Роман Скляр су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

Бүгін, 11 ақпанда, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың басшылығымен «Басқару органдарының, Азаматтық қорғаныс Мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы» күн тәртібімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. 

ҚР ІІМ ТЖК дағдарыс жағдайындағы Басқару орталығында өткізілген отырысқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

«Қазгидромет» РМК, ТЖ Комитеті, Су ресурстары комитетінің басшылары болжамдар, су тасқыны кезеңіне дайындық, гидротехникалық құрылыстардың суды қабылдау және апатсыз өткізуге техникалық дайындығы туралы баяндады.

«2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені» жол картасының іс-шараларын іске асыру кезінде 724 елді мекенге қауіп-қатерлер азайтылғаны атап өтілді. 2017-2019 жылдар аралығында 515 км қорғау бөгеттері мен қорғаныс біліктері салынды, 508,1 км қорғау құрылыстары жөнделді, 537,1 км су тасқыны қаупі бар өзен арналарындағы жағалауды бекіту, түбін тереңдету және түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.

Су тасқыны жағдайының күрделену ықтималының алдын алу үшін 9 мыңнан астам адам, 1730 бірлік техникадан тұратын апаттық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Күштер мен құралдардың қосымша резервтік топтары, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері мен техникасы дайындалды. Халықты хабардар ету мәселелері пысықталды.

Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр су тасқынына жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу