Жол жабынын салу және жөндеу жобалары аясында 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды — ҚР ИИДМ

ҚР Президенті Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – барлық көлік инфрақұрылымы жаңғыртылатын стратегиялық жоба. PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов жергілікті маңыздағы автожолдарды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

С. Бармақовтың айтуынша, Қазақстанда республикалық маңыздағыға қарағанда, жергілікті маңызы бар жолдар көп. Салыстыру үшін, республикалық маңызы бар жолдар — 24 мың шақырым, жергілікті маңызы бар жолдар — 72 мың шақырым.

«Екінші жыл қатарынан Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауының арқасында жергілікті маңызы бар автожолдарды қаржыландыру мәселесі көтерілді. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үшін 200 млрд теңге қаржы бөлінеді. Жыл сайын жөндеу жұмыстарымен 5 мың шақырымға жуық жол қамтылады», — деді С. Бармақов. 

Жалпы алғанда, өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, жергілікті желі жолдарын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарды. 151 жоба қолға алынып, іске қосылды: құрылыс бойынша – 7 жоба, реконструкциялау бойынша – 24, күрделі жөндеу бойынша – 20, орташа жөндеумен – 100. Жөндеу жұмыстары жалпы 156 млрд теңгеге 4,3 мың км жолды қамтыды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 68% құрады.

Биыл 348 жоба жүзеге асырылуда: құрылыс бойынша – 8 жоба, реконструкциялау бойынша – 25, күрделі жөндеумен – 60, орташа жөндеумен – 255. Жөндеу жұмыстары 4 617 км жергілікті жолдарды қамтыды.

ҚР ИИДМ мәліметтері бойынша, бұл 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және еліміздің әр өңірінде жол-құрылыс қуаттылықтарын іске қосуға мүмкіндік берді.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың көрсеткішін 71% дейін жеткізу көзделген.

Айта кету керек, «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев жол инфрақұрылымын дамытуға қосымша 350 млрд теңге бөлуді (7 жыл ішінде жыл сайын 50 млрд теңгеден) және 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті желі жолдарының көрсеткішін 95% дейін жеткізуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу