Серік Жұманғарин мен Борис Титов Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету мәселесін талқылады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ресей Федерациясы Президентінің Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі арнаулы өкілі Борис Титов БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асыру мен халықаралық және өңірлік алаңдардағы өзара іс-қимыл жайын талқылады.

Кездесу барысында тараптар ОДМ-ға қол жеткізу мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибемен бөлісті. Сондай-ақ, кездесу барысында 2030 жылдан кейінгі кезеңге арналған халықаралық күн тәртібінің өзекті бағыттарын қарастырды.

Серік Жұманғарин Орнықты даму мақсаттары Қазақстанның мемлекеттік жоспарлау жүйесінде толықтай қамтылғанын атап өтті. Оның индикаторлары Ұлттық даму жоспарында, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің даму жоспарларында көрініс тапқан. Бұл жаһандық мақсаттарды елдің ұлттық басымдықтарымен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ОДМ-ны жүзеге асыру жөніндегі диалогты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін растады.

#Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу