Тасқын судың едәуір көлемі лимандар мен көл жүйелеріне бағытталған – СРИМ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің аграрлық саланы дамыту жөніндегі міндеттеріне сәйкес, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды. Жиында Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің басшылары, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Вегетацияаралық кезеңде және 2026 жылғы көктемгі су тасқыны барысында Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су ресурстарын реттеу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізді. Тасқын судың едәуір көлемі (12,8 млрд м³) лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық мақсатта жіберілді. Бұл бірқатар өңірлерде экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

«Мысалы, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су (1,1 млрд м³) берілді. Ертіс бассейнінде 9 сәуір мен 5 мамыр аралығында жайылма шалғындарын суландыруға 6,42 млрд текше метр су жіберілді. Балқаш көліне су жіберу жұмыстары жалғастырылды. 2025 жылдың қазанынан бастап биылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан 3,74 млрд текше метр су жіберілді. Бұл Балқаш көлінің су деңгейін 29 сантиметрге көтеруге мүмкіндік берді.

Ағымдағы және алдағы жағдайларға баға беретін болсақ, вегетациялық маусым 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарының ықпалында өтетінін атап өткен жөн. Сырдария өзені бассейнінде көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толымдылығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 млрд текше метрге кем. Осыған байланысты, жаз кезеңінде аталған су қоймалары толтыру режимінде жұмыс істейтіндіктен, Қазақстан аумағына келетін ағын көлемі орташа көпжылдық нормадан 70%-ды құрайды. Бұл су тапшылығы жағдайына сәйкес келеді және бассейннің орта және төменгі ағысында су ресурстарының тапшылығы қаупін айтарлықтай арттырады», — Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, Шу және Талас өзендерінің бассейндеріңде де жағдай ұқсас. Киров су қоймасы небәрі 78%-ға толған, Орто-Токой су қоймасы 83%-ға толы. Сәйкесінше, Талас өзені бассейнінде сулылық нормадан төмен болады деп күтіледі. Шу өзені бассейнінде орташа су тапшылығы режимі болжануда, ағын көлемі нормадан 50-75 % аралығында күтіледі. Жалпы алғанда, бұл бассейндер үшін вегетациялық маусым бойы сумен қамтамасыз етілу тұрақты төмен деңгейде болады.

Іле өзені бассейнінде, керісінше, ағын көлемі көпжылдық норма деңгейінде және одан жоғары болады деп күтіледі, бұл орташа су көп гидрологиялық режимге сәйкес келеді.

Қазіргі ішкі су қоймаларының толымдылығы жағдайы жалпы тұрақты. 2026 жылдың 5 мамырындағы мәлімет бойынша, оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық. Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймалары 97%-ға толы. Сондықтан Алматы облысына 2026 жылға 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр су лимиті бекітілген.

«Жиналған су көлемі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, Алматы облысында Күрті су қоймасы аумағында су тапшылығы қаупі сақталып отыр. Қазір қоймада 64 млн текше метр су бар, бұл өткен жылғыдан 38 млн текше метрге аз.

Шу-Талас бассейнінде су қоймалары 81%-ға толы                     (970 млн м³). Мұндағы негізгі алаңдаушылық – Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларының аз толуы. Осыған байланысты 2026 жылға Шу-Талас бассейні үшін су лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін төмендетілді 

Арал-Сырдария бассейнінде ірі су қоймалары 87%-ға толы, бұл өткен жылғыдан 13%-ға жоғары. Шардара су қоймасы 99%-ға толған. Қалыптасқан гидрологиялық жағдайға сәйкес, Қызылорда облысына тұрақты суаруға 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр лимит белгіленді. Бұл лимиттер негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік құрылымы да оңтайлы етілді», — деді ол.

Министрдің айтуынша, су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығында қарқынды енгізу үшін 2026-2028 жылдарға инвестициялық шығындарды өтеуге және суару суының құнын субсидиялауға республикалық бюджеттен қаржыландыру төрт есеге арттырылды. Алдыңғы үш жылдық кезеңде (2023-2025 жылдары) 55,5 млрд теңге болса, 2026-2028 жылдарға 228,1 млрд теңге бөлінді. Оның 89%-ы 5 оңтүстік облысқа тиесілі. 

Жалпы алғанда, вегетациялық маусымның басталуына дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталған. Вегетацияаралық кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында «Қазсушар» филиалдары 1840 шақырым ирригациялық каналдарды механикалық жолмен тазалап, 680 шақырым ирригациялық желілерді реконструкциялаған және 375 гидротехникалық құрылысты жөндеуден өткізген.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Қазсушар» филиалдары 181 сорғы агрегатын дайындаған. Сонымен қатар ең қиын учаскелерге қосымша 92 сорғы сатып алу жоспарлануда. Мысалы, «Достық» трансшекаралық каналында 8 агрегаттан тұратын 3 сорғы стансасын іске қосу көзделіп отыр.

«Жұмыста цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Ислам Даму банкінің қарызы есебінен біз еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыруды бастадық. Бұл каналдардың жалпы ұзындығы 906 шақырымды құрайды және 65 мың гектар жерді суғаруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бұрын реконструкциядан өткен тағы 270 каналды автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы жылдың басынан бері фермерлермен су беру бойынша шарттарды жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе сумен қамтамасыз етудің өтініш беру мен шарт жасасудан бастап, нақты су тұтынуды есепке алу және оны төлеуге дейін толық циклін қамтиды. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалған», — деді Нұржан Нұржігітов.

Ол су ресурстарын басқарудағы ашықтықты арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі космомониторингпен толықтырылуда екенін хабарлады. Бұл мониторингпен елдің бес оңтүстік облысы толық қамтылған. Осы вегетациялық маусымда космомониторинг нәтижесінде Түркістан облысында шарт жасаспай су алу бойынша 39 факт анықталды. Нәтижесінде 197 гектар жерді суару үшін аграршылар заңсыз шамамен 790 мың текше метр су алғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта келтірілген шығындарды өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар 2025 жылы бассейндік су инспекциялары 365 әкімшілік айыппұл салған, оның жалпы сомасы 75,2 млн теңгені құраған. Ал 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 99 әкімшілік айыппұл салынып, жалпы сома 41 млн теңгеге жеткен.

«Бұл жұмыс Бас прокуратурамен бірлесіп бекітілген «судың қара нарығын жою» жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Елдің басқа бассейндерінде (Ертіс, Есіл, Тобыл-Торғай, Нұра-Сарысу, Жайық-Каспий) 2026 жылға су пайдалану лимиті 696,4 млн текше метр көлемінде бекітілді. Суармалы жердің жоспарланған ауданы 322,2 мың гектарды құрайды. Бұл өңірлерде су тапшылығы болжанбайды, дегенмен жағдай Министрліктің тұрақты бақылауында тұр», — деді министр.

#Халықаралық ынтымақтастық #су ресурстары #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу