ЕЭК Кеңесі Қазақстанға шикі қантты бажсыз әкелуді бірауыздан қолдады 

2023 жылғы 30 наурызда онлайн форматта өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында қатысушылар Қазақстанның қант шикізатын бажсыз әкелуге қатысты ұсынысын қолдады. 

Тарифтік жеңілдіктің арқасында отандық қант зауыттары өндіріс қуаттылықтарын арттыру үшін баж төлемей шикізат сатып алуға мүмкіндік алады, бұл сайып келгенде дайын өнімнің бағасына оң әсерін тигізеді. Қазақстан тарапын Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманагрин басқарды. 

«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан нарығының 90%-ына дейін қамтып отырған көршілес елдерден қант жеткізу түрлі факторларға тәуелді әрі тұрақсыз болып отыр. Біздің еліміз өзінің қант өнеркәсібін дамыту туралы шешім қабылдады, ол үшін қазір шикізат көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты бізге үшінші елдерден шикізат әкелу қажет», — деді ЕЭК отырысында сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова. 

ЕЭК Кеңесі бекіткен шикізатты бажсыз әкелуге арналған тарифтік квота осы жылдың алдағы 9 айында 350 мың тоннаны құрайды. Тараптар бұл мәселеге күзде қайта оралып, қажет болған жағдайда жаңа егінді ескеруге және квота көлемін қайта қарауға уағдаласты. 

Қазақстанда 2022 жылы қант зауыттары 283 мың тонна қант (33 мың тонна қызылша және 249,9 мың тонна қамыс) өндірді, жүктеме 50%-ды құрады. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 51,5 мың тонна қант өндірілді, 40,4 мың тонна импортталды. 

Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері «айналым схемасы» аясында қант зауыттарына шикізатты жеткілікті көлемде әрі тұрақты бағамен уақытылы сатып алуға және ішкі тұтыну үшін қант өндіруге мүмкіндік беретін қуаттарды жаңғыртуға 18 млрд теңге бөлді.

#Сауда #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу