Серік Жұманғарин Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесті

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Ақмола облысының бірнеше ауданында болып, өңірдің ірі аграршыларымен және өнім өндірушілерімен кездесті.

Ақмола облысы өндірістен бастап қаптамаға дейін шығаратын қуатты ауыл шаруашылығы кооперациясымен танымал. Өндіріс көлемі бойынша Орталық Азиядағы ең ірі (жылына 85 мың тонна ет өнімі) Макинск құс фабрикасы; 150 мың тонна шикізат сақтайтын және тәулігіне 600 тонна өсімдік майын өндіретін «Бота-2015» май өндіру зауыты; халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған, бидайдың «Хоросан» сортын  немесе бірнеше мыңжылдық «перғауын дәнін» өсіретін «Еңбек» органикалық өнімін өндіруші;  полипропилен қапшықтар өндіру бойынша еліміздің көшбасшысы «Асыл-Арман» (Новопек) кәсіпорны. 

Өңірде жемшөп, астық, өсімдік майлары, құс еті, бордақылау алаңдары мен ет өңдеу, буып-түю және басқа да өзара байланысты өндірістер өндіретін кластер құрудың арқасында өңірдегі кәсіпорындар терең, қалдықсыз қайта өңдеуді дамытуға және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік алды.

Еңбек ауылдық округіндегі «Еңбек» көпсалалы ауыл шаруашылығы кәсіпорны 20 жылдан астам уақыт бойы егін және мал шаруашылығын дамытып келеді. Кәсіпорынның құрамында глютені аз органикалық бидай (Хорасан) өсіретін 4000 га экологиялық сертификатталған жер бар. Бұл – Еуропа елдерінде сұранысқа ие экспортқа бағытталған өнім. Кәсіпорында органикалық өнімдерден басқа жергілікті зауыттар мен Астанадағы базарларға өнім жеткізетін сүт фермасы бар. 2022 жылы «Еңбекте» 4 302 тонна сүт, 11 мың тонна астық өндірілді. «Еңбек» ЖШС сүт өндірісін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр, 600 басқа арналған сүт-тауар фермасын салуға жеңілдетілген несие алу үшін Ақмола облысының жобалар пулына кіруге өтінім берілді. Сондай-ақ кәсіпорын егіншілік пен мал шаруашылығында жаңа технологияларды белсенді қолданады.

Aitas холдингінің құрамына кіретін Макинск құс фабрикасы да өндірісті кеңейту үшін жеңілдетілген несиелеу жобасына қатысуды жоспарлап отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында зауыт кеңейтудің 2-ші кезеңін, осы жылдың сәуір айында үшінші кезеңін аяқтады. Бүгінде фабрика жылына 85 мың тонна ет өнімдерін шығарады, 1500 адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. 3 кезеңге шыққаннан кейін жұмысшылар саны екі мыңға дейін, ал кәсіпорынның қуаты жылына 100-110 мың тоннаға дейін артады.

«Қазірдің өзінде жылына 85 мың тонна ет өндіре отырып, біз ресейлік өндірушілер арасында 8-10-орында және Орталық Азияда бірінші орындамыз. Неге Макинск? Ол қолайлы жерде орналасқан, астық аймағы, жемшөп базасы бар, күнжара беретін май экстракциясы зауыты бар. Тәулігіне 450 тонна түйіршіктелген жем шығаратын жеке жем зауытымыз бар, жолдың арғы жағында, инкубатордың қасында, барлық өндіріс орындары жақын жерде. Мұның бәрі өндіріс шығындарының төмендеуіне әсер етеді», — деді кәсіпорын директоры Роман Романов.

Кәсіпорында Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен өзекті мәселелерді талқылады. «Aitas KZ» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітованың айтуынша, негізгілерінің бірі – ішкі нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғаудың болмауы (атап айтқанда, артық өндіріс жүріп жатқан Ресей Федерациясынан құс етінің әкелінуі), экспортты қолдаудың әлсіздігі, мемлекеттік қолдау шараларының тұрақсыздығы, дамымаған қойма логистикасы.

«Тауық еті бойынша импортты қысқарту үшін инвестициялық субсидиялау саясатын сақтау, объектілерді пайдалануға беру кезінде субсидиялар алуға кепілдік беру, пайыздық мөлшерлемені арзандату қажет. Төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті несиелеу бойынша ірі жобаға қатысуды асыға күтеміз», — деді Рабиға Тоқсейітова.

«Мемлекет субсидия беретін болса, қарсы міндеттемелерді талап етеді. Жұмыртқа қымбаттап жатыр, жыл басынан бері қауымдастық бұдан былай қымбаттамайды деп қараша айында уәде бергенімен, оның бағасы 9 теңгеге қымбаттады. Тауық еті – 23 теңге. Бұл ретте субсидиялар төленеді. Жұмыртқа – үнемі тұтынылатын өнім. Үкіметтің міндеті – біріншіден, нарықты өніммен, екіншіден, қолжетімді бағамен қамтамасыз ету, үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін, құс етінің кем дегенде 80%-ын қамтамасыз ету. Біз ресейлік өнімдер нарығынан өзімізді жауып тастай алмаймыз, экспорт пен импорт – бұл қалыпты сауда операциялары, тұтынушыны ассортименттен айыруға болмайды. Субсидиялардың тұрақтылығына келетін болсақ, шағымдар көп болғандықтан биыл біз ештеңені өзгерткен жоқпыз, тіпті кейбірін ұлғайттық, енді жылыжай мен қант қызылшасына қосымша субсидиялар қарастырып жатырмыз», — деді С. Жұманғарин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу