Тауардың шығу тегін растайтын жеңілдетілген режим екі жылға ұзартылды

2023 жылғы 20 қазанда ЕЭК Кеңесінің онлайн режимінде өткен отырысында бірқатар рәсімдік құжаттар қаралып, шешімдер қабылданды. Қазақстан тарапын вице-премьер Серік Жұманғарин таныстырды.

Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда туралы келісімдері бар елдерден әкелінетін тауарлардың шығу тегін құжаттамалық растаудың жеңілдетілген рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұған дейін аталған мүмкіндік ЕАЭО құқығында 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін қарастырылған болатын. Енді тағы екі жылға ұзартылды.

Бизнес тарифтік преференцияларды алу үшін түпнұсқаның орнына тауардың шығу тегі туралы сертификатының көшірмесін ұсыну арқылы тауарларының шығу тегін растай алады. Дегенмен, бизнес құжаттың түпнұсқасын тапсыру талабынан босатылмайды, тек алты айға кейінге қалдырылады.

Сонымен қатар бірқатар құжаттарға: Кеден одағының «Шағын көлемді кемелердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне осы құжаттың таралу аясын нақтылау бөлігінде және медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соңғы құжатта 5 жылдан астам уақыт бұрын тіркелген дәрілік препараттардың мерзімсіз тіркеу куәліктерін беру ережесі түзетілді.

ЕЭК шешімдеріне қатысты нақты әсерді бағалауды (НӘБ) жүргізу және ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттарға қатысты реттеуші әсерді бағалау жүргізу тәртібі мақұлданған. НӘБ тиісті шешім күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң өткізілетін болады.

Процестің өзі екі кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – ағымдағы бағалау. Бұл – тараптардың бизнес-қауымдастықтар өкілдерімен және шаруашылық жүргізуші субъектілерімен жария кеңестер өткізіп, олардың қорытындыларын шығаруы. Уақыт бойынша бірінші кезеңге 90 күннен аспайтын мерзім қарастырылған: 60 күн – жария кеңестер үшін, 30 күн – келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды жинақтау үшін.

Екінші кезең – қорытынды бағалау. Бұл нақты әсерді бағалау туралы қорытындының өзін дайындау. Ол үшін 30 күнтізбелік күннен артық емес уақыт қажет.

 

Сондай-ақ ЕЭК Кеңесінде кедендік, Техникалық реттеу, қызметтер көрсету, ақпараттық өзара іс-қимыл және басқа салалардағы экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар мәселелер қаралды және қабылданды.

#ЕАЭО #Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу