Серік Жұманғарин Қазақстанда органикалық өнімді дамыту бойынша кеңес өткізді

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда органикалық өнімдерді дамыту жағдайымен танысты. 

Органикалық өнімдер өндірудің негізгі шарттары – синтетикадан жасалған заттарды, химиялық пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тағамдық қоспаларды пайдалануды болдырмау, қалпына келмейтін табиғи ресурстарды азайту, органикалық өнім өндіру нәтижесінде алынған ингредиенттерден мал шаруашылығында өсімдіктердің сау тұқымдарын, жемшөп пен жемшөп қоспаларын қолдану және т.б.  

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 120,6 млрд евроны құрайды. Нарық белсенді түрде өсуде, соңғы 20 жылда 7 есеге өсті. 2025 жылы нарықтың болжамды көлемі 170 млрд евро, ал алдағы 10 жылда жылдық өсім 8% болады деп күтілуде. Бүгінде Қазақстанда органикалық өнім өндіруге сертификатталған 38 шаруашылық жұмыс істейді.

Қазақстандағы органикалық заттар бойынша негізгі экспорттық позициялар – бидай, зығыр тұқымдары, соя бұршақтары. FiBL және IFOAM рейтингтеріне сәйкес, 123 елдің ішінде Қазақстан органикалық өнім экспорты бойынша 9-орында, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орында, ЕО-ға органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау бойынша 6-орында тұр.

2015 жылы «Органикалық өнім өндіру туралы» ҚР Заңы қабылданды, сертификаттау шығындарын субсидиялау қағидалары бекітілді, органикалық өндіріс саласында 5 ұлттық стандарт қолданылады, 2022-2023 жылдарға арналған органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы іске асырылуда.

Қазіргі уақытта Парламент Сенатының депутаттары бастамашылық еткен «Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларын бекіту туралы» заңның жаңа редакциясы қаралуда. Жаңа заң жобасының негізгі жаңалықтары – сертификаттау объектісі тек органикалық өнім өндіру процесі болмақ. 

Сонымен қатар қолданыстағы жеке сертификаттауға шағын шаруашылықтарға арналған ыңғайлы топтық сертификат ұсынылады. Сертификаттау талаптарын бір құжатта шоғырландыру және басқа да жаңашылдықтар күтілуде. Осы құжаттан басқа, ЕАЭО шеңберінде Органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісімнің жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Органикалық өнімдер туралы» Заңның 2015 жылы қабылданғанына қарамастан, бұл Қазақстан, әсіресе ауыл шаруашылығы үшін өте жаңа бағыт. Тәжірибе көрсеткендей, жаңа бағытқа уақытылы назар аудармаған жағдайда, оның есесін толтыру әлдеқайда қиын болады. Органикалық өнімдерді экспорттау бойынша біздің позициямыз жақсы, алда атқаратын жұмыс көп, осы бағытта кезең-кезеңімен қозғалатын боламыз», — деді Серік Жұманғарин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу