10 Тамыз 2026, 20:54
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 24-отырысында денсаулық сақтау саласында ҚҚС қолдану мәселесі қайта қаралды.
Жаңа Салық кодексінде денсаулық сақтаудың жекелеген бағыттары үшін ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту көзделген. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік заттар ҚҚС-тан босатылды. Бұл дәрілік заттардың 3 мыңнан аса түрі.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды. Қосымша ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын фармацевтикалық субстанциялардың импорты салықтан босатылды.
Көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу үшін ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесі көзделген: 2026 жылғы қаңтардан бастап ол 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-10% болады.
Сонымен қатар әртүрлі ҚҚС ставкаларын қолдану әкімшілендіру кезінде қиындықтар да туғызады. Денсаулық сақтау саласының өкілдері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС бірыңғай өтпелі мөлшерлемесін енгізу туралы мәселені бірнеше рет көтерген.
«Атамекен» ҰКП-ның түрлі нұсқаларын қарастырғаннан кейін, саланың атынан барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС-тың бірыңғай өтпелі мөлшерлемесін 5% мөлшерінде белгілеуді, ал медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босатуды ұсынды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мысал ретінде ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін келтірді. Олардың басым көпшілігінде медициналық қызметтерге ҚҚС – 0%.
Отырыс барысында сондай-ақ, тәжірибе көрсеткендей, оның ішінде пандемия кезінде салықтан босату сатылатын қызметтердің, дәрілік қызметтер мен медициналық бұйымдардың бағасына әсер етпейтіні атап өтілді. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС мөлшерлемелерін ықтимал қайта қарау бюджетке, салаға, сондай-ақ халық үшін медициналық көмек пен дәрілік заттарға қол жеткізуге әсер ететінін ескере отырып, жан-жақты талдауды талап етеді.
Талқылау қорытындысында қатысушылар денсаулық сақтау саласы мен бюджет үшін ұсынылатын өзгерістердің ықтимал салдарын егжей-тегжейлі талдағаннан кейін, мәселеге қайта оралуға келісті.
Отырыстағы тағы бір мәселе – Салық кодексінің 778-бабы. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, салықтық маневр шеңберінде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың жаңа ставкасын енгізуді көздейді.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев атап өткендей, бастапқыда салықтық маневрді Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын іске қосумен үндестіру көзделген болатын. Реформа рента салығын, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты және экспорттық кедендік бажды қамтитын қолданыстағы салық жүктемесін шоғырландыруды көздейді. Бұл ретте экспортқа жеткізу кезінде мұнай үшін Сауда министрлігінің бұйрығымен бекітілген экспорттық кедендік баж жойылған жоқ. Бұл іс жүзінде ЭКБ қосарланған есептелуіне әкеп соғуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Салық кодексінде көзделген мөлшерлемелер рента салығы мен экспорттық кедендік баждың күшін жоюды ескере отырып қалыптастырылғанын түсіндірді. Сондықтан әдіснамада ЭКБ қосарланған есептеу көзделмеген. Тиісті норма ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын іске қосумен бір мезгілде қолданылуы тиіс. Оны қалыптастыру мерзімдерінің ауысуына байланысты Салық кодексінің ережелерін ортақ нарықты іске қосудың жаңа мерзімдерімен синхрондау қажет.







Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу