Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Қытайға барды

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің ҚХР-ға жұмыс сапары 2023 жылғы 13 тамызда елдің ең ірі экономикалық және өнеркәсіп орталығы саналатын Шэньчжэнь қаласынан басталды.

Мұнда Global Fortune 500 әлемдік рейтингіне кіретін 10 қытайлық компанияның кеңселері орналасқан. Шэньчжэнь қаласында Серік Жұманғарин осы тізімге кіретін екі конгломерат –  Amer International Group және Huawei technologies. басшылығымен кездесті.

Amer International Group – қытайлық халықаралық өнеркәсіп конгломераты, шикізат өндірумен және металдарды өңдеумен айналысады. Компанияның Шэньчжэнь, Шанхай, Тяньцзинь, Чунцин қалаларында кеңселері, Сингапур, Женева және Лос-Анджелесте халықаралық штаб-пәтерлері бар. Соңғы жылдары топ өнеркәсіптік және стратегиялық инвестицияларды, ғылыми-технологиялық зияткерлік парктерді, қаржы инвестицияларын, сауда алаңдарын қарқынды дамытуда, жартылай өткізгіш өнеркәсіп кластерлерін құрумен және микросхемаларды жобалаумен айналысады. Әлемдегі жаңа металл материалдарының жетекші өндірушісі саналады. 2021 жылы Global Fortune 500 тізімінде 68-орынға ие болды.

Amer International Group негізін қалаушы және басқарма төрағасы Ван Вэньинмен кездесу барысында вице-премьер екі ел арасындағы бизнес тығыз достық серіктестікте дамуға тиіс екенін атап өтті.

«Компанияның металл өңдеумен айналысатынын, шикізатты өңдеудің жеткілікті терең процесін енгізгенін білеміз және бізге Қазақстанда металл өңдеу өндірісін ұйымдастыруға көмектесуді ұсынамыз. Қазақстан осы салаға инвестиция салуға мүдделі. Біз алюминий, мырыш, мыс және басқа да металдарды шығарамыз, бірақ олардан дайын өнім аз шығарамыз. Ұлттық заңнамаға сәйкес Үкімет инвестициялық келісім-шарт жасасу арқылы инвестициялық преференциялар береді. Жаңа инвестициялық құрал – инвесторларға ерекше жағдай, оның ішінде тұрақтылық ұсынатын Инвестициялар туралы келісім енгізілді. Сіздерді осы бағытта бізбен жұмыс істеуге, практикалық тұрғыда екіжақты ынтымақтастық орнатуға шақырамыз», — деді С. Жұманғарин.

 Қазақстанның вице-премьері компанияны барлау мен өндіруден бастап металдарды өңдеуге дейінгі барлық процесті жолға қоюға қатысуға шақырды.

«Жартылай өткізгіштер өндірісіндегі біліммен бөлісіп, біздің мамандарға металдарды өңдеу технологияларын үйретсеңіз, бізге осы қызық болатын еді», — деді вице-премьер.

Ван Вэньин қазақстандық тараптың ұсыныстарын жақсы қабылдады.

«Бүгін 200 қытайлық компанияның ішінде біз бірінші 20-ға, ал жеке меншік 100 компанияның ішінде үздік бестікке кіреміз. Global Fortune 500 әлемдік рейтингінде қазіргі уақытта жылына $100 млрд-тан астам кіріспен 124-орында тұр. Өңдеу технологияларының арқасында біз шикізаттың құнын алдымен 10 есе, содан кейін 100 есе, ал кейбір тауар бойынша оның шикізатының бастапқы құнынан 1 000 есе арттырамыз. Егер бізге өндіруден қайта өңдеуге дейінгі жобаларға қатысуды ұсынсаңыз және Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде жеңілдіктер болса, онда біз осындай шарттармен қатысуға мүдделіміз», — деді Ван Вэньинь.

Кадрларды даярлауға қатысты Amer International Group негізін қалаушы оның компаниясы инвесторлармен осы бағытта ынтымақтасатынын атап өтті.

«Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық мамандар Қытайға келіп, біз білетін нәрсені меңгере алады. Қазақстан ШҰАР-мен шектеседі және көлік қолжетімділігі тұрғысынан біз осы өңірдегі ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Бұл аймақта біздің компанияда мыс өңдейтін кәсіпорын бар. Біз Қазақстанда осындай кәсіпорын құруды талқылай аламыз», — деді ол.

Сондай-ақ Ван Вэньин ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Тараптар қазақстандық делегация оралғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ынтымақтастық үшін ұсыныстар пулын дайындап, қытайлық тарапқа қарауға жіберетініне келісті.

#Жұмыс сапары #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #Экономика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу