Серік Жұманғарин Эфиопияның бұрынғы президенті Мулату Тешомамен ынтымақтастықты дамытуды талқылады

Астана халықаралық форумы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Эфиопияның бұрынғы президенті Мулату Тешоме бастаған Эфиопияның бизнес-делегациясымен кездесу өткізді.

Африка құрлығының бұл елі Қазақстаннан алыс  екеніне қарамастан, мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынас оң серпінге ие. Қыркүйек айында Қазақстан мен Эфиопия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 12 жыл толады. 2013 жылдан бері Аддис-Абебада Қазақстан Елшілігі жұмыс істейді.

«Біз Абий Ахмед Үкіметі жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформаларды, сондай-ақ Аддис-Абебаның аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі мен үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан бұл өзгерістерді құптайды және алға қойылған міндеттерге қол жеткізуде табыс тілейді», — деді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның Эфиопиямен экономикалық ынтымақтастығы әлі тиісті деңгейде дамымағанымен, жақсы перспективалары мен әлеуеті бар. 2023 жылдың төрт айында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 83,2%-ға артып, $130,8 мың құрады.

Серік Жұманғарин Қазақстан екіжақты сауда мен инвестицияларды жандандыруға және Эфиопияның Африкадағы ТОП-10 экономикалық серіктестер қатарына енуіне мүдделі екенін атап өтті.

«Сіз өзіңізбен бірге бірлескен кәсіпорындар мен өндірістер құруға мүдделі ірі кәсіпкерлер тобын алып келдіңіз. Бұл эфиопиялық делегацияның Қазақстанға бизнес-миссиясы бар алғашқы сапары және ол жемісті өтеді деп сенемін», —  деді Серік Жұманғарин. 

Өз кезегінде Мулату Тешоме қазақстандық тарапқа жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, елдеріміз ортақ мүмкіндіктер мен мүдделерді біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ ол ынтымақтастықтың ықтималды табысты бағыттары қатарынан сауда, инвестиция және туризмді ерекше атап өтті.

#Екіжақты кездесулер #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу