Сауда бойынша ВАК-та инфляцияны одан әрі тежеу бойынша шаралар қабылданды

2023 жылғы 13 шілдеде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында инфляцияны тежеу, ішкі нарықты және отандық өндірісті қамтамасыз ету үшін маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.

Атап айтқанда, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қолданыстағы шектеулерді 2023 жылғы 31 қаңтардан 31 шілдеге дейін тағы 6 айға ұзарту туралы шешім қабылданды.

Бұдан басқа, отандық электротехникалық жабдықтарды өндірушілерді қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін Еуразиялық экономикалық одақ алаңында электротехникалық өнімдерді өндіру үшін импорттық шикізатқа кедендік әкелу баждарын азайтуды қарастыру туралы шешім қабылданды, бұл отандық өндірушілерді қолдаудың уақтылы шарасы болады, өндіріс көлемін және қуаттардың жүктемесін ұлғайтуға ықпал етеді.

Мұнайға және қара мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне кедендік әкету баждарын есептеудің әдіснамалық тәсілдеріне өзгерістер мақұлданды.

Сондай-ақ ВАК алаңында ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі келісімін іске асыру бойынша сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі ұлттық комитеттің отырысы өтті. Тауарлардың 30 түріне арналған сауда рәсімдерін құжаттау мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңда тауарлардың 50-ден астам түрі бойынша сауда рәсімдері құжатталған. Қазіргі уақытта авто бөлшектер, тыңайтқыштар, бөтелкедегі су, соя бұршақтары, соя майы, құрылыс қоспалары, керамикалық плиткалар, сантехникалық жабдықтар, пестицидтер, жеке күтім құралдары, жұмыртқа сияқты тауарларға арналған СРЖ порталындағы сауда процедураларын сипаттау үшін ақпаратты жинау және талдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ұлттық комитет отырысы аясында СРЖК (сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісім) порталын Орталық Азия елдерінің сауда порталдарымен интеграциялау және бірыңғай өңірлік портал құру мәселелері талқыланды. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың экспорттық операцияларды оңайлату және жеделдету үшін қажетті бірқатар тапсырма берілді.

#ВАК #Инфляция #Сауда #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу