшіп келгендер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Алдағы уақытта солтүстікке қоныс аударушылар санын көбейте түсу үшін облыс әкімдігі көшіп келушілерді ең алдымен баспамен қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде кемінде 3-4 баласы бар отбасылар, сондай-ақ басқа облыстардан көшіп келушілер арасындағы дәрігер, агроном, тракторшы, комбайншы секілді мамандар бірден тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй беріледі. Балалар мектеп пен балабақшаға еш кедергісіз қабылданады. Жалпы облысқа тұрақты тұруға келген әр адамға қаржылай жәрдем беру қарастырылған. Дер кезінде қабылданған, Мемлекеттік бағдарламаның іске асқандығының арқасында кейінгі үш жылда оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына үш мыңнан астам азамат, 700 отбасы көшіп келіп, әлеуметтік қолдауларға ие болған. Қазір олар ауылшаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемісті еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Өңдеу өнеркәсібі

Соңғы 5 жылда өңірде өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 25%-ға өсті (381-ден 476 субъектіге дейін). Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемінің өсімі 8,5%-ды (306 млрд теңге), ал республика бойынша 4,7%- ды (17,1 трлн теңге) құрады.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары сыртқы сауданың қарқынын жылдам арттыруда. 2018 жылдан бері экспорт көлемі 2,3 есеге өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,2 млн теңге болса, биыл 7,5 млн теңгені құрады. 2,3 есе өсті (Қазақстан Республикасында – 5,1-ден 9,4 млн теңгеге дейін).

Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер көзделуде: 2022 жылы мұнда кірпіш зауыты мен темірбетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын ашылды. Қағаз өнімдері мен автоклавты газоблоктар шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген.

Индустриялық жобалар қалай жүзеге асырылып жатыр, қанша жоба іске асты, тартылған инвестициялар көлемі қандай деген сұраққа келетін болсақ, 2022 жылы жалпы сомасы 44 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде құны 20 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске қосылды.

2022 жылғы 18-29 сәуір аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдауды жүзеге асырды.

2022 жылғы 16-19 мамыр аралығында конкурстық комиссияның отырыстарында 111 өтінім жобасы қаралды. Отырыстардың қорытындысы бойынша конкурстық комиссия жалпы сомасы 37 млн теңгеге 10 жобаны мақұлдау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта грант шарттарын жасасу рәсімі жүргізілуде.

Жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2022 жылғы 10 айда 3,0 млрд теңгені құрады.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріспен «Әулие Голд Майнинг», «ҚАЗРОСРЕСУРС»,  «Жол материалдары СК» айналысады. Облыс уран қоры бойынша республикада үшінші орында тұр.

Өңірде металлургия өнеркәсібі саласы айтарлықтай дамып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында «Ақсоран» және «Баян» вольфрам кен орындарында тау-кен металлургия комбинаттарын салу бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Кен орындары Айыртау ауданында орналасқан.

Әрбір жобаны іске асыру бойынша Жол карталары әзірленді. Оларды жүзеге асыру облыстың тау-кен өнеркәсібін дамытудың негізіне айналады. Инвестициялардың жалпы сомасы 137 млрд теңгені құрайды. Комбинаттарда екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндіктер бар. Өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің облыста 15-і өндіріледі.

Облыстың потенциалы өнімге деген қажеттіліктен әлдеқайда жоғары.  Мысалға, өңір өзін-өзі сүтпен 8 есе, макаронмен 18 есе, картоппен 10 есе, жұмыртқамен 4 есе, қырыққабатпен 3 есе, сәбіз және етпен 2,5 есе, сары маймен 1,6 есе көп қамтамасыз етіп отыр.

5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд теңгеге жетті.

Биыл ауыл шаруашылығы саласына шамамен 87 млрд теңге инвестиция салынды. Бүгінде елдің солтүстігі әртараптандыруда көш бастап тұр. Майлы дақылдардың ауданы 1 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ соңғы 2 жылда мұнда 7 заманауи мал шаруашылығы кешені іске қосылды. Фермерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау бар.

Биыл агроөнеркәсіп кешенінің субъектілеріне көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына тоқталсақ, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің ең кішкентай аймағы болғанына қарамастан оның агроөнеркәсіптік кешеніне ең көп инвестиция құйылған. 2021 жылы облыстық АӨК-ке 160 млрд теңге салынды. Бұл Қазақстанның АӨК барлық салымдарының бестен бір бөлігі.

2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында сүт фермаларын салуға мемлекет жеңілдетілген несие береді. Бұл қаржыға шаруалар кешендер салып, заманауи қондырғылар сатып алады.

Ел көлемінде алатын болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың  үштен бірін, жұмыртқаның 11%-ын, сүт өнімдерінің 23%-ын беретінен бастауымыз керек. Солтүстіктің өнімі Еуропа, Ресей, Қытай және Орталық Азия, араб елдеріне жөнелтіледі. 2022 жылдың басынан бастап Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерге тауарлардың шығу тегі туралы 2504 сертификат берді, оның 2127-сі экспорттаушыларға берілген. Биыл бұрынғыдай, Солтүстік Қазақстан тауар өндірушілері Өзбекстанға негізінен бидай, кебек және бидай крахмалын, Қырғызстан мен Тәжікстанға бидай экспорттады. Сонымен қатар макарон өнімдері, мұздатылған өңделген тағамдар, мұздатылған балық, сүт өнімдері, бидай глютені, бидай крахмалы, зығыр, рапс және соя Ресейге жөнелтіледі. Украина қарақұмық, бидай крахмалы, жасымық және зығыр алады. Сондай-ақ жыл басынан бері Еуроодақ елдеріне көптеген түрлі тауарлар экспортталды. Иранға арпа, бидай, Ауғанстанға ұн, тауық жұмыртқасы, Қытайға – бидай мен зығыр майы, Түркияға қатты бидай мен жасымық жеткізілді. 2022 жылы олардың қатарына Моңғолия кірді. Бұл елге макарон өнімдері экспортталды.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығының үлесі басым. Ауыл шаруашылығы өңірдің жалпы өнімінде 23,6%-ын құрайды және облыс экономикасының айқындаушы және негізгі  саласы. Соңғы 5 жылда индустрия саласы дамып келеді. СҚО экономикасын әртараптандыру жүргізіліп жатыр. Бұрын болмаған өндірістер ашылуда. Мысалы, кірпіш, қағаз және трансформатор зауыттар ашылды.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау

Кезекте тұрғандарға баспана салынып жатыр. Биыл көп балалы отбасыларға 120 пәтер беріледі. Сондай-ақ 120 пәтер жетім балаларға бөлінді.

Әрбір аз қамтылған отбасымен мақсатты жұмыстар жүргізілді. Жаңадан ашылған мекемелерде жұмыс орындары, мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, өтеусіз гранттар берілді.

Бұл атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 1200 адамға (10326 адамнан 9100 адамға дейін) қысқартуға мүмкіндік берді.

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан 10 800-ге жуық оқушы бар. Өткен жылы осы санаттағы он мыңға жуық бала оқу орны бойынша тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, оған 390 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды даярлауға төлейтін ең төменгі сома мөлшеріне қатысты кейбір өзгерістерді қабылдады. Енді көмекке мұқтаж әрбір отбасы кемінде бір күнкөріс минимумы мөлшерінде, яғни 37 389 теңге алады. Егер бұрын қаржылық көмек әкімдіктерге берілсе, енді ақша ата-аналарға жіберіледі.

Облыста азық-түлік бағасының өсуіне жол бермей, оны тұрақтандыру үшін келесі шаралар қабылданып жатыр. Бағаны тұрақтандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Азық-түлік тауарларын делдалсыз сөрелерге жеткізу үшін көтерме-бөлшек орталығы ашылды. Бұл облыста бірінші салынған орталық. Оған қоса, заманауи көкөніс қоймасы ашылды. Бұның барлығы тұрақтандыру қорында көкөністерді сақтап, қысқы уақытта оңтайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді. 200 тонна сәбіз, 450 тонна пияз, 1 мың тонна картоп қоймада бар.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қатысты мәселелер бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін call-орталық құрылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның жоғарылауы, тауарға бағаның болмауы, тауарда көрсетілген құнның алшақтығы мәселелері бойынша және кассада төлеу кезінде қоңырау шалуға болады. Сall-орталық дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Келіп түскен барлық өтініштер жедел қаралып, бұзушылықтар орын алған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті кіреді.

Шағын және орта бизнесті дамыту

Шағын және орта бизнестің (ШОБ) дамуы неғұрлым күшті болса, экономика соғұрлым қарқынды дамиды. ШОБ өнімінің шығарылымы 5 жыл ішінде екі есеге, яғни 490 млрд теңгеден 913 млрд теңгеге дейін өсті. Облыстың ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі 31,4%-ға жетті.

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға ниетті.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, бес жыл ішінде ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі 7-ден 31,4%-ға өскен.

Облыста 30 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылғандар саны 105,4 мың адамды құрады, яғни әрбір үшінші тұрғын шағын және орта бизнесте еңбек етуде.

Бұл ретте сауда саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 35%-ы жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан бизнеске субсидиялау, кепілдік беру, гранттық қаржыландыру арқылы үлкен қолдау көрсетіліп отыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында соңғы бес жылда бағдарламаны іске асыруға 15,7 млрд теңге бөлінді. Оны екі мыңнан астам кәсіпкер пайдаланды.

Қабылданған кешенді жоспардың арқасында 2021 жылы ҚР Ұлттық қорының қаражаты есебінен қосымша 3,5 млрд теңге түсті. Бастауыш және жас кәсіпкерлердің жаңа инновациялық бизнес-идеяларын ынталандыру үшін гранттық қаржыландыру шеңберінде бес жыл ішінде 441 млн теңгеге 111 грант берілді. 44 кәсіпкер жетіспейтін коммуникацияларды жүргізуге қолдау алды. Осы тетіктің арқасында бизнес өз қаражатын 3,4 млрд теңгеге үнемдеген.

Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылды. Облыста 192 жоба іске асырылды, соның арқасында 1,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында облысқа 267 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 85%-ы жеке инвестиция. Германия, Түркия және Ресей елдерінен келген инвесторлар жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Кірпіш зауыты, қағаз зауыты, темір бетондары кәсіпорны ашылды. Жыл соңына дейін автоклавты газоблоктар зауыты іске қосылмақ. Қызылжар арнайы экономикалық аймағында ауыл шаруашылығы техникасы кәсіпорны мен электротехникалық зауыт ашылды. Қазір ДСП шығаратын екі зауыт салынуда.

Бұл бағыттағы жұмыс облыста жалғасады. Айта кетейік, Петропавлда «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы құрылған. АЭА 25 жыл жұмыс істейді, осы уақыт ішінде 1,5 трлн теңге сомасына өнім шығару жоспарлануда. Бұл Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарындағы жалғыз аймақ. Көптеген ресейлік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Олар мұнда келуге, өз өндірістерін ашуға, жолға қоюға дайын. Әрине, бұл экспортқа бағдарланған өнім болады. Тамақ өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдары, жиһаз, электроника және машина жасау өндірісі.

Облыстағы жолдардың жай-күйіне тоқталсақ, 2022 жылы 663 шақырым жол жөнделді. Облыс бойынша жақсы жолдардың үлесі 81%-ға  жетеді. 2022 жылы СҚО-да құрылыс, реконструкция, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ облыстық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 22 млрд теңге бөлінді.

2026 жылға дейінгі Кешенді жоспар аясында 2 мыңнан аса шақырым жол жөнделмек. Осылайша, облыстың барлық жолдары қалыпқа келеді.

Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша іс-шаралар қабылдануда. 2022 жылға қарай облыстың автожолдар желісі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 73%-ға жетеді деп жоспарланған болатын.    

Жұмыспен қамту

Өңірде 2022 жылдың 10 айында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл басынан бері барлығы 16 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 5200-і «Бірінші жұмыс», «Жастар тәжірибесі» және «Ұрпақ келісімі» жобалары аясында жұмыс алған жастар.

Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. 2022 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды (Қазақстанда – 4,9) құрады, 2022 жылдың соңында күтілетін көрсеткіш 4,9%-дан аспайды.

Жұмыссыздық деңгейінің артуын болдырмау үшін облыста экономиканың түрлі салаларында 10,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 9,4 мыңы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобалар бойынша, ал бизнес-бастамаларды қолдау есебінен тағы 1,1 мың жұмыс орны ашылады.

Солтүстік Қазақстан облысында цифрландыру мен инновацияларды енгізу процесі жүріп жатыр. Цифрландыру жобасы мемлекеттік қызметтерді онлайн жүйеге көшіруге септігін тигізуде. Облыста әлеуметтік-еңбек саласында 23 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның 22-сі электрондық форматта. 2021 жылы 45 мың қызмет түрі көрсетілді. Оның 23 мыңы (51%) электрондық форматта, 5,9 мыңы (13%) – проактивті  түрде, 16 мыңы – қағаз түрінде. Бұл ретте 2020 жылмен салыстырғанда электрондық форматтағы қызметтердің үлесі 55-тен 64%-ға дейін өсті. Халық арасында «онлайн қызметтердің» мүмкіндіктері туралы жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, «Электрондық еңбек биржасы» порталында 11 мыңнан аса жұмыссыз азамат қызмет алды. 2021 жылы 34,7 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 80%-ы электронды форматта болды.

Облыста туризмді дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар, биыл өңірге қанша турист келді, қандай туристік объектілердің құрылысы жоспарланып отыр деген сұрақтарға жауап төменде берілген.  

Солтүстік Қазақстан облысында Шалқар-Имантау курорттық аймағы бар. Курорттық аймақта жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде «Шалқар су» шипажайын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылы 8 айда облыстың туризм саласына 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Жалпы туристер ағынының оң динамикасы байқалады. Биыл бірінші жартыжылдықта өңірде 64,6 мың адам демалды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.

Солтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту мақсатында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қолдау шаралары қолданыла бастады. Кәсіпкерлер туризм және жол бойындағы сервис объектілерін салуға және реконструкциялауға, автокөлік сатып алуға, санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтей алады.

Жоғарыда айтылғандай, Солтүстік Қазақстан облысының Имантау-Шалқар курорттық аймағында экологиялық туризмді дамыту көзделген. Курорттық аймақ Айыртау ауданында орналасқан. Бұл жердің табиғи ландшафтын Швейцариямен салыстыруға болады. 

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы курорттық аймақта танымал болған экологиялық туризмді дамытуды жоспарлап отыр.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін дамытудың бас жоспары бекітіліп, оның шеңберінде ұлттық паркті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қазірдің өзінде 13 бағыт белгіленді. Жаяу маршруттар – «Қазантау», «Екі ағайынды» шоқыларына, онда қарау алаңдары жабдықталады. Белсенді демалыс түрін сүйетіндер үшін киелі нысандарға баратын ат және велосипед маршруттары ұйымдастырылған.

Жағажай аймағының жабдықтарымен Имантау көлінде жағалау салу жоспарлануда. Жеке инвесторлармен глампинг-парктер, экоотельдер, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи демалыс базалары, автокеруен алаңдары мен этноауылдар салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Білім беру

Облыста білім беру жүйесін дамытудың көрсеткіштеріне, 3 ауысымдық оқыту мәселесі қаншалықты шешілгендігіне келетін болсақ, мектептердің инфрақұрылымы жақсартылуда. Өңірде 4 жаңа мектеп салынды. 2026 жылға дейін тағы 6 мектеп ашылады. Төрт жыл ішінде 327 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Бұл облыс мектептерінің 70%-ын жаңартуға мүмкіндік берді. Биыл 83 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мектептерге 28 пәндік кабинет пен 29 мектеп автобусын сатып алынады. Келесі жылға білім саласына облыс бюджетінен 131 млрд теңге бөлінеді. Оның басым бөлігі  — 92 млрд теңгесі тікелей жалпы білім беретін мектептерде оқуға жұмсалады. 147 млн теңге оқушыларды тегін тасымалдауға жұмсалады, бұл елді мекендерде мектебі жоқ ауыл балаларына қатысты. 2023-2025 жылдарға арналған «Жайлы мектеп» пилоттық жобасын іске асыру аясында облыста 3300 оқушыға арналған 4 мектеп салу жоспарланған. Осы мақсаттарға 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер күтілуде.

Лизингке мектеп автобустарын сатып алу үшін 327 млн теңге, халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, оған 750 млн теңге бөлінді. 2023 жылы республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 2022 жылы басталған жобалардың құрылысы жалғасатын болады. Оның ішінде 600 орындық екі студенттік жатақхананың құрылысы 2 млрд 262 млн теңгені құрайды.

Тәуелсіздік жылдарында Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласында да айтарлықтай биіктерге қол жеткізілді. Үш ауысымдық оқыту жойылды. 

Денсаулық сақтау  

Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың қорытындылары қандай, стационарлар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы қалай? Облыста туу көрсеткішінің 3,5%-ға төмендеуі байқалады. Жалпы өлім көрсеткіші 13,4%-ға өскен. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 7,35%-ға артқан. Сапалы медициналық көмек көрсетудің негізгі рөлін кадрлық ресурстар атқарады. Солтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау саласында 7533 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 1694 дәрігер және 5839 орта медицина қызметкері. Облыс бойынша дәрігерлердің тапшылығы 187,75 штат бірлігін құрайды. Оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек буынында – 95, оның ішінде 12 ауылда, стационарларда 92 бірлік, оның ішінде 6 ауылда. Келесі дәрігерлік мамандықтар арасында кадрлардың ең көп тапшылығы байқалып отыр: анестезиологтар-реаниматологтар – 27 бірлік, жалпы практика дәрігері – 18, акушер-гинекологтар – 11, кардиологтар – 9, инфекционистер – 8, неврологтар – 2, терапевтер – 12, педиатрлар – 3, неонатологтар – 2. Денсаулық сақтау министрлігі проблеманы шешу үшін жыл сайын медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайтады. 2021 жылы облыстың қажеттілігін ескере отырып, резидентураның 17 медициналық мамандығы бойынша 89 білім гранты бөлінді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1019 денсаулық сақтау маманы біліктілігін арттырудан өтті, оның ішінде дәрігерлер — 226, орта медицина қызметкерлері — 575, басқалары – 218. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысына 56 маман, оның ішінде ауылдық жерлерге 20 маман жұмысқа орналастырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2021 жылы облыстық бюджет қаражатынан 22 жас маманға көтерме жәрдемақы берілді, тұрғын үй сатып алуға 9 жаңа бастаған дәрігер несие алды. 

5 жыл ішінде 14 млрд теңгеге 2 мың медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Атап айтқанда,. маммографтар, ангиографтар, рентген және ультрадыбыстық аппараттардың тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Ауруханаларды МРТ және КТ жабдықтау жағдайы айтарлықтай жақсарды. Компьютерлік томографияның саны 4-тен 9-ға өсті. МРТ саны 1-ден 5-ке дейін өсті. Биыл балалар ауруханасына МРТ жеткізіледі. Келер жылы көпсалалы қалалық ауруханаға МРТ орнатылмақ. Сонымен қатар көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасады. Келесі жылы «Жас өркен» және «Береке» шағын аудандарында 2 емхана ашылады.

Жаңа қоныс – қуаныш ордасы

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша біршама жұмыс атқарылуда. 

Биыл 401 мың шаршы метр құрылыс салынады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Кешенді жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін облыста 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 144 мың солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлайды.

Облыста 34 коммерциялық үй салынуда. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы инвестордың қаражатына бір ғана үй пайдалануға берілді.

Бүгінде облыс бойынша 53 көпқабатты үй салынуда, оның 23-і жеке құрылыс салушылар. 3,5 мың пәтер жалға беріледі. Жаңа тұрғын үйді 12 мың солтүстікқазақстандық алады. Облыс орталығында «Жас Өркен», «Береке» және «Орталық» шағын аудандарының құрылысы жалғасып жатыр. Кезекте «Копай» және «Жағалау» тұрғын шағын аудандары тұр. Жаңарту бағдарламасы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуға мүмкіндік береді. Қала бойынша барлығы 1,7 мыңнан астам ескі үйлер қиратылды. 6 мыңға жуық тұрғын тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Бүгінде Петропавлда апатты жағдайдағы және ескі тұрғын үйлерді бұзу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. 1700 үй бұзылды, тағы 700 үй өз кезегін күтуде. Бұл өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарында салынған үйлер.  Алдағы 5 жылда 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 21 мыңнан астам пәтер салу жоспарлануда. Тәуелсіздік жылдары облыста 5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Өңірде «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, жыл басынан бері қанша тұрғын мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болғандығы туралы айтсақ, 5 жыл ішінде Екінші деңгейдегі банктер 75,5 млрд теңгеге 8230 тұрғын үй несиесін берген. Яғни, 8,2 мың отбасы баспаналы болады. «Отбасы банкінің» облыстық филиалында 51 мың салымшы 40 млрд теңгеге жуық қаржы жинаған. «Отбасы банкінің» Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін тұрғын үй сатып алудың облыстық бағдарламасы бойынша мұғалімдер, дәрігерлер және жергілікті ұйымдардың басқа да штаттық қызметкерлері тұрғын үй ала алады. Жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Қызылжар жастары» аймақтық бағдарламасы әзірленді. Бұл «Отбасы банкінің» жас мамандарға баспана сатып алуға көмектесетін, Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін облыстық бағдарлама. Мұндағы қарыздың ең жоғары сомасы 13 млн теңгені құрайды. Егер жылжымайтын мүлік қымбатырақ болса, онда адам өзі қосады. Бастапқы жарнасыз қарыз 9 жылдан 19 жылға дейін беріледі. Жаңа бағдарлама бойынша облыс аумағындағы бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып алуға болады. Бұл ретте осы бағдарламаға қатысушының өтініш беру сәтіндегі жасы жұбайының/зайыбының жасына қарамастан, қоса алғанда 35 жастан аспауға тиіс. Тағы бір критерий-отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүліктің болмауы және міндетті зейнетақы аударымдарының болуымен Петропавл қаласының ұйымдарында кемінде соңғы 6 ай еңбек қызметін жүзеге асыруы қажет. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Оған қалалық және республикалық денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің штаттық қызметкерлері және мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары, БАҚ қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатыса алады.

Бұқаралық спорт 

Солтүстік Қазақстан облысында бұқаралық спорт, оның ішінде спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Биыл облыс орталығында 3 спорт кешені ашылып, тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 2 хоккей корты салынып жатыр. Сондай-ақ халықаралық жарыстар өтетін заманауи спорт сарайын салу жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысында спорт саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 7,6 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Соңғы 4 жылда қаржыландыру 2,5 млрд теңгеге артқан.

Спорттың дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуымен тікелей байланысты. Облыста 2 933 спорт ғимараты жұмыс істейді.

«Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 6 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мектеп-интернат-колледжінің өскелең олимпиадалық спортшылары үшін 244 орындық жатақхана құрылысы қолға алынды.

Жыл сайын облыста дене шынықтыру және спортпен айналысатындар саны өсуде. Бүгінде бұл шамамен 186 мың адам немесе облыс халқының жалпы санының 34,5%-ын құрайды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, жабық хоккей корттарын және басқа да спорт ғимараттарын салу арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдар санын 37%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы мақсатта обылыста 21 мыңнан астам спортшы баратын 27 балалар мен жасөспірімдер мектебі, облыстық олимпиадалық резервтің спорт мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, БЖСМ-мен (балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері) жұмыс істейтін облыстық дене шынықтыру-спорт орталығы, 9 спорт клубы, 11 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы, 25 аула клубы жұмыс істеп тұр.

Дене шынықтыру және спортқа қызығатын балалар мен жасөспірімдер санын одан әрі арттыру мақсатында спорт түрлері бойынша жаңа бөлімдер мен оқу топтары ашылуда. Мысалы, балалар мен жасөспірімдерді қамтуды ұлғайту үшін аудандық және қалалық спорт мектептерінде спорт түрлері бойынша 40-тан астам жаңа топ ашылған.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту және көпшілікке насихаттау үшін өткен жылы жергілікті бюджет есебінен ат және ұлттық ат спорты түрлерінің облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды, онда 5 ұлттық ат спорты түрлері – аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге бойынша жастарға баулу қолға алынған.

Жыл сайын бокстан ардагерлер арасында «Ринг патшасы» облыстық турнирі өткізіледі. «AulaFit» республикалық әлеуметтік жобасы аясында облыс орталығында екі әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, онда маусым мен қыркүйек аралығында шағын футбол бойынша жаттығу сабақтары, «Динамо» және «Қарасай» стадиондарында, Тұңғыш Президент саябағында және Жеңіс саябағында аптасына үш рет барлық ниет білдірушілер үшін топтық сауықтыру сабақтары ұйымдастырылады. Қыс мезгілінде облыс орталығында және облыс аудандарында халықтың белсенді демалысы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Спорт сарайында, жабық және ашық хоккей корттарында, ашық мұз айдындарында конькимен жаппай сырғанау ұйымдастырылған.

Өңірде футбол, волейбол, шайбалы хоккей, баскетбол, велоспорт, ұлттық ат спорты түрлері, жекпе-жек және мүмкіндіг шектеулі жандар үшін 9 спорт клубы жұмыс істейді. Оның 8 кәсіби және 1 мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Облыс спортшылары 300 республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, 1500-ге жуық түрлі дәрежедегі медаль жеңіп алған. Бүгінгі таңға 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 43 ҚР спорт шебері, 173 ҚР спорт шеберіне кандидат және 138 1 разрядты спортшы даярланды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу