ШҚО-да Риддер ЖЭО-сын күрделі жөндеу, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір және автожолдардың құрылысы жүріп жатыр

Риддер ЖЭО-сындағы барлық 6 қазандыққа күрделі жөндеу, жылу желілері және жылу беру галереясын реконструкциялау, қосалқы жабдықтарды ауыстыру, айналымдағы суды толтыру үшін резервтік желіні орнату, сондай-ақ жаңа күл үйіндісіне бөгет салу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет Аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.


Жылу беру маусымына дайындық жөнінде «Риддер ЖЭО» АҚ директоры Игорь Михайленко баяндады. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде, оған 8 мердігер ұйым тартылып, 200-ге жуық маман жұмылдырылған.


Биылғы шілде айында «Риддер ЖЭО» АҚ иесі ауысты. «Атрикс Строй» ЖШС-ның жаңа иесі жақын арада барлық несие қарызын өтеуді жоспарлап отыр. Бұл орайда алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары 8,4 млрд теңгеге ҚР Үкіметінің төтенше жағдайларға арналған қоры есебінен жүргізілуде.


Ғабит Сыздықбеков барлық құрылыс-монтаж жұмысын алдағы жылу беру маусымы басталғанша аяқтау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жүріп жатыр. Көпірдің жалпы ұзындығы – 1,3 км, жол учаскесінің ұзындығы – 18,5 км.

«Негізгі көпірде 9 тіректің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта 6 тіректің құрылысы жүріп жатыр. 21 тірек құрылысы бойынша барлық жұмыс жыл соңына дейін аяқталады», — деді «ОблШығысЖол» ЖШС директоры Жанболат Қазанов.

Көпір құрылысы барысын тексеріп болған Ғабит Сыздықбеков еліміздің экономикалық дамуы мен жергілікті тұрғындардың қолайлылығы үшін аталған нысанның барлық жоспарланған жұмысын сапалы аяқталу маңызын атап өтті. 

Жұмыс сапары аясында Үкімет Аппараты басшысының бірінші орынбасары «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Қатон-Қарағай – Рахман қайнары» автожолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жеке тексерді. 

#Автожолдар #Жылумен жабдықтау #Энергетика #Құрылыс

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу