Тығыздық, қабаты, сапалы көгалдандыру. Қазақстанда бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселесі қаралды. Тақырып бойынша өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков баяндама жасады.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тұрғындардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасау туралы тапсырмасына сәйкес 2022 жылы министрлік «Қала құрылысын кешенді дамыту стандарты» әдістемелік құжатын әзірледі. Стандарт – жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді құру бойынша нұсқаулы. Құжат барлық жергілікті атқарушы органға қалалық аумақтарды дамыту мен ұйымдастыруды егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуге басшылық жасау үшін жіберілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары елді мекеннің бас жоспары негізінде әзірленуі тиіс. Алайда әкімдіктер өрескел заң бұзушылықтарға жол беріп отыр. Осындай бұзушылықтардың арасында бас жоспардан ауытқу бар егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын түзету, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларынан ауытқу бар бастапқы материалдарды беру, функционалдық аумақта және қоғамдық орындар аумақтарында, соның ішінде, саябақтарда, гүлзарларда, аллеяларда, спорт және балалар ойын алаңдарында көп қабатты тұрғын үй кешендерін салу, сондай-ақ ықшам аудандар мен шағын аудандардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен және абаттандырумен қамтамасыз етілмеуі бар.

Мысалы, Түркістан қаласының бас жоспарында саябақтарды, гүлзарларды, аллеяларды және ашық алаңдарды салу жоспарланған демалыс аймақтарында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен тұрғын үй және сауда кәсіпорындарын салу көзделген. Сол сияқты Семей қаласының орман саябақтары аумағында көп қабатты тұрғын үй құрылысы, білім беру объектілері және қоғамдық-іскерлік мекемелер қарастырылған.

«Мұндай ауытқулардың алдын алу үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы енгізілді. Бұл қала құрылысын жоспарлау кезеңінде сәулет-құрылыс нормаларынан ауытқуларды болдырмауға, оны бекіткенге дейін бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік береді», — деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Сондай-ақ қалаларды абаттандыру мақсатында Жол картасының типтік нысаны әзірленіп, әкімдіктерге бекітуге жіберілді. Өз кезегінде әкімдіктер бекітілген Жол карталарын Үкіметке 2023 жылғы қарашада және 2024 жылғы ақпанда енгізді.

Бүгінгі таңда өңірлерде абаттандыру бойынша іс-шараларды іске асыру жұмыстары басталды. Мысалы, Алматы облысында өткен жылы Қонаев, Есік, Талғар қалаларында балалар мен спорт алаңдарын жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді, футбол алаңы салынды, бір жарым мыңнан астам ағаш отырғызылды, бағаналар орнатылды және елуден астам көшеде жарық жүргізілді.

«Биыл барлық өңірде аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғастырылатын болады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыру жұмыстары жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүргізіледі. Министрлік тарапынан Жол карталарының орындалуын бақылау қамтамасыз етілетін болады», — деді вице-министр Азамат Бейісбеков.

#Жол карталары #Үкімет отырысы #ӨҚМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу