«Тарифті инвестицияға айырбастау» кәріз құрылыстарын жаңғырту кезінде іске қосылады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында еліміздің кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында осы бағыттағы жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023-2028 жылдар аралығында кәріздік тазарту ғимарттарының құрылысы жүргізілетінін айтты.

Оның айтуныша, бүгінгі таңда республика бойынша 89 қаланың 27-сінде кәріздік тазарту ғимараттары жоқ, 41 қалада тозу деңгейі 60 %-дан жоғары. 3 қалада жобаларды іске асыру басталды, олар: Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалалары.

Келесі жылы Ақтау, Леңгір және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қарастырылған. Қалған қалалар бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қаржыландырудың екі тәсілі әзірленді:

  1. Халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қалада кәріздік тазарту ғимарттарының құрылысына қолданылады. 

  2. Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын жобаларға қатысты. 

Мемлекеттік кепілдікпен тартылатын халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаттары 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қаладағы жобаларды іске асыру үшін 403 млрд теңге шамасында қаражат қажет.

Қарыздарды қайтару екі көзден жоспарланған:

1) тариф;

2) республикалық және жергілікті бюджет субсидиялары. 

Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялар көлемі қарыз бойынша негізгі борыштың жалпы сомасынан аспайтын болады. Аталмыш тетік тарифтің кезең-кезеңмен өсуін қажет етеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының «Инвестицияның орнына тариф» жаңа тарифтік саясаты жөніндегі тапсырмасы шеңберінде пысықталып жатыр. 

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Жобалардың болжамдық құны шамамен 76 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте жобалардың түпкілікті құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін айқындалады. 

«Қалалардағы экологиялық жағдайды ескере отырып, іске асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздері бойынша кәріздік тазарту ғимараттары жобаларының тізбесі қалыптастырылды», — деді министр.

1-кезеңде (2023-2026 жылдары) 17 жоба жоспарланған, оның ішінде 12 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары есебінен және 5 жоба республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен;

2-кезең (2024-2027 жылдары) – 26 жоба, оның ішінде 8 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары есебінен және 18 жоба республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен; 

3-кезең (2025-2028 жылдары) – 19 жоба, оның ішінде 6 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары есебінен және 13 жоба республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің мәлімдеуінше, қаржыландыруды ұсыну бойынша белсенді жұмысты Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкі жүргізіп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі кәріздік тазарту ғимараттары жобаларын уақытылы жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр:

- кәріздік тазарту ғимараттары жобаларын іске асыру тетіктері «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында» қарастырылған;

- Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, «Мемлекеттік кепілдікпен су арналарына халықаралық қаржы ұйымдарының қарызы» тетігі бойынша жол картасы бекітілді;

- кәріздік тазарту ғимараттарын салу, реконструкциялау, жаңғырту жобаларын іріктеу әдістемесі бекітілді;

- Табиғи монополиялар субъектілерінің шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленді, осы жылдың қазан айында нормативтік құқықтық актінің жобасын республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады;

- биылғы 9 желтоқсанда халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының отырысында Еуропа қайта құру және даму банкінің 5 жобасын қолдау үшін техникалық шот қаражатын бөлу мақұлданды.

«Аталған бағытта бүгінгі күні Жамбыл, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының әкімдіктерімен белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді», — деді министр. 

Оның айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп, жобаларды дайындау мәселелері пысықталды, Тараз және Ақтөбе қалалары бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеу үшін гранттар бөлді. Жергілікті жерлердегі кәріздік тазарту ғимараттарының қазіргі қиын жағдайына қарамастан, қалған облыстардың әкімдіктері осы бағытта жұмысты жеткілікті деңгейде жүргізіп жатқан жоқ. 

Заңнамада қарастырылған мемлекеттік кепілдік алу, бюджеттік қаржыландыру рәсімдерін, халықаралық қаржы ұйымдарының қағидалары бойынша сатып алу ережелерін ескере отырып, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері:

- 2023 жылғы 6 қаңтарға дейінгі мерзімде халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізуі;

- 2023 жылғы 10 қаңтарға дейін әрбір қала бөлінісінде кәріздік-тазарту ғимараттары жобаларын дайындау жөніндегі жол карталарын әзірлеуі және бекітуі;

- 2023 жылғы 15 қаңтарға дейін 1-кезеңдегі жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамымен келісуі;

- 2023 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде республикалық бюджет есебінен іске асырылатын 1-кезеңдегі жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауы;

- 2023 жылғы 1 шілдеге дейін халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаты есебінен іске асырылатын 1-кезеңдегі жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуді аяқтауы тиіс.

«Аталған Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде орындау бойынша министрлік тарапынан барлық қажетті шаралар мерзімінде қабылданатын болады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Әрі қарай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндама жасады.

Оның айтуынша, Алматы облысы бойынша  4 қала және 25 ауылдық елді-мекен су бұру жүйесімен қамтылған. Орталықтандырылған су бұру жүйесіне 489 мың адам қосылған.

Кәріз желілерінің ұзындығы – 714 шақырым, желілердің тозуы 70%-дан асады. Кәріз-тазарту құрылыстары 3 қалада және 9 ауылдық елді мекенде бар.  Тозуы 80%-дан астам.

Кәріз-тазарту құрылыстарын қайта құру және құрылысы бойынша жаңа жобалар үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге мораторийдің күші жойылуына байланысты осы нысандарға жаңғырту мен құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары қайта жандандырылады.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл саладағы өзекті және күрделі мәселелердің бірі – Қонаев қаласының  кәріз-тазарту құрылыстары. 1968 жылы пайдалануға берілген, 90%-дан астам тозған. Кәріз желілерінің ұзындығы – 172 шақырым, желілердің тозуы 80%-дан асады.

Бұл мәселені шешу үшін қаржыландырудың баламалы көздері талданды, оның ішінде.:

1) Еуропалық қайта құру және даму банкі  немесе Азия даму банкі  ретінде халықаралық қаржы ұйымдары арқылы;

2) Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде жүзеге асырылады.

«Іс жүзінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту – ұзақ рәсім және мәселені шешу орта есеппен 4-5 жылға созылуы мүмкін», — деді Алматы облысының әкімі.

Оның айтуынша, төтенше жағдай режимінде кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялаудың бұл мәселесі тез шешуді талап етуіне байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2 жыл ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

«Бұл бағыттағы жұмыс – тұрақты бақылауда», — деді Марат Сұлтанғазиев. 

Одан кейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елордада жалғыз кәріз тазарту қондырғысы жұмыс істейді. Оның жобалық қуаттылығы – тәулігіне  254 мың текше метр, нақты жүктемесі бүгінгі күні тәулігіне 260 мың текше метрден астып отыр (бұл тәулігіне нормадан 6 мың текше метрге артық).

«Халық санының өсу қарқынын, сондай-ақ құрылыстың жоғары қарқынын ескере отырып, елордаға қосымша сумен жабдықтау қуаты қажет», — деді қала әкімі.

Қаланы таза судың тиісті мөлшерімен қамтамасыз ету үшін өнімділігі тәулігіне 105 мың текше метрді құрайтын үшінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаны келесі жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарланып отыр.

Жаңа сорғы-сүзгі станциясы пайдалануға берілгеннен кейін, қазіргі кәріз-тазарту қондырғысына жүктеме де бірнеше есе артады. Қосымша пайда болатын кәріз ағындарын толыққанды тазарту мақсатында екінші кәріз-тазарту қондырғысының құрылысы жобалануда.

«Жобалық сметалық құжаттама мен техника-экономикалық негіздеме қаралуда, сараптаманы алу 2023 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Осыдан кейін екі жылдың көлемінде аталған жобаларды аяқтау қажет. Тиісті жұмыс орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде», — деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу