Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы іске асырылуда – ҚР Ұлттық банкі

12 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.  

Оның айтуынша, 2022 жылы Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған күтпеген өзгерістермен аса жоғары белгісіздік жағдайында дамыды. Энергия, азық-түлік пен шикізат тауарларының әлемдік бағасы айтарлықтай өсіп, тауар жеткізу жолдарының бұзылуы инфляциялық процестерді күшейте түсті.

Инфляциялық қысымның өсуі әлемдегі орталық банктердің ақша-кредит талаптарын тез әрі синхронды түрде күшейтті. АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің мөлшерлемені агрессивті түрде көтеруі дамушы елдердің валюталарына қысым жасап, доллардың соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін нығаюына алып келді.

2022 жылы күтпеген өзгерістердің бұрын-соңды болмаған сипатына қарамастан Ұлттық банк келесі нәтижелерге қол жеткізді:

  1. Қаржы жүйесiн тұрақсыздандырудың алдын алу. Ұлттық банк қабылдаған жедел шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.
  2. Биыл қазан айында депозиттер ең жоғары тарихи деңгейге, яғни 30,0 трлн теңгеге жетіп, теңгедегі активтерге деген сенім артты.
  3. Валюта нарығының теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Нарықтағы сұраныс пен ұсынысты нарық қатысушылары айқындайды.
  4. Дамушы нарықтардан капиталдың айтарлықтай әкетілуіне қарамастан, Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің ұзақ мерзімді кірістілігі оң аймақта сақталуда.
  5. Халықтың бөлшек төлемдеріне қызмет көрсету үшін Ұлттық төлем жүйесі іске қосылып, нақты қатысушылармен цифрлық теңгенің технологиялық платформасы тестілеуден сәтті өтті.

«Күтпеген геосаяси өзгерістердің орын алуына байланысты Қазақстанда инфляция қарқын алды. Биыл қараша айында жылдық инфляция 19,6%-ға жетті. 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға үлкен үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 18,6%-ға жетті, ақылы қызмет көрсету бағасы 14,1%-ға өсті», — деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы.

Инфляцияның республикалық деңгейден жоғары өсуі Маңғыстау облысында, Астана қаласында, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарында тіркелді. Инфляцияның өсуі сыртқы инфляциялық қысымның артуы тауарларды логистикалық жеткізу жолдарын қайта құру, рекордтық инфляциялық күтулер, сұранысты фискалдық ынталандыру және кредиттеудің ұлғаюы аясында жалғасуда.

Жыл соңына дейін инфляция 20-21%-ға дейін көтеріліп, 2023 жылдың 1-тоқсанында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырып отыр. Қабылданған шаралардың әсер ету шамасын және инфляциялық қысымның жеңілдеуіне қарай нақты мөлшерлеменің өсуін ескере отырып, 2023 жылы инфляцияның 11-13%-ға дейін төмендейтіні болжануда.

Базалық мөлшерлеме халықтың теңгедегі салымдарына арналған шекті мөлшерлемелерін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының көтеруімен қатар жүрді.

Сонымен қатар Үкіметпен бірлесіп теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламада жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) есептеу көзделеді. Жыл басында теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік берілген өтеудің ең жоғары мөлшері 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Қабылданған шаралар теңгедегі халық депозиттерінің қысқаруына жол бермеуге, екінші деңгейлі банктерді қорландыру базасын тұрақтандыруға, депозиттерді долларландыруды ақпан айындағы 38,4%-дан қазан айында 35,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Теңгедегі активтерге деген сенімді арттыру арқылы халықтың тұтынудан жинақтау әрекетіне көшуін ынталандырады, бұл инфляциялық қысымды төмендетуге септігін тигізеді.

Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз жағдайлар ұлттық валютаның динамикасына әсер етті. Наурыз айында ұлттық валютаның долларға шаққанда 512,17 теңгеге дейін рекордтық әлсіреуінен кейін, мамыр айында теңге бағамы $1 үшін 414,79 теңгеге дейін нығайды.

Валюта нарығының теңгерімділігін жақсартуға бағамның екіжақты құбылмалылығына жол беру, валюталық сауданың нарықтық қағидаттарын одан әрі кеңейту арқылы Ұлттық банктің валюта саясатын өзгерту есебінен қол жеткізілді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $4,8 млрд-ты құраған валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін $3,9 млрд мөлшерінде валютаны сату, Ұлттық банктің $1,4 млрд көлеміндегі валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті.

АҚШ Федералды резервтік жүйесі ақша-кредит саясатының агрессивті қатаңдауы себебінен АҚШ долларының жаһандық нығаюы дамушы елдердің әрі дамыған елдердің валюталарына теріс әсер етеді. Доллардың DXY индексі жыл басынан бері 9,5%-ға нығайды.

Ғалымжан Пірматов шикізат бағасының жоғары болуына байланысты 2022 жылы төлем балансының ағымдағы шотының профицит аймағына өтетіні және мұнайдың, металдың, уран мен астықтың әлемдік бағасы жоғары болғандықтан тауарлар экспортының өсуі есебінен сол аймақта сақталатыны күтілетінін атап өтті. 2023 жылы ағымдағы шот профицитінің $1,9 млрд деңгейінде, ал 2024 жылы $1,2 млрд деңгейінде болады деп күтілуде.

Тауар импорты жоғары сұраныс пен фискалдық шығыстар аясында жоғары деңгейде қалады. 2023-2024 жылдары тауар импорты 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайып, рекордтық тарихи мәннен асып түседі, профициттің болжамды қысқаруы импортқа деген сұраныстың тұрақты өсуіне байланысты болады.

Биыл 1 желтоқсанда жалпы халықаралық резервтер $89,7 млрд болды.

2022 жылы алтын бағасының төмендеуіне, мемлекеттік қарыздың төленуіне сондай-ақ биылғы бірінші тоқсанда валюталық интервенциялардың жүргізілуіне байланысты алтын-валюта резервтері $467 млн-ға төмендеді.

Мұнай бағасының қалпына келуіне және тиісінше 6,0 трлн теңге мөлшеріндегі жоғары түсімдерге, оның ішінде $9,8 млрд көлеміндегі шетел валютасындағы түсімдерге байланысты Ұлттық қордың активтері $55,8 млрд-ға дейін ұлғайды.

Қаржы нарығындағы құлдырауға қарамастан, Ұлттық қор құрылғаннан бергі кірістілігі жылдық мәнде 3,08% болды.

«Зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,3 трлн теңгеге немесе 10,3%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша 14,4 трлн теңге болды. Жыл басынан бері инвестициялық кіріс көлемі 806 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 1,5 трлн теңге, зейнетақы төлемдері – 240 млрд теңге болды», — деді Ұлттық банк төрағасы өз баяндамасында. 

2022 жылы зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу және жеке басқаруға беру мақсатында мерзімінен бұрын алуға 881 млрд теңге сомасына 865 мыңнан астам өтінім орындалды.

Жағымсыз макроэкономикалық жағдайға қарамастан, зейнетақы активтерінің кірістілігі 2022 жылдың басынан бастап 5,8%-ды құрады. Бұл ретте соңғы бес жылда жинақталған кірістілік инфляция деңгейінен асады.

Ұлттық банк алдағы 2023 жылға мынадай міндеттер қояды:

1. Инфляцияны тұрақтандыру.

Қабылданған ақша-кредит саясаты шаралары есебінен инфляция 11-13%-ға дейін төмендейді деп болжанады. Үкіметпен бірге жүйелі шаралар кешенін жалғастыра отырып, инфляцияға қарсы саясатты жалғастыру маңызды. Осы тұрғыда азық-түлік нарықтарының теңгерімді дамуына, тауарларды жеткізу жолдарын тиімді қайта бағдарлауды қолдауға ерекше назар аудару ұсынылады. Бұл шаралар ішкі бағаларды сыртқы жағдайларға бейімдеу процесінің жеңіл өтуіне мүмкіндік береді.

2. Валюта саясаты және төлем балансы

Валюта нарығының тиімділігін арттыруға, экономикадағы дисбаланстың жинақталмауына және халықаралық резервтердің сақталуына ықпал ететін икемді бағам белгілеу режимін іске асыру жалғасады. Төлем балансының және жалпы экономиканың сыртқы шоктарға осалдығын қосылған құны жоғары тауарлардың ішкі өндірісін дамыту есебінен ғана төмендетуге болады.

3. Бағалы қағаздар нарығын дамыту

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық салымшыларға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке компанияларды басқаруға беру құқығын тапсыру бойынша шаралар қабылданады. Бұл шаралар салымшыларға олардың тәуекел мен кірістілік өлшемдеріне жауап беретін инвестициялық стратегияларды таңдау құқығын қолдануға мүмкіндік береді, зейнетақы активтерін басқару қызметтері нарығында монополияландыруға жол бермейді және жалпы алғанда жергілікті бағалы қағаздар нарығында оң әсерін тигізеді.

Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы активтерді бәсекелестік ортаға кезең-кезеңімен беру бойынша іс-шаралар қосымша жүзеге асырылады. Бұл бәсекелес ортаны қалыптастыру үшін жағдайды жақсартады, ол бағалы қағаздардың ішкі нарығына оң әсер етіп, оның өтімділігі мен тиімділігін арттырады, оның ішінде институционалдық сұранысты арттыру есебінен экономика үшін қорландыру базасын кеңейтуге ықпал етеді.

4. Төлем жүйесі мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту

Қабылданған жүйелі мемлекеттік шаралар мен қаржылық қызметтерді белсенді цифрландырудың нәтижесінде соңғы 5 жылда халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 37 есе өсті. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау желісі айтарлықтай кеңейді – 2022 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдайтын кәсіпкерлер саны 508,5 мыңға дейін 2,1 еседен аса өсті.

Ұлттық банк банкаралық комиссияларды оңтайландыру үшін Халықаралық төлем жүйесімен 2025 жылға дейін банкаралық комиссияларды 2 есеге кезең-кезеңмен төмендету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Ұлттық төлем жүйесінің сервистерін масштабтау, биометриялық сәйкестендіру инфрақұрылымын жаңғырту, Open API және Open Banking ашық стандарттарын енгізу жұмыстары жалғасады, бұл азаматтар мен бизнес үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ғалымжан Пірматовтың хабарлауынша, «Цифрлық Теңге» жобасы бойынша 2022 жылғы қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасын тестілеу сәтті өтті. Пилоттық жоба аясында нақты тұтынушылар мен сауда-сервистік кәсіпорындар қаржы нарығына қатысушылардың қосымшаларын пайдалана отырып, цифрлық теңгемен 3 500-ден астам транзакцияны жүзеге асыра алды.

Халық арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша, респонденттердің 60%-дан астамы цифрлық теңгені пайдалануға дайын.

2022 жылғы 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде жан-жақты зерттеу нәтижелері мен ұлттық цифрлық валютаны ендіру қажеттілігі туралы ұсынылатын қорытынды шешім берілген баяндама жарияланады.

«Оң шешім болған жағдайда 2023 жылдың 4 тоқсанында әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алу сценарийлері үшін цифрлық теңгені өнеркәсіптік қолдану ұсынылады», — деді Ғ. Пірматов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу