Серік Жұманғарин Армениядан келген инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды 

Қазақстан мен Арменияның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының X отырысында Премьер-Министрлердің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Мгер Григорян өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Вице-премьер Серік Жұманғарин өзінің құттықтау сөзінде екі елдің өзара іс-қимылының достық сипатына жоғары баға берді. Қыркүйек айында Қазақстан мен Армения арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шартқа тура 25 жыл толады.

«Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз халықтар мен мемлекеттер арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту үшін берік негіз құрды. Екіжақты және көпжақты іс-шаралар аясында келіссөздер мен консультациялар белсенді түрде жүргізілуде. Біз екіжақты тәртіппен де, ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл форматында да елдеріміздің нарықтарына қол жеткізу бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге және нығайтуға тиіспіз. Үкіметаралық комиссия, сөзсіз, белгіленген мақсаттарға жетудің негізгі тетіктерінің бірі», — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар Армения вице-премьері Мгер Григорян Үкіметаралық комиссияның екіжақты күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын ілгерілетудегі және жаңа перспективалық бағыттарды ашудағы шешуші рөлін атап өтті.

Қазақстан тарапы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында $348,2 млн сомасына металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі саласында өңделген 70 экспорттық тауардан тұратын тізбе қалыптастырып, қарауға жолдады, ҮАК отырысында Премьер-Министрдің орынбасары «Қорғас» ХШЫО аясында кооперациялық жобалар құруды ұсынды.

«Армения компанияларын Қытай нарығына шығу мүмкіндігін ашатын “Қорғас” ХШЫО қызметіне белсенді қатысуға шақырамыз. Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты, шетелдік инвестицияларды ынталандыру үшін қажетті құралдар жасалды. Жобаларға барлық кезеңде көмек көрсетіледі», — деді вице-премьер. 

Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін, мәдени және гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Анықтама: Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 23%-ға өсті: $43,1 млн-нан $53,1 млн-ға дейін. Экспорт 18,9%-ға ($28 млн-нан $33,4 млн-ға), импорт 31%-ға ($15 млн-нан $19,7 млн-ға дейін). Қазіргі уақытта Қазақстанда Арменияның капиталы бар 380-ден астам компания және экономиканың түрлі секторларында 72 бірлескен компания жұмыс істейді.

#Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу