Тамара Дүйсенова Атырау облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Атырау облысына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар өнеркәсіптік нысан жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясының өкілдерімен және «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесті.

Вице-премьерге «Еділ-Орал» оқу-өндірістік орталығының жұмысы баяндалды. Мұнда техникалық мамандық меңгерген түлектердің алған білімі мен құзіреттік деңгейі тексеріледі.  Барлық сынақтан өткеннен кейін оларға кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін сертификаттар беріледі. 

Орталықта электр, желдету жүйелері, механика мен кабель монтаждау, телекоммуникация салаларында сынаққа қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тамара Дүйсенова мұндай ұйымдардың сапалы кадр даярлаудағы маңыздылығын атап өтті.

Өңірде 7 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған «Дәулет» ірі индустриялды аймағы бар. Мұнда вице-премьер назарына ауыз су, макарон өнімдерін дайындауға бағытталған зауыттар жұмысы ұсынылды. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Өнімдер Атыраудан бөлек, еліміздің өзге өңірдеріне де жеткізіледі. Сонымен қатар аймақта қызметтік арнайы киімдер өндіретін тігін цехі жұмыс істейді. Келешекте әскерилерге қажет бронежилет шығаруды жоспарлап отыр.

Жұмыс сапары аясында Тамара Дүйсенова «Теңізшевройл» ЖШС басшылығымен кездесті.  Компанияның бас директоры Кевин Лайон атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған жобалар туралы айты. Өз кезегінде вице-премьер өндірістегі еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өңірде Теңіздегі «Келешек кеңею жобасының» аяқталуына байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылуы мәселесі өзекті. Облыс әкімдігі берген дерекке сай, былтыр жұмыстан босатылғандардың 96%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Жартысынан астамы жұмыспен қамтылса, өзгелеріне әлеуметтік төлемдер тағайындалып, бір бөлігі оқу курстарынан өтті.

«Жұмыссыз қалған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды міндет. Бұл ретте аймақ әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарға қатысты түрлі жобалар қарастырылған. Біліктілігін шыңдаймын дегендерге оқу курстары, өз кәсібін ашқысы келетіндерге жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Азаматтарымызды қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, ірі өндіріс ошағы жергілікті шаруашылықтар өнімдерін тұтынушысы да бола алады. Сондай-ақ кездесуде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Былтыр аймаққа жоба аясында 1,5 млрд теңгеге 192 шағын несие берілді. Биыл өңірге 761 млн теңге қарастырылған, оның аясында 83 азамат жеңілдетілген кредит алады деген жоспар бар.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі Тасқала ауылының тұрғыны Қуаныш Якудин аймақта алғаш болып, құлпынай егуді қолға алмақ.

«Мен кәсіп ашпас бұрын оқу курстарынан өттім. Құлпынай өсірудің өз ерекшеліктері бар. Сондықтан оның екі түрін егіп көрмекпін. Қайсысы жақсы өнім беретінін бақылауым керек», — деп Қуаныш Якудин жоспарымен бөлісті.

Бүгінде аймақта 51 жылыжай бар, дегенмен олардың көбінде көкөніс өсіріледі.  Тамара Дүйсенова Тасқала тұрғынының бастамасына оң баға беріп, сәттілік тіледі.

#Жұмыс сапары #Жұмыспен қамту #Жұмысқа орналастыру #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу