Шымкент МӨЗ-ін кеңейту және жаңа ірі зауыттарды іске қосу: Әлихан Смайылов Қазақстанда мұнай-газ химиясын дамыту жоспарымен таныстырды

Фото: Ақорда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай-газ химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі жоспарларымен таныстырды.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Теңізде 2023 жылы Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады, Қашаған кен орнында қуаттылығы 1,1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды, Қарашығанақта қосымша 3 млрд текше метр газ өндеу бойынша жоба пысықталуда.

Осы саладағы күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісім-шарттар заңнамаға енгізілді. Бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша $9 млрд-ты құрайтын инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Транскаспий халықаралық маршруттарды дамыту мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркияның көлік және инфрақұрылым министрліктерінің арасында көлік инфрақұрлымын жаңғыртуға бағытталған Жол карталары қабылданды. Қазақстан тарапынан Ақтау және Құрық порттарының өткізу қуаттарын арттыру, «контейнерлік хаб» салу, сауда флотын 10 пароммен толықтыру және т.б. жоспарлануда.

Мұнай-газ-химия саласының дамуына келетін болсақ, әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі зауыт іске қосылды. Бұдан басқа, қуаттылығы 1,2 млн тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша базалық жобалау басталды. Келесі жылы Атырау облысында жалпы инвестиция сомасы $1 млрд-ты құрайтын бутадиен және Батыс Қазақстан облысында метанол өндіретін зауыттардың құрылысы басталу керек.

Сондай-ақ 2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын 9 млн тоннаға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады және битум өндірісі 300 мың тоннаға көбейетін болады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу