«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 2029 жылға дейін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді

AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ҚР Президентінің 2019-2022 жылдарға арналған жолдауларын іске асыру шеңберінде энергетиканы дамыту және ТКШ саласын жаңғырту жөніндегі шаралар туралы айтты.

Премьер-Министр «Сарыарқа» газ құбырын салудың бірінші кезеңі аяқталып, 170-тен астам елді мекен табиғи газға қол жеткізгенін атап өтті.

«Газ саласында жылына қосымша 4 млрд текше метрге дейін газды, оның ішінде газ кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданды. Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Жоба 2025 жылы аяқталады», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, заңнама деңгейінде мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Енді мұнай өндіруші ұйымдар мұнайды Мұнай өңдеу зауыттарына өңдеу үшін өздері жеткізе алады.

Сонымен қатар биыл қуаты 700 МВт-тан асатын электр стансаларды жаңғырту аяқталады. Оның ішінде, қуаты 500 МВт болатын Екібастұз 1-МАЭС-тің бірінші энергия блогын қалпына келтіру жөніндегі ауқымды жоба аяқталады.

Сондай-ақ 2-ні кеңейту және 3-МАЭС-ті салу жобалары іске асырыла бастады. Оған қоса, ағымдағы жылы жалпы қуаты 126 МВт болатын 7 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылуда.

Үкімет басшысы сондай-ақ республикада 2029 жылға дейін коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік беретін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру басталғанын атап өтті.

«Жаңа тарифтік саясат тарифті қалыптастырудағы бүкіл процестің ашықтығы, есептілігі және жариялығы қағидаттарына негізделеді», — деді ол.

Оның айтуынша, бағдарлама 62 мың км инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартуға, сондай-ақ 25 мың км иесіз желілерді балансқа қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тұрғын үй кешені саласындағы 200 мыңнан астам жұмысшылардың жалақысы қазіргі 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін артады.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #ТКШ #Энергетика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу