Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук өзара сауда мен ынтымақтастықтағы кедергілерді жоюды талқылады

Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) тең төрағаларының кездесуі өтті.

Вице-премьерлер Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук бастаған тараптар екі ел үшін маңызды көлік саласы бойынша мәселелерді талқылап, өзара түсіністікке қол жеткізді. ҮАК жұмысына қазақстандық делегация құрамында Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – Ресей-Беларусь шекарасында навигациялық пломбаларды орнатуды талап ететін жүктерді тасымалдау кезінде қазақстандық көліктер кездесетін қиындықтар. Бұл мәселе биыл жыл басында басталған келіссөздердің жалғасы болды. Қазақстандық тарап Псков облысында орналасқан «Лобок» бақылау-өткізу пунктінде жүктің жекелеген түрлерін анықтау құралдарының жетіспеушілігі мәселесіне назар аударды.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы 12 желтоқсанда және 2024 жылғы 8 қаңтарда Ресей-Беларусь шекарасында Ресей мен Беларусь азаматтары болып табылмайтындар үшін үш өткізу пункті толығымен жабылған еді. Салдарынан Еуропадан Беларусь аумағы арқылы Қазақстанға баратын барлық транзит кесілді. Бұдан бөлек, Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда-саттыққа қауіп төнді. Қазақстандық тараптың бірнеше мәрте өтінішінен кейін «Лобок» өткізу пункті арқылы жүк ағынын қайта бағдарлау арқылы жағдай реттелді.

Қазіргі уақытта навигациялық пломбалар орнатуды талап ететін жекелеген жүктерді қоспағанда, қазақстандық тасымалдаушылардың барлығы дерлік шекарадан өтті. Бұл объектіде сәйкес жүйе болмағандықтан, мұндай жүк түрлерін транзитпен тасымалдау тәртібі пысықталмаған. Диалог аясында ресейлік тарап 2024 жылғы 1 ақпанға дейін өткізу пунктін навигациялық пломбаларды орнату жүйесімен және көлік құралдарын өлшеуге арналған жабдықпен жарақтандыруды аяқтау ниеті туралы хабарлады.

Сондай-ақ ҮАК қатысушылары теміржол арқылы экспорттық жүктерді тасымалдауға өзара жеңілдіктерді қолдану мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, бүгінгі таңда РФ бойынша қазақстандық экспорттаушылар үшін көмір мен темір рудасын тасымалдауға арналған қолданыстағы т/ж тарифі жөнелту көлемінің ұлғаюын тежейді. Сонымен қатар 2023 жылы Вентспилс портына (Латвия) қазақстандық көмір экспортының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 60%-ға немесе 1,5 млн тоннаға қысқарды. Бұл еуропалық өткізу нарықтарындағы көмірдің 1 тоннасы үшін бағаның орта есеппен $350-ден $110-ға дейін төмендеуіне және Ресей теміржолдарының қолданыстағы теміржол тарифтеріне байланысты, бұл жиынтығында қазақстандық экспорттаушыларды бәсекеге қабілетсіз етті. 

Серік Жұманғарин ресейлік тарапқа Вентспилс порты бағытында көмір мен темір рудасын  кенін тасымалдауға арналған РЖД транзиттік тарифіне төмендету коэффициентін қолдануды қарастыруды ұсынды. Қазақстан өз тарапынан Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс тармағы бойынша ресейлік астықты тасымалдауға ҚТЖ тарифіне төмендету коэффициентін қолдануды қарастыруға дайын.

ҮАК аясында қатысушылар кедендік реттеу, электрондық сауда салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды іске асыру барысын және Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық процестерді тереңдету перспективаларын қарастырды.

#ЕАЭО #Көлік #Логистика #Сауда #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу