Роман Скляр жұмыс сапарымен Қытайға барды

2023 жылғы 14-15 қыркүйекте Қытай тарапының шақыруымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіп орталықтарының бірі саналатын теңіз жағалауында орналасқан Ляньюньган қаласына барды.

Сапар аясында Роман Скляр «Қытай – Еуропа» жүк пойыздарының ынтымақтастық форумының ашылу салтанатына қатысты, онда Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың форумды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға арнаулы жолдауын оқыды. «Елеулі геосаяси шиеленіс жағдайында бұл бастаманың маңызы орасан зор, өйткені көлік – тұрақты экономикалық өсудің негізгі драйвері. Сондықтан бұл іс-шара әлемдік көлік логистикасын дамыту және оңтайландыру, жаңа бағыттарды ашу және заманауи технологияларды қолдану жөніндегі жаңа идеяларға деген ұмтылысты толық көрсетеді», — делінген Мемлекет басшысының жолдауында.

Форумның ашылу салтанатына Қытай Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян, Цзянсу провинциясы мен Қытайдың салалық мемлекеттік органдарының басшылығы, сондай-ақ Қытайда аккредиттелген шетелдік елшіліктер мен әлемнің түрлі елдерінің көлік ведомстволары қатысты.

Сапар барысында Роман Скляр Қытай Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді, онда тараптар Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының сауда-экономикалық, транзит-көлік және инвестициялық бағыттарының кең ауқымын талқылады.

Сонымен қатар қазақстандық делегация басшысы Цзянсу провинциясының губернаторы Сюй Куньлиньмен, сондай-ақ «CRRC Group», «XCMG Group», «Ace Group», «China Xinxin Group», «China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd» сияқты ірі қытайлық индустриялық, көлік-логистикалық, металлургиялық және құрылыс компанияларының басшылығымен кездесті.

Жұмыс сапарының соңында Роман Скляр «Ляньюньган қ. Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорнына барып, оның басшылығымен кездесіп, негізгі жұмысымен танысты.

 

#Роман Скляр #Көлік #Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу