Су ресурстарын цифрландыру және ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдар басшылары баяндама жасады. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев су ресурстарын үнемдеу, ауыл шаруашылығы, көлік, қаржы және тағы да басқа салаларға қатысты жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіге ерекше мән берді. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бойынша Су ресурстарының ұлттық цифрлық жүйесі әзірленді. Өтінім беруден бастап су ақысын төлеуге дейінгі процесс толық автоматтандырылған. 5 су қоймасының цифрлық сыңары әзірленді. 2027 жылдың соңына дейін барлық су қоймасын қамтуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылы Smart Data Agro-ны іске қосу және Smart Farm технологияларын енгізу жоспарланған. Smart Agro Platform бірыңғай цифрлық экожүйесін іске қосу көзделген. Көлік саласын цифрландырудағы мақсатымыз – ішкі және халықаралық тасымалда қағаз құжаттардан толық бас тарту. Электрондық рұқсаттар мен жүкқұжаттар бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірқатар елмен пилоттық жобалар қазірдің өзінде жүргізілуде», — деді ол.

Оның айтуынша, қаржы саласында негізгі төрт цифрлық жүйені жаңғырту көзделген. Бұл мемлекеттік қаржыны жоспарлауды, бюджетті атқаруды, есеп және аудитті бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіруге жол ашады. Жасанды интеллект бюджет қаражатын негізсіз және тиімсіз жұмсаудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Астанада енгізілген шешімдер негізінде қалалардың цифрлық сыңары жасалып жатыр. Елордада цифрлық сыңардың келесідей компоненттері енгізілген:

  • жолдар мен инфрақұрылымның цифрлық картасы,
  • интеллектуалды бейнебақылау,
  • коммуналдық желілердің жай-күйін бақылау,
  • көлік ағындарын басқару,
  • жасанды интеллект негізіндегі талдау.

Қазір осы шешімдер басқа қалаларда да енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа алғашқылардың бірі болып Алматы қосылды. Сонымен қатар Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында жұмыс жүргізілуде. Бұл апат қаупін алдын ала анықтауға және көлік ағындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қауіпсіздік пен қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға көмектеседі.

«Тағы бір басымдық – халықтық цифрлық экономиканы дамыту. Бүгінде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам қазақстандыққа табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Ендігі қадам – осы мүмкіндіктерді ауыл тұрғындарына да қолжетімді ету. Бұл үшін байланыс инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамуда.

Сонымен қатар жұмыс келесі бағыттарда жүргізіледі. Бірінші. Ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосып, өнім өткізу нарығын кеңейту. Екінші. Тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерінің желісін дамыту. Тауарларды шалғай ауылдарға да жеткізуді ұйымдастыру. Үшінші. Халықты электрондық коммерцияға, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануға оқыту. Осы бағыттарда пилоттық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыспен қамтуға және халық табысын өсіруге қосымша мүмкіндіктер ашады», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.

Оның айтуынша, халықты электрондық коммерцияға оқытуды жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен байланыстыру маңызды. Ол үшін Upskilling платформасын іске қосуды жоспарлануда. Оны жұмыспен қамту платформаларымен интеграциялау көзделген. Негізгі міндеті – қайта даярлау және жұмысқа орналасуға көмектесу. Бастаманы жүзеге асыру үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған қызмет түрлерінің тізбесіне 13 цифрлық бағытты қосу қажет.

«Мемлекет басшысы Жолдауда токенизацияны дамытуды ұсынды. Мақсат – азаматтарға компаниялардың ортақ меншік иесі болуға, ал бизнеске капиталды тікелей тартуға мүмкіндік беру. Бүгінде бұл жұмыс үш реттеу режимі аясында жүріп жатыр: ұлттық, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City. Токенизацияны дамыту аясында жобаларды іске қосуды жеңілдету, олардың ауқымын кеңейту және үш юрисдикциядағы реттеуді үйлестіру көзделген», — деді ол.

#Жасанды интеллект #Мемлекет басшысының Жолдауы #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу