Сауда және интеграция министрі облыс әкімдіктеріне азық-түлік тауарларының бағасын сақтау шараларын ұсынды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәселе талқыланды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,6%-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайыздық тармаққа төмен.

Бұл ретте, министрдің айтуынша, 4,1 пайыздық тармаққа негізгі дүрлікпе өсім төтенше жағдай кезеңінде тіркелді. Мәселен, 17-24 наурыз аралығында бағалар рекордтық 1,7 пайыздық тармаққа өсті.

Бағаны тұрақтандыру үшін тауарлардың 9 түріне шекті бағалар бекітілген болатын, 7 түрінің экспортына тыйым салынды және 6 түрін елден шығаруға ай сайын квота белгіленді. Сондай-ақ қосылған құн салығының ставкасы 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде баға өсімі тоқтатылды. 

Алайда, ведомство басшысының айтуынша, осы жылдың 4 тоқсанында баға өсімі тағы да тіркелді: қазан айында – 2,8% және қарашада – 2,3%-ға. 

Жыл басынан бері бағаның ең жоғары көлеміндегі өсіміне Нұр-Сұлтан қаласында (15,6%), Павлодар (15,4%) және Атырау облыстарында (12,9%) жол берілді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың он тоғыз түрі кіретін тізімінен сегізі бойынша бағаның 10%-дан 30%-ға дейін едәуір өсуі байқалады.

Қант пен қарақұмық жармасы сияқты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы қарқынды өсті.

«Бұған жыл ішінде валюта бағамының және әлемдік бағаның өсуі себеп болды. Мәселен, қант пен қарақұмық негізінен Ресейден импортталады, тауарлар сәйкесінше 33,6% және 34,6%-ға қымбаттады», — деді сауда министрі. 

Сонымен қатар экспортқа бағдарланған жекелеген тауарлар да қымбаттады. Күнбағыс майы әлемдік бағаның 53,8%-на, картоп экспорттың 46,1%-ға өсуіне байланысты жоғарлады. Жұмыртқаның бағасы тауық санының қысқаруы мен өндірістің 6,3%-ға төмендеуі салдарынан өсті.

Аталған бес тауарға баға өсімі азық-түлік инфляциясының жалпы мөлшерінде маңызды рөл атқарды. Оларды есепке алмағанда бағаның жалпы өсімі ағымдағы 9,6%-дың орнына шамамен 2%-ды құрар еді.

Әкімдіктердің бағаны ұстап тұру жөніндегі жұмысы туралы

Шекті бағаларды белгілеу және олардың негізінде шекті рұқсат етілген бағаларды қолдану әдістемесі заңнамада бекітілген.

Барлық өңірлерде бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінен асып түсуінің 66 фактісі тіркелді.

Шекті бағаларды белгілеуге болатынына қарамастан, Қызылорда облысы мен Алматы қаласының әкімдіктерін қоспағанда, өңірлер аталған құралды пайдаланған жоқ. 

Бақыт Сұлтанов өткен жылы бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жеті облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланғанын еске салды. Алайда одан ешқандай сабақ болмады. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында шекті мәндердің асып түсуінің 5 фактісі тіркелді, биыл да аталған көрсеткіш өзгермеген.

Павлодар және Түркістан облыстарында шекті бағаның асып түсу санының көп болуына қарамастан, әкімдіктер шекті рұқсат етілген бағаның енгізілуін елемей отыр.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір құралы — өңірлік тұрақтандыру қорларының интервенциясын әкімдіктер тиімсіз пайдалануда.

Мәселен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Атырау және Ақмола облыстарының тұрақтандыру қорлары жыл басынан бері толықтырылмаған.

«Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында тұрақтандыру қорларының құрылымы оңтайлы емес. Қант сатып алудың орнына бағасы тұрақты ұн үлкен көлемде сатып алды», — деді Б. Сұлтанов.

Бағаны тұрақтандырудың ең тиімді әдісі – «айналым схемасы». Оны Алматы қаласының әкімдігі айқын көрсетті. Аталған механизм бойынша 7 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде қаладағы бағаның өсуі елдегі ең төменгі деңгейдің бірі.

Алайда бірқатар әкімдіктер «айналым схемасын» да тиімсіз пайдалануда. Екі жыл ішінде әкімдіктер бар-жоғы 16,5 млрд теңге бөлді, оның 40%-ы Алматы қаласына тиесілі.

Төрт облыста қаражат төмен көлемде бөлінсе, Шығыс Қазақстан облысында қаражат мүлдем бөлінген жоқ.

Кейбір өңірлерде механизм шеңберінде сатып алынған тауарлардың бағалары тұрақты болып, кейіннен басқа түрлеріне бағалар өседі.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында күріш сатып алуға 50 млн теңге бөлінді. Алайда, баға жұмыртқа, қарақұмық жармасы және қантқа өсті.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл басынан бері 297 хабарлама жіберді. Сонымен қатар, 5 өндіруші мен 18 азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушілеріне 13 тергеу тағайындалды.

Қазіргі уақытта оларға 4,3 млн теңге айыппұл салумен 5 іс аяқталды.

Коронавирус пандемиясының екінші толқыны мен жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі бағаның өсу қауіпін ескере отырып, сауда және интеграция министрі бағаны тежеу бойынша мынадай шаралар қабылдауды ұсынды.

Біріншіден. Әкімдіктерге тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік көлемі мен түрлерін қайта қарап, «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды кеңейту.

Екіншіден. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясы базасындағы бидай резервтерін қадағалау.

Үшіншіден. Әкімдіктерге шекті мәндерден неғұрлым асып түскен жекелеген өнімдерге шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу. Сондай-ақ бағалардың негізсіз өсуіне бақылау функцияларын іске асыру және олардың сақталуын қамтамасыз ету ұсынылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу