Серік Ахметов АЭФ қатысушыларымен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов VI-шы Астана экономикалық форумына қатысушылармен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізді.


Ирак Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Руиз Нури Шауиспен кездесуі кезінде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, атап айтқанда, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық сферасы, білім беру салалары бойынша мәселелерге баса көңіл бөлінді. 

«Қазақстан мен Иракта екіжақты өзара іс-қимылды жандандыру үшін үлкен әлеует бар» деген С.Ахметов ынтымақтастықты дамыту мақсатында үкіметаралық комиссия құруды ұсынды. 

Р.Шауис, өз кезегінде Ирак жағының сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді. «Біздің еліміз Қазақстанмен іскерлік байланыстарды тереңдете түсуге ниетті, және өзара тиімді әріптестікті арттыру бағытындағы курсты жалғастыруды көздейді», - деді Ирак Премьер-Министрінің орынбасары.

Экономикалық саладағы екіжақты әріптестіктің перспективалары, бірлескен инвестициялық жобалардың орындалу барысы Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Вильгельм Мольтерермен кездесуінде әңгіме арқауына айналды.

Францияның сыртқы сауда министрі Николь Брикпен болған әңгіменің басты тақырыбы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсу мәселелері болды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу