Тамара Дүйсенова: Әлеуметтік нысандар құрылысы Үкіметтің ерекше бақылауында

Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандар құрылысының барысы талқыланды. Жиынға тиісті ведомстволардың вице-министрлері, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары салынатын болады. 2023 жылы өңірлерде 85 медициналық мекеме қолданысқа берілді, оларды қажетті жабдықтармен қамтууға ерекше назар аударылды. Бұл туралы кеңесте денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. 2024 жылға жоспарланған нысандардың жобалары түгел дерлік сараптамаға жолданып, олардың 113 оң шешімін тапты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қалған нысандар бойынша сараптаманы ақпан айының соңына дейін жедел әрі сапалы қарастыру тапсырылды.

Білім саласындағы жаңа нысандардың құрылысы туралы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жеткізді. Былтыр 137 мың оқушыға арналған 165 білім ошағы пайдалануға беріліп, оқушылар игілігіне жарай бастады. Биыл елде тағы 300-ден аса білім ошағы, 4 сауықтыру және 10 қосымша білім беру орталығының құрылысы қолға алынбақ. 

Сондай-ақ жыл соңына дейін студенттер үшін 14 жаңа жатақхана салынып, тағы 4 жатақхана қайта жаңартылады. Нәтижесінде жоғары оқу орындары мен колледждерде тәлім алатындар үшін тағы қосымша 10 743 орын пайдалануға беріледі. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Есенқұловтың айтуынша, 2023 жылы жатақханаларды іске қосу жоспары толық көлемде орындалды: 12 жатақхана жаңғыртылып, тағы 17-сі жаңадан бой көтерді. 

Тамара Дүйсенова елдегі бала туу және мектепке баратын оқушылар санының өсуіне байланысты оқушы орындарын арттыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ вице-премьер студенттік жатақханалар құрылысын жоспарлау үшін қосымша есептеулер жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік органдарға барлық әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру мерзіміне қатысты нақты жоспар құруды да жүктеді.

«Жоспардың орындалуына қатысты нәтижелер апта сайын қарастырылатын болады. Онда бекітілген мерзімнің сақталуы мен құрылыс сапасына баса мән беріледі», — деп қорытындылады Тамара Дүйсенова.

#Білім беру #Денсаулық сақтау #Президенттің тапсырмасы #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу