Серік Жұманғарин ақтөбелік экспорттаушыларды Қытайдағы көрмеге шақырды

Ақтөбе облысына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары – cауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, бизнес өкілдерімен кездесті. 

Кіріс көлемінің 40%-ға жуығын индустриялық сектор қамтамасыз ететін өңірдің ауыл шаруашылығындағы үлесі өте аз – шамамен 6%, бөлшек саудада – 16,2%. Облыс аграршыларының проблемалары, жалпы алғанда, Қазақстанның басқа өңірлеріне ұқсас: аймақты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қайта өңдеуді жолға қою және экспортқа жіберу, мал өсіру үшін судың жеткілікті болуы, аграршыларды ауылда қалуға ынталандыру. Бірақ климат пен географиялық орналасу ерекшеліктері облыстың өзіндік даму бағытын қалыптастырды: жергілікті күнбағыс майын өндіруші болғандықтан, бұл өнімге ең төмен бағалардың бірі осы аймақта – соңғы айда орта есеппен 703 теңге. Асыл тұқымды жылқы шаруашылығы дамыған, бірақ өндіріс пен халықтың сүт өнімдері мен құс етіне сұранысы арасында алшақтық бар. Бизнесмендер Серік Жұманғаринге Қазақстанның азық-түлік брендін сыртқы нарықтарда кім ілгерілете алады және жергілікті азық-түлік өнімдерін толыққанды өндіруге және сатуға қандай кедергілерге жолығатындары жайлы айтты. 

Кездесу өндірісі кең ауқымды «Ramazan QUS» ЖШС кәсіпорнында өтті. Компания астық өңдеу, жұмыртқа және тауық етін, ұн, макарон және нан өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорынның қуаттылығы — жылына 200 млн жұмыртқа және бір жарым-екі айда 20 тонна құс етін өндіреді. Кәсіпорын директорының айтуынша, шаруашылық ресейлік өндірушілердің тауық жұмыртқасының «сұр импортының» басымдығынан және ресейлік астықты автомобильмен әкелуге шектеу қоюдан зардап шегеді.

«Біз шикізатты теміржол көлігімен жеткізуге мүмкіндігі жоқ шекара маңындағы кәсіпорындар үшін квота енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», — деді «Ramazan QUS» ЖШС директоры Ертай Қадыр. 

Көкөніс өсірумен айналысатын «Ақтеп» серіктестігінің негізін қалаушы Нұрлан Сағналин бірден бірнеше мәселе көтерді. Олар көктемгі егіс жұмыстары кезінде 1 гектар жерге минералды тыңайтқыштар көлемін субсидиялаудың шекті мөлшерін ұлғайту мүмкіндігі, ауыспалы егісте жасыл көң буы бойынша жұмыстарды субсидиялау, ҚХР мен ЕО нарықтарына ет экспортын ашу, теріні қайта өңдеу зауытының құрылысын қолдауға қатысты болды.

«Бізге Малайзия, АҚШ және ҚХР-дан үш компания ұсыныспен келді. Олар желатин өндіретін зауыт салуға мүдделі. Инвестициялық кезеңдегі жобаның алдын ала құны — $40 млн. Жоба жылына 2,5 мың тонна желатин өндіруді көздейді, оның 90% – тағамдық, 10% – медициналық. Жоспар бойынша бұл номиналды қуатқа өндірістің үшінші жылында, әрі қарай кеңейту арқылы қол жеткізу көзделген. Жылына шамамен 600 мың тері сатып алынады. Біз зауыт құрылысын негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Қазақстанның оңтүстігінде қарастырып отырмыз. Экспорт шектелгеннен кейін фермерлер тап болған терілерді кәдеге жарату мәселесі және олардан келетін экологиялық залалды ескере отырып, АШМ-ның теріні терең өңдеу жөніндегі жобаларды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», — деді кәсіпкер.

Серік Жұманғарин кәсіпкердің ұсынысын қолдап, елімізде терең өңделген тауарларды жасау үшін мұндай жобалар қажет екенін айтты. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжуреков инвестициялық субсидиялау қағидаларында инвестициялық салымдардың 25%-ға дейін өтеу үлесі бар теріні терең өңдеу зауытын салуға төлқұжаттың қарастырылғаның, бірақ қайта өңдеу көлемі тәулігіне 2 мың және одан да көп теріні құрау қажеттілігі шартпен белгіленгенін атап өтті. Салқындатылған етті ҚХР мен ЕО нарықтарына экспорттау мүмкіндігіне келетін болсақ, ауыл шаруашылығы вице-министрі мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін Еуропа мен Қытайдың экспорттық нарықтарына шығу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Ново-Альджанский мелькомбинат» ЖШС директоры Қанат Тапаев шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін ұлғайту мүмкіндігін және мемлекеттік қолдау шараларынсыз экспорттаушылар шығындарының құнын төмендетуді ұсынды.   

«Ақтөбе облысы арқылы күн сайын Батыс Еуропадан Қытайға және кері бағытта 5 пойыз өтеді. Еуропадан контейнерлердің шамамен 30-40% бос оралады. Олар Ляньюньган портына барады, бұл Қытайдың оңтүстігінде, онда біздің өнімдерді – ұн, макарон өнімдерін тұтынушылар бар.  Қазақстандық оператор бізге сыйымдылығы 40 тонналық бір контейнерді $3,5 мыңға береді, өйткені тарифке контейнерді жеткізу және қайтару құны кіреді. Біз Ақтөбеден Қытайға жүкті бір жақты жеткізу қытайлық операторлардан $1000 немесе одан да төмен екенін анықтап білдік. Егер біз қытайлық контейнер операторларымен тікелей келісімшарт жасауға көмектесе алсақ, айына 1000 тоннаға дейін тауар жібере алар едік. Сонымен қатар Ақтөбе облысының басқа өндірушілерінің - консервілердің, сусындардың, шарап және арақ өнімдерінің экспорттық тауарларын қабылдау және жөнелту үшін ауыстырып тиеу пунктін ұйымдастыруға дайынбыз. Қазір логистиканың қымбаттығына байланысты біз өз өнімдерімізді ҚХР-ға аз көлемде жіберіп жатырмыз», — деді ол. 

Серік Жұманғарин бизнесмендерге нақты ұсыныстары үшін алғысын білдіріп, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Рустам Асулбекке экспорттаушылар мәселелері бойынша, АШМ вице-министрі Ербол Тасжүрековке ауыл шаруашылығы бойынша мәселелерді пысықтауды тапсырды.  

«Ақтөбе өңірі көлік инфрақұрылымы тұрғысынан жақсы дамыған, ал оның географиялық орналасуы еуразиялық тауар ағындарын өңдеу үшін де, Орталық Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Ресей Федерациясы елдері бағытында экспорттық және импорттық тасымалдарды ұйымдастыру үшін де қолайлы. Тамыз айының басында біз Қазақстанға ауған кәсіпкерлерінің үлкен делегациясын шақырдық, олар Қазақстанмен тікелей сауда-саттық жасағысы келеді. Ал сауда жолдарының көліктік орналасуына байланысты жаңа сауда жолдары Ақтөбе бизнесі үшін тиімді. Біз Қытаймен үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз, шекарада, Алашанькоуда қуатты Бонд қоймасын салдық. Бидай өңдеуге арналған жеті ұн диірменінің жалпы қуаттылығы жылына 1 млн тоннаға жуық. Біз қазірдің өзінде Қытайға 1,5 миллион тонна астық жеткізе аламыз. Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені бүгінде дәстүрлі нарықтар тарылып кетті. Сонымен қатар ШҰАР парткомының хатшысы Ма Синжуйдің Қазақстанға сапарынан кейін біз Шыңжаңмен ынтымақтастықты белсенді дамытып жатырмыз. Тамыз айында Үрімшіде «Қытай-Еуразия» көрмесі өтеді, экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерді менімен бірге осы көрмеге баруға шақырамын», — деді вице-премьер.

#Ауыл шаруашылығы #Сауда #Серік Жұманғарин #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу