Жұмыс орындарын құру, мамандарды оқыту және инфрақұрылымды жақсарту — ҚР-да жаңартылатын энергетиканы дамыту нәтижелері

PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында Қазақстанда жаңартылатын энергияны дамыту туралы ҚР Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова айтып берді. 

Оның айтуынша, 2013 жылы қабылданған ҚР-ның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында 2050 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі 50%-ға жететіні көзделген. 

2009 жылы жаңартылатын энергия туралы заң қабылданды. 2013 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, бекітілген тарифтер мен бірыңғай сатып алушы түсінігі енгізілді. KEGOC жүйелік операторы құрылымындағы ЖЭК қолдау жөніндегі есеп-қаржы орталығы бірыңғай сатып алушы ретінде анықталды.

«ЖЭК бекітілген тарифі — бұл мемлекет өндірілген энергияны жаңартылатын энергия көзін салған инвестордан сатып алуға міндеттелетін тариф. Есеп-қаржы орталығы осы инвестормен 15 жылдық келісімшарт жасасады, ол осы энергияның барлығын сатып алады. Бұл 15 жылдық белгіленген тарифді есеп-қаржы орталығы береді», — деп түсіндірді А. Соспанова. 

2014 жылы ҚР Үкіметі жел, күн, гидроэнергетика және биогаз қондырғыларына белгіленген ұзақмерзімді тарифтерді қабылдады. 2014 жылдан бастап сектор белсенді дамып келеді.

Бүгінгі таңда «жасыл» күн тәртібі — бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі өзекті тақырыптардың бірі.

«Мемлекеттік органдар деңгейінде де мәселе шешіміне қызығушылық танытатындардың, инвесторлар тарапынан да үлкен қызығушылықтың бар екені байқалады. ЖЭК бүгінгі таңда инвесторлар үшін өте тартымды бола бастады. Бұған біздің соңғы 10 жылда жүргізіп отырған саясатымыздың арқасында қол жеткізілді», — деді А. Соспанова.  

2018 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия үлесі барлық өндірілген электр энергиясының 1,3% құрады. 2019 жылдың соңында бұл үлес 2,3%-ға дейін өседі деген болжам бар.

А. Соспанова жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша чемпиондар ретінде Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарын атап өтті.  Елімізде 100-мегаваттық станциялар Алматы облысында – Қапшағай маңында, Қарағанды облысындағы Саран қаласында және Жамбыл облысындағы Бурное кентінде іске қосылған.

Сонымен қатар, Қазақстанда жел станциялары біртіндеп пайдалануға берілуде. Бүгінде Жамбыл облысында 50 мегаваттық станциялар, Ақмола облысының Ерейментау қаласында 45 мегаваттық станциялар, Маңғыстау облысында 42-мегаваттық станциялар бар. 100 мегаваттық станцияның бірінші кезегі Нұр-Сұлтан қаласының маңында пайдалануға берілді. Келесі жылы бұл станцияның 100 мегаваты толық пайдалануға беріледі. Бұл ең ірі жел жобасы болады. 

Электр энергиясын өндіруде ЖЭК ұлесін ұлғайтудан болатын әлеуметтік-экономикалық әсер туралы айта отырып, А. Соспанова жаңартылатын энергетика нысандарын құру жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашатынын атап өтті. 

«Әрине, жобаларды іске асырудың түрлі кезеңдерінде жобаларға жұмысшылардың түрлі саны тартылады. 50 мегаваттық күн жел станциясы жобасының салынуы кезінде жобаны іске асыруға 300-ге дейін құрылысшы тартылатын болады. Ал жоба салынып біткен соң ондағы қызметкерлер саны 10-нан 30-ға дейін болады. Құрылыс кезінде жұмыс істейтін осы 300 құрылысшының басым бөлігі — қазақстандықтар. Жоба пайдалануға берілген соң осы адамдар күзетке, нысанды сүйемелдеуге тартылады, нақты айтқанда, жақын маңдағы кенттердің жергілікті тұрғындары тартылады. Бұлар ірі қалалардан алшақ жатқан өңірлер болғандықтан, бұл жерлерде құрылатын әрбір жұмыс орнының маңызы зор», — деді А. Соспанова.

Тағы бір әлеуметтік тиімділігі — өңірлерге салық түседі. Себебі осы өңірде құрылатын әрбір кәсіпорын осы жердегі кәсіпорынды тіркейтін болады, өйткені жер телімі бөлініп, жоба іске асырылады. Олар нақты осы өңірге салық түсіреді. Бұдан өзге, көптеген жобалар әлеуметтік-корпоративтік жауапкершілігі бойынша – қандай да бір жолдарды, кірме жолдарды салу, елді мекен көшелерін жарықтандыру, балалар алаңдары мен спорт алаңдарын салу бойынша міндеттемелер алады. Осы елді мекенге бұл жобаның қандай пайдасы болатыны туралы қоғамдық тыңдаулар кезінде талқыланады, барлық жобалар қоғамдық тыңдаулардан өткізілуі тиіс. 

«Тағы бір маңыздысы, осындай әрбір елді мекенде мектептер, балалар бар, олар электр станцияларының мысалында оның мән-маңызын түсіне бастайды. Мүмкін осындай жобалардың арқасында көптеген оқушылар энергетика саласына қызығушылық танытып, инженерияға бет бұрып, жақсы электр энергетик болып, кейіннен өмір жолдарын осы станцияларда жалғастыратын болады. Ең жақсы тиімділігі де осы — біздің болашағымызбен байланысты болуы», — деді ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу