СҚО базасында Үлкен жоба бойынша құзыреттер мектебі құрылады

Бұл тапсырманы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне Үлкен жобаның іске асырылу барысын талқылау қорытындысы бойынша берді. Жоба СҚО-ның тауарлы сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру бойынша оң тәжірибесін басқа өңірлерге таратуды көздейді.

«Атамекен» ҰКП өкілдері кәсіпкерлері Үлкен жобаға қатысуға өтінім берген барлық 11 өңірде барды. Жобаға қатысушылардың шаруа қожалықтары мен бизнес-модельдері зерттелді.

Барлық облыс жеңілдетілген қаржыландыруды тағайындау үшін сенімді агенттерді анықтамағаны белгілі болды. Үлкен жобаға қатысу талаптарына жауап беретін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын анықтау жөніндегі комиссияларды жинақтау процесі де кешіктірілуде.

АӨК саласындағы жобаларға несие беру қағидаларына сәйкес құрамға жергілікті атқарушы органдар, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ бизнесмендер, мәслихат депутаттары, салалық сарапшылар мен БАҚ кіруге тиіс. Комиссияларды жинақтау үшін әкімдіктерге 10 күн берілді.

Кеңесте көтерілген мәселелердің бірі – өңірлерде қаржыландыру бойынша бірыңғай кепілдік саясатының жоқтығы.

«Бұл мәселе СҚО тәжірибесін институцияландыру әлі жолға қойылмағандықтан туындап отыр. Осы өңірдің кепілдік бойынша саясатын негіз ретінде алуға болады. Солтүстік Қазақстан облысының базасында қысқа мерзімді құзыреттер мектебін құру, жобаға қатысуға өтінім берген ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін, мүдделі ұйымдарды, Dairy Global Experts халықаралық кеңесшілерін және т.б. шақыру қажет. Сол жерде Ұлттық палатаға инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау бойынша ақпараттық жүйені таныстыруды ұсынамын», — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Серік Жұманғарин #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу