Серік Ахметов Шығыс Қазақстан облысындағы Өңіраралық интеграция форумына қатысты

Бүгін Өскеменде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының Өңіраралық интеграция форумы өтті.

Шараға қатысушы - орталық және жергілікті атқарушы органдар, ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, бизнес орталары, сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің назарын аударған С.Ахметов форумның Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған, аймақтарды интеграциялау міндеттерін жүзеге асырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Өңірлік интеграция мәселелері Кедендік одақ пен Қазақстанның ДСҰ-ға өту алдында бірінші қатарға шығады», - деген Үкімет басшысы форум «өңірлердің өзара белсенді іс-қимылы үшін бастау алаңы болуымен, өзара тиімді келісімдер мен уағдаластықтар жасау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуымен» маңыздылығын атап көрсетті.

С.Ахметов Мемлекет басшысының, міндеті еліміздің аймақтарының тең дәрежеде дамуын қамтамасыз ету мен бәсекеге қаблеттілігін арттыру болып табылатын, Өңірлік даму министрлігін құру туралы шешімінің өзекті екеніне тоқталды.

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы «түптеп келгенде, бүгін өңірлер арасындағы өзара жаңа тұрпатты қарым-қатынасқа, олардың бәсекеге қаблеттілікті арттыру үшін нақты шешімдер іздестіруге бастайтын старт берілді», - деп түйіндеді. 

Премьер-Министрдің пікірінше, мұндай кездесулер орталық және жергілікті атқарушы органдар, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара түсіністікті жақсартуға, іскерлік байланыстар мен аймақаралық кооперацияларды дамытуға ықпал етеді.

Форумға қатысқан облыстар әріптестігінің болашағы туралы айта келіп, С.Ахметов олардың өзара іс-қимылы үшін қуатты әлеует бар екенін атап айтты. «Сіздердің өңірлеріңіз еліміз аумағының 40% алып жатыр, мұнда республика халқының үштен бірі тұрады, бұл облыстар республикалық ішкі жалпы өнімнің 19%-ын береді», - деді ол.

С.Ахметов өңірішілік кооперацияларды дамытуда негізгі үлес жергілікті атқарушы органдарда жатқанын атай келіп, өңірлік даму жөніндегі көзқарасты өзгерту қажеттігіне тоқталды. Бұл үшін толыққанды нормативтік-құқықтық және өңірлерді дамытудың институттық базасы құрылды. Жергілікті жерлерде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, әлеуметтік және тұрғын-үй инфрақұрылымдары жаңартылуда. Барлық өңірлерде ӘКК, кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалдық парктер құрылған, жергілікті өзін-өзі басқару дамытылуда, іскерлік ахуал жақсарып, инвесторлар үшін жағдайлар жасалуда, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және өңірлердің зор әлеуетін пайдалану үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің, даму институттарының, инвесторлардың келісілген, үйлестірілген іс-қимылдары қажеттігіне баса тоқталды.

С.Ахметовтің айтуынша, өңіраралық байланыстарды дамыту үшін, өндірістік және кластерлік кооперациялар салаларында, ішінде бюджеттік, ӘКК-нің өзара іс-қимылы, туризмді дамыту, кадрлармен қамту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда.

Бұл бағыттарды өңірлердің әріптестігі үшін тиімді қадам деп атаған Үкімет басшысы Өңірлік даму министрлігіне өңіраралық әріптестік саласындағы әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп, тиісті зерттеу жүргізіп және бұл үдеріске еліміздің басқа да өңірлерін белсенді түрде тартуды тапсырды.

Премьер-Министр ӨДМ-ге, сондай-ақ, осы жылдың соңында барлық облыстардың, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысатын аймақтардың бірінші форумын өткізуге кең көлемде дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.

«Біздің мақсатымыз - Мемлекет басшысының еліміздің гүлденуі мен тұрақтылығына жету туралы тапсырмасын абыроймен орындау», - деді сөз соңында С.Ахметов.

Форум шеңберінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстары әкімдерінің арасында өңіраралық байланыстарды кеңейту мен ынтымақтастық туралы нобайлы келісімге қол қойылды.

Форум қортындысы бойынша төрт облыстың әкімдері 20 миллиард теңгенің 40 келісім-шартын жасасты.

С.Ахметов Өскеменде «Алтай» технологиялық паркіндегі көрмеге барып, форумға қатысушы төрт облыс кәсіпорындарының өнімдері және олардың индустриалдық-инновациялық мүмкіндіктерімен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу