Тамара Дүйсенова мектептер құрылысы туралы: Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына басымдық берілуі керек

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Оған Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ облыстық әкімдіктердің өкілдері қатысты. 

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан аталған мәселе бойынша қазіргі ахуал жөнінде баяндады. Оның сөзінше, 16 желтоқсанға дейін 13 мектеп ашу жоспарлануда. Осылайша жыл басынан бері қолданысқа берілген орта білім беру мекемелерінің саны 109-ға жетеді. Нысандар 95 344 орынға шақталған. Жыл соңына дейін тағы 45 мектеп есігін ашпақ. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды нысандар мәселесін шешеді.

Атап өтерлігі, мектептердің құрылысы әр түрлі көздерден қаржыландырылуда. Мысалы, биыл 43 нысанға жеке инвестициялар тартылды, ал білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры 18 ғимараттың құрылысына қаржы бөлді.

«Қолданысқа беру мерзімін ойлап, құрылыс сапасын ұмыт қалдыруға болмайды. Бұл маңызы аса жоғары мәселе. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына басымдық берілуі керек. Оқу-ағарту министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге бұл процесті ұдайы бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Балалардың жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар қолға алынған. Ел Президенті балаларға арналған 50 сауықтыру лагері мен 100 қосымша білім беру орталықтарын салуды тапсырған болатын. Вице-министр Еділ Оспанның сөзінше, аймақтармен бірлесе отырып, орталықтар мен лагерлер құрылысы жөнінде жұмыс жоспары құрылды. Биыл бірнеше нысан қолданысқа берілді.

«Жаңа сауықтыру лагерлерді салумен қатар, қолданыстағы нысандардың жұмысына назар аудару керек. Мазмұндық жағына зер салуымыз қажет. Балалардың уақыты бос өтпеуі керек. Лагерь демалысында толыққанды сауықтыру және дамыту бағдарламаларының болуы шарт. Қосымша білім беру орталықтарына келсек, елімізде сәтті жүзеге асқан тәжірибелер бар. Бұл  тәжірибелер өзге де нысандарға таратылуы тиіс», — деп түйіндеді вице-премьер.

#Білім беру #Тамара Дүйсенова #Құрылыс

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу